1925 жылдан 1937 жылға дейін қазақ, орыс, ұйғыр тілдеріндегі 66 кітапта авторлық құқығы сақталған Бейімбет Майлиннен көлемді де көрнекті көп мұра қалды. Қазір жинақтан-жинаққа ауысып жүрген жүзге тарта поэзиялық туындысы, қырықшақты көркем әңгімесі, танымал бірнеше повесі мен романы, он беске жуық пьесасы, екі жүзге жуық журналистік еңбегі белгілі. Ал белгісіздері қаншама?«Қазығұрт» баспасы шығарған көптомдық шығармалар жинағына кірмеген, кезінде қолға түспеген, іздеп таба алмаған, әлі де іздестіріліп келе жатқан еңбектері бар. Соның бірі – оқырман назарына ұсынылып отырған төмендегі әңгіме.
Бұл ретте Бейімбеттің кейіпкеріне – қазақтың Шапайларына, кейіпкерінің атымен жарияланған шығармаларына назар аударған жөн.Біріншіден: «Шапай жылауда еді,Көз жасын көл қылып, бұлауда еді.Қайтсін, шерлі ғой, Тұрмысы бұғауда еді.Әттең, жоқшылық!Әйтпесе, құл болып,Есікке тұрар ма еді?!» деп басталатын, 1925 жылы жарияланған «Шапай кәмсәмөл» өлеңінің бас тақырыбы болмаса, басқа жағынан төмендегі прозалық шығармасына ешбір сәйкес келмейді.
Екіншіден, жазушының 1928 жылы жазылған «Шапайдың хаты» деген әңгімесі бар. «...Көптен сақтаулы сыр еді. Ескірген бір жыр еді. Ел талқысына салып, әлеумет сынына берейін десем де, кезі келмей жүр еді. Бүгін Толқынай бәйбішенің қарғысын естіген соң, сыр ақтарылғалы отыр, жыр төгілгелі отыр..» деп басталатын осы әңгімесін оқырман жақсы білсе керек (Осындағы «Ескірген бір жыр еді» деген сөйлем кейбір басылымында «Ескірген бір жыл еді» деп қате жазылып жүргенін ескерткен жөн болар). Бұл әңгіме де, кейіпкерінің аттас екендігі болмаса, мазмұны жағынан біз ұсынып отырған шығармамен шендесе алмайды.
Үшіншіден, «Сойқанды содырлар» жинағында «Шапайұлы – шапалақ» деген оқшау сөзі бар. Бұл – коммуна мектебінің бастығы Шапайұлы деген азаматтың бала тәрбиесін шапалақпен жүзеге асырып келе жатқанын сынайтын туынды. Автор кейіпкерінің Жөке деген шын атын «Шапалақ» деп өзгерткен.
Сондай-ақ бізге Бейімбеттің көлемі 80 беттен асатын «Шапай кәмсәмөл» деген әңгімелер жинағы 1927 жылы Қызылорда қаласында араб қарпімен жарық көргені туралы тиянақтауды талап ететін дерек те белгілі. Жазушының бұл жинағы әлі іздестірілу үстінде. Осыған негіздеп, ұсынылмақ шығарманы шамамен жиырмасыншы жылдары жазылған деуге болады.
«Шапай кәмсәмөл» – Бейімбет Майлиннің басқа шығармаларын қайталамайтын, бұған дейін белгісіз болып келген, оқырман назарынан тыс қалған жаңа прозалық еңбегі. Ізбен-ізі белгілі болса да, көзге көрінбей келе жатқан шығармасы еді. Сол әңгімені тауып, бүгінгі қаріпке түсіріп, Бейімбет Майлиннің еңбегі сіңген «Еңбекші қазақтың» жалғасы «Egemen Qazaqstan» газеті оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.
ШАПАЙ КӘМСӘМӨЛ
І
Аласа бойлы келген адырақ көзді қара бала, мұрнын қос-қостан тартып, ауылдың шеткі жағына қарай жүгіріп келеді. Екі жеңі қазанның күйесіндей қап-қара жыртық, тізесінен келер-келмес қысқа ала күпісі бар; тұмсығы қайқиған жыртық етігі тырпылдап шаңды бұрқыратып келеді.
Ауылдың күн батыс жағындағы қырман тақырында 4-5 бала доп ойнап жатыр еді: бұ да соған келіп қосылды.
– Шапай, жақсы келдің, айдаушы бола ғой, – деп ұзын бойлы сары бала бұған әмір қылды.
– Ең әуелі қағысамыз, жеңілсем айдаушы болам,- деп Шапай қарысты. Шоқпар басты таяғын қолтығына қысып ыңғайлап алды. Басқа балалар да қағысуға қарсы болмай, кезекпен қаға бастады. Алды 4-5-ке шейін қақты. Шапай допты қолына ұстап тұрып, жауырынын бір-екі қимылдатып алып, шекіп келіп қалып еді, «бір-екі...» дей бергенде доп жерге түсіп кетті.
– Шапай айдаушы. Сорлы маңқау әлгіде шекіспей-ақ айдайтын адам ғой, – деп сары бала мысқылдады.Допты жерден алып ортаға келді де, – Атанбойын дұрыстап берейінші, – деп орданың қырына қойып пәрменімен ұрды. Доп зымырап әлдеқайда барып түсті.
Шапай сары балаға ала көзімен қарап тұрды да, таяғын иығына салып алып допқа қарай жөнелді.
Күзгі күн еді. Ауылдың бәрі де земленкесінде, күн бір-екі күннен бері ызғырықтау болып, бүгін азырақ жадыраған секілді болып еді. Ауыл адамдарының бәрі де боқырау жәрмеңкесіне кеткен. Шапайдың әкесі Ыбырай да бір ылау тары алып кетіп еді. Шапай әкесі қалаға кеткеннен бері қарай жолдан көзін айырмады. Жол бойында бір қара көрінсе, көк шолақты кіш-кіштеп әкесі келе жатқан сияқты болады. Әкесі келсе, базарлық әкеле ме деп дәмеленеді. Базарлықтан да зор дәмесі бар: күпісінің тысы жыртық, көйлегі қырық құрау жамау, аяғындағы етігі тіленшінің киетіні секілді көн шарық; Соның бәрін болмаса да, біреуін әкеле ме? Әкесі поселкеден келгенде де Шапай арбасына барып үңілетін. «Қарағым, мынаны саған әкелдім» деп қуантар ма екен дейтін.
Ауылдағы өзіндей балаларды алса, олардың киімі бүп-бүтін. Жыртылса, әкелері қаладан әкеліп береді. Басқа балалардың әкесіндей болмағанға Шапай Ыбырайға ашуланғысы келеді. Жек көрмекші болады. Бірақ әкесі отбасында отырып, «қарағым» деп Шапайды бауырына басса, маңдайынан сипап, бетінен сүйсе, көңіліндегі ашу тарқап кетеді. Бір ретте: «Басқа балалардың әкелері баласына киім әкеліп береді. Сен неге әкелмейсің?» деп Шапай әкесінен сұрағанда, әкесі қарқ-қарқ күліп:
– Алдымен байып алайық. Байып алсақ, саған киім алармыз. Өзім доға ішік алып киермін, – деп тәлкек қылған.Артынан маңдайынан сипап:
– Тірі болсаң, киім табылар. Алдымен өсіп, оқып, адам болуға тырыс, оқысаң, молда болып шықсаң, өз киіміңді өзің тауып киерсің... – деген.
Молда деген сөзді естісе Шапайдың ойына Қалабай түседі. Қалабай осы ауылдың жігіті, жылда медреседе оқиды. Жаз молдалыққа тұрады. Киімі әдемі, өзі сыпа, көзіне сүрме тартып төрт көзденіп жүргені. Шапай оның киімінің әдемілігіне қызықса да, көзге тартқан сүрмесін жақтырмайды. «Мен молда болсам, сүрме тартпас едім» деп ойлайды.
Қалабай сияқты молда болуды ойлағанда, Шапайдың ойына бір жағынан әжесі Ырымкүл түседі. Ырымкүл адуын, тентек кісі. Бірдемеге ашуланса, бірдемесі істелмей қалса, Ырымкүл үйінің ішін бір тарының қауызына сыйғызады.
Көбіне Шапайды төпеп сала береді. Әкесі Ыбырайды да зар қақтырады. «Молда болып шықсам да ұрар ма екен?» деп ойлайды.
Ерініңкіреп басып допқа жақындай бергенде, қара жолдың бойында ұзыннан шұбалған көп арбалы көрінді. «Базаршылар болмаса игі еді». Шапай аңырайып қарап тұр еді, кейінде тұрған балалар ду жүгірді: «базаршылар келе жатыр, әкем келе жатыр». Допты тастай беріп Шапай да жүгірді. Базаршылардың соңғы жағында жаман арбасы қисайып, көк атты сираққа ұра түсіп, Ыбырай да келе жатыр еді. Арсалаңдап жүгіріп алдынан шыққан Шапайды көрген соң Ыбырай атының басын тартып тоқтатты.
– Айналайын, денің сау ма? – деп Шапайды жанына отырғызып бетінен сүйді. Шапай әкесінің келгеніне, бетінен сүйгеніне тасып кетті. Көк аттың делбегесін қолға алып, кіш-кіштеп айдай бастады. Ептеп арбаның ішіне көз салады. Бірдеме айта ма екен деп әкесінің бетіне жаутаңдап қарай береді. Әкесі Шапайдың ойын сезді білем, жымиып күлді.
– Қарағым, саған шапан әкелдім, етіктік былғары әкелдім, – деді. Шапайдың төбесі көкке жеткендей болды.
Ырымкүл кешкі сиырын сауып болып, сүтін пісіріп жатыр еді. Байы базардан келген соң сүтін тастай беріп қарсы шықты.
– Аман-есен келдің бе?
– Келдім.
Жамаулы түйе жүн қаптың ішінде бірдеме бар секілді.
Ырымкүлдің көйлек-жаулығы тозып жүр еді. Жүрерде пәлен ал деп айта қойған жоқ еді. Бірақ өзі біліп бірдеме алар деген ойы бар еді. Үйге кіріп отырысымен Ырымкүл қапшыққа ынтықты:
– Бері әкелші, қарағым, әкеңнің әкелген базарлығын көрелік, – деді. Қапшықты ақтарғанда үш аршын шамасы төмен қол ала шүберек, етік бастайтын былғары және бір сиса шықты.
– Мыналары несі?.. Маған жаулық алмағаның ба? – Ырымкүл өкпелегендей болып байына қарады.
Ыбырай жайлаңқырап сөйледі:
– Саған көйлек алдым. Шапайжанның күпісі тозып жүрген соң тыс алдым, етігін бастайтын былғары алдым.
– Бұл қағынғырға несіне аласың, күн ұзаққа ойынмен болады. Бүгін бұзауды жамыратып жіберді. Мана желкесін үзетін едім, қолыма түспей кетті, – деді.
«Әже-ай, өне бойы ұрыса беретінің не?» дегендей қылып жәбірленген түрімен Шапай әкесіне қарады.
Ыбырай Шапайға киімді не себепті алғандығын ашып айтуға кірісті:
– Қалаға бара жатқанда қалпенің ауылына ат шалдырып едік. Қалабайға амандаса кетейік деп барсам, медресе толған адам, ішінде жап-жас балалар жүр. Көрген соң қызығып кеттім. Қалабайға жолығып, «Шапайды қалай оқытар екенмін» деп едім, «осында әкеліп таста, бір қоста 4 адамбыз; ортамызда жатып оқыр. Көр-жерге жұмсауымызға жақсы болсын деді. Соған беруге уағдаласып келдім, – деді.
Жұмсап отырған қолды-аяқтай баласын оқуға берем дегені Ырымкүлге онша ұнап кетпеді. Қабағын тыржитыңқырап, екі қолымен тізесін ұстап отырып: – Қай жөнді оқытушы еді, тамағын пісіруге малай қылайын деген ғой, – деді. Алдындағы тауарды артына қарай сырып қойып, әлденеге жұмсағандай: – әкең сені жарылқап келіпті ғой, бар, даладан ағаш алып кел, шай қояйық, – деді.
Әжесі қабағын ашып сөйлеген соң ырза болып кетті білем, Шапай тұра ағашқа жөнелді.
Ырымкүл баста ашулы сөздер айтса да, жатуға келгенде көңілденді. Ыбырай қалаға кеткелі ауылда болған өзгерісті қалдырмай айтып шықты. Ең арғысы Жамалдың күйеуі келгенін де айтты; Қыз көрсеткенде алған ақшаға таласып Дәрікүлмен сөзге келіп қалғанын да айтты:
– Байы ауылнай болмады – бәле болды; қит етсе, маған бер дейді де тұрады. Байымен екеуі-ақ жұртты жеп болатын шығар, – деді.
Ыбырай қатынының сырын білгендіктен пәлен деп қарсы айтқан жоқ, ұйқылы көзімен бірер есінеп, ұйқыға жұмды. Шапай ұйықтамады. Ала күпісін жамылып бүрісіп жатып ұзақ ойға кірді. Алдағы күндерді ойлады. Медресені дүниедегі ұжмақ секілді сыпаттады. Одан оқып шыққан адам молда болады. Молда болған соң елге сыйлы болады. Шапай молда болып шықса, әкесін де жұрт қадірлейді. Бұрынғыдай көрінген тәлкек қылып, иығына мінуді қояды. Ауылнай, биылғы үністіріктір келгенде кедей қылып көк атты ылауға тартып алып мінгізбейді... Жалғыз ағасы Қалтайды Ырақымның үйінің есігінен шығарып алып, өз үйінің жұмысын істейтін қылады. Қалтай үйленеді. Кемпір, шал төрге отырып келін жұмсап отырады. Шапай өзі бір байдың қызын отаулатып алады... Мешіт салдырып, молда болады. Жоқ, молда болмайды.Кәрім секілді орысша киім киіп төрелермен бірге жүреді...
Шапай ойлаумен жатып ұйықтап кетті.Ұйқысында, ойлағанның бәрін түсінде көрді...
ІІ
– Әне, мешіттің мұнарасы көрінді, – деді әкесі.
Сары обаның қырына шыққанда алдындағы аңғарда сорайған екі қара көрінді. Оның қомақтырағы поселкедегі шіркеу еді. Қылтиып көрінген жіңішкесі мешіт мұнарасы еді.
Күн батып барады. Ауыл үсті аспанға тізбектеліп ұшқан қалың түтін. Сиыр мөңіреп, қой маңырап, ауыл ішін азан-қазан қылып тұр.
Шапайлар ауылға жақындап бұрыла бергенде, басында қазандай сәлдесі бар біреу мешіт мұнарасына шығып азан шақырды.
Мөңіреген сиырға қосылып дауысы әлдеқайда кеткендей болды. Медресенің жанына тақалып келіп, Ыбырай атын тоқтатты.
Медресе маңы жыбырлаған адам, бірі кіріп, бірі шығып, қайнап жатыр. Екеу-екеу қатарласып, қолдарында құман, иықтарында сүлгі орамал бос салулы – дәретке шығып барады. Толып жатқан ұсақ балалар асыр салып ойнап жатыр екен, бала әкелген шалды көрген соң бәрі де ойындарын тастай беріп арбаға қарай жүгірісті. Ыбырай мен Шапайды ортаға қамап алды. Шапай ауылдан шыққанда медресені әлдеқандай болады деп қауіптеніп еді. Енді өзі сияқтанған қара домалақ балаларды... (осы тұс оқылмады – С.Б.)
...Үйдің әр жерінде кертелеп қойған сандық. Екеу-үшеуден сандықтың ара-арасында отырып, қолдарында құран, екі көздерін жұмып жіберіп әндетіп соғып отыр.
Ыбырай мен Шапай кірген күйі аңырайып тұрып қалды. Шеттен келген адамды көрген соң ың-жың болған дауыс бәсеңдеңкіреп, бәрі де осыларға қараған секілді болды. Самсаған көзден қаймыққандай Шапай әкесінің артына таман ығысып тұрды.
– Отағасы, бері жүріңіз, – деп арт жағынан Қалабай келіп өзінің қосына қарай бастады. Бөлменің бұрышы жағында екен.
Ашаң жүзді, қаба сақалды бір кісі жүресінен отырып, тәспиғын тартып отыр екен. Қалабайға сәлем берді.
– Бұл кісі Кетеген қалпе болады, – деп Қалабай онымен Ыбырайды таныстырды. Мәртебесі артық қалпенің әкесіне сәлем бергеніне Шапай көтеріліп қалғандай болды.
Үйдің іші қара көлеңке тартты, ың-жың болып отырған жұрт бәсеңсіп, екеу-екеу бас қосып, күбір сөзге кірді. Біреулер жазғы молдалыққа тұрғандағы көрген-білгенін айтып жатыр:
Дәрет алмай намаз оқығанын, байға өтірік шариғат соққанын, байдың қызын-келінін айналдырғанын айта бастады.
Ыбырай есітпеген адам секілденіп отырса да, шәкірттердің сөзін анық естіп отыр еді. Ол бұған нанарын-нанбасын да білмеді. «Кілең жас жігіттер ғой, көңіл көтеру үшін әшейін айтатын шығар» деп те ойлады. Бірақ шет кісі барында орынсыз сөзді айтқандарына кейіп кетті білем, «ой, ақымақтар, сабақтарыңды оқысаңдаршы, күнәға батып не керек» деп Кетеген қалпе жекірді.
Ертеңіне Ыбырай ауылына қайтты. Әкесін қимай, қалғысы келмеген секілденіп, Шапай арбаның жанынан шықпайды. Көз жанары жасқа толып, «мені әуре қылмай алып қайтсаң қайтеді?!» деп айта жаздады. Шапайдың қынжылып тұрғанын сезді білем, әкесі бауырына қысып, маңдайынан сүйіп, «қыс ортасында өзім келіп алып кетем. Әжең сәлемдеме жіберіп тұрар» деп арқасынан қақты. Әкесінің бауырына басып сүйгеніне Шапай елжіреп кетті, ыстық жас көзінен мөлдіреп аға бастады. Әкесінің де көңілі бұзылған секілденіп, атын дереу бұрып алып жөнелді. Көзден таса болғанша, Шапай жылаған күйі әкесін қараумен болды. Ойнап жүрген балалар Шапайдың жылап тұрғанын көріп жанына жиналды.
–Жылауық, жылауық, иттің... тырнауық, – деп біреуі мазақ қылды. Екінші біреуі жорта аяған болып: – Кет, ит, сен неге мазақ қыласың? Мен мұнымен дос боламын. Қане, дос, екеуміз бірігейік. Әжеңді сағынып тұрсың ба?.. Әлде, апаң бар ма еді, апаңды сағынып тұрсың ба?.. – деп қалжыңды мүлде үдетті. Шапай олардың сөзінің төркінін түсінген соң ашу аралас жасын тыйып, қайраттанып медресеге кірді. Қалабай көзіне сүрме тартып жатыр еді. Шапайды алдына тізерлендіріп отырғызып, істейтін жұмысын тапсырды: Шапай ет асуы керек, шай қоюы керек, дәретке су әзірлеп тұруы керек! Шапай үйде жүргенде әжесінің жұмсауымен көр-жерді істеп көрсе де, нақ өз бетінен ас пісіріп көрген жоқ еді. Әйтсе де істей алмаймын демеді, басын изеп, ризашылығын білдірді.
Медреседе бес қос шәкірт бар екен, оның бәрінде де тамақ істейтін балалар бар. Шапай соларға қосылып асханаға барды. Бір баланың жұмсауымен шелекпен су әкелді. Күл шығарды. От жақты. Қазан бұрқылдап қайнай бастаған соң нан илеуге кірісті. Өміріне нан илеп көрген жоқ еді, бұл Шапайға ауыр соқты. Бірақ мойынға алған соң істемей шарасы жоқ, ұнды елеп алып, шараға салып, үстіне бір аяқ суды құйып жіберіп еді, наны көже болды да кетті. Маңындағы балалар мазақ қылып ду күлді. Ұзақты күнге азаптанып жүріп, титығы бітіп шаршап, зорға дегенде етті түсіріп алып келіп еді, Кетеген қалпе қабағын түйіп, түксиіп қойды: «мына ақымақ ас пісіруді білмейді екен ғой» деді.
Қалабай Шапайға болысқан тәрізді:
– Жас қой, үйренер, – деп жұбатып қойды. Жүре-жүре медресенің тәртібіне көнікті, ас пісіруді үйреніп алды. Бұрын мазақ қылатын балалардың бірсыпырасымен үйір болып алды, енді өзі біреуді тәлкек қылмаса, басқаларға өзін тәлкек қылдырмайтын болды. Медресеге келгеніне он шақты күн өткенде, Қалабай Шапайға сабақ бастатты. Бұрын елдегі молдадан әптиек оқып еді. Қалабай мұны бірден құранға түсірді. «Молдаңа сабақ бастағанда берерсің» деп әкесінің беріп кеткен қара бақырын орамалының бұрышына түйіп сақтап жүрді, соны Қалабайға берді.
Медреседегі балалардың уақ жағы күндіз-түні ойын, әңгімемен болады. Ірі шәкірттер түнге қарай сабақ жаттауға кіріскенде, әр қостағы жас балалар біртіндеп сытылып шығып, медресенің алдыңғы үйінде бас қосады. Алысып ойнауға, айқайлап сөйлесуге Қазидан қорқады.
Күбірлеп сөйлесіп, естіген ертегілерін айтады. Балалардың ішіндегі сөзшеңі, желдірбесі – Қасеннің естімейтіні жоқ. Қайдағы жамандықты сол тауып алады. Қасеннің көбіне айтатыны – медресенің кереметтері туралы, мешітті иеленген пері туралы: «жаздыкүні шөп шаба келгенде әкемдер көріпті, ешкі болып құйрығы шошайып жүр екен» дейді. Түнге қарай мешіттің парызханасына шам жағып отырады дейді. Мешітке дәретсіз кірген адамды соғып кетеді дейді. Кілең «дейдімен» соққан Қасеннің әңгімесін балалар ұйып тыңдайды. Еттері түршігіп қорқады. Әсіресе Шапай қорқады. Қасен пері туралы айтып отырғанда, үйдің бұрышы жағында бірдеме тұрған секілді болып жалтаңдап қарай берді. Түнде шай қайнатқанда, дәретке шыққанда – етегінен ұстай алғандай болып алаңдап қорқады да жүреді. Қорқамын деп самауырынын да талай төгіп алды. Мешітке намаз оқуға барғанда, балалардан сұрап жаттап алған дұғасын Шапай аузынан тастамайды. Дәретті бабына келтіріп алып, күмәнсіз болып барады. Әйтпесе пері соғып кететін секілді көреді.
Мешіт молдасы – қалпе сұқсырай адам. Ақ сәлдені басына салып, таспалап тіккен ақ шапанын үстіне кигенде, екінші дүниенің адамы тәрізденіп кетеді. Шапай намазға барғанда қалпеден көз айырмады. Осынша шәкіртті бастап отырған, осы мешітке ие болған, мешітті иеленген періден қорықпай жүрген адамды не деуге болмақшы?!.
Медресенің өзгеше түрге кіретін кезінің бірі – кешкі мезгіл. Үйде жарық барында шәкірттер ың-жың болып жат сабақ жаттап, үй қара көлеңкелене бастаса, екеу-екеу бас қосып кеңеске кіреді. Айтатындарының көбі – қыз туралы: кімнің қызы сұлу; кімнің қызы сөзге ашық жайдары; соның бірде біреуі қалмай сөз болады. Кейбіреулер өзінің қызбен сөйлесуге ептілігін, молдалыққа тұрған жерінде ауылдағы бозбалалардан жігітшілікті асырып жібергендігін айтады.
– Ой, не қыласың, қыз еді ғой!
– Битіп бұралып келіп құшағыма кіргенде, тұла бойым елжіреп кетуші еді, – дейді. Маңайындағылар оны құмарланып тыңдайды. Аузынан су ағып ынтығатындары да болады. Әсіресе Қасен сондай әңгіме шыққан жерден қалған емес, жылысып барып құлағын тығып отырғаны. Кешкі қара көлеңке ойды қозғайды. Ел әңгіме болғанда, Шапайдың ойына ауылы түседі. Кішкене земленкелері мына медреседен көш ілгері секілденеді. Сығырайып жанған шамның сәулесінде, әжесі, әкесі үшеуі отырып шай ішіп, әжесі мен әкесінің әзілдесетіні, әкесінің мұны жанына алып, маңдайынан иіскеп сүйетіні көз алдынан сәулеленіп өте бастады. Жалпы, ауылды ойлайды. Ауылдағы бірге ойнайтын балаларды, ең арғысы Шапаймен өне бойы төбелесе беретін Белденбоқты да сағынған секілді. Осы күні соларды көрсе, солармен бірге ойнаса, басылып жүрген көңілі ашылатын секілденеді. Ірі шәкірттер елдегі қыздарды әңгіме қылғанда, Шапайдың есіне Беркімбайдың қызы Зиба түседі. Шапай биыл 13-те, Зиба 12-де. Беркімбайда еркек бала жоқ. Зибаны еркелетіп өсірген. Зиба көбіне еркек балаға қосылып ойнайды. Шапай есіне келтірмеген. Енді, «ұстаздарының» әңгімесін есіткен соң, әлденеге Шапайдың ойы сол Зибаға барып тірелгендей болады. Зибаны өзі сүйетін секілденеді, бірақ қанша ойласа да, жай сүюден артыққа ойы өрлемейді.
Бүгін медреседе бір жаңалық болды.
Көрші ауылдағы Оспан деген байдың шешесі қайтып, ірі шәкірттер соған құран шығаруға кетті. Қази да кеткен. Қалған шәкірттер екпіндеп, медреседе асыр салып ойынға кірісті. Елдегі ойнайтын ойындарының көбін ойнады. Бірсыпырасы далаға шығып доп та ойнады. Шапай топқа араласа алмады – далаға шықса да, күннің суықтығынан шыдай алмай қайта кіреді.
Медреседегі шәкірттер орталарынан ет жинап асып, тойынудың қамына кірісіп жатыр екен. Шапай да соған араласып кетті. Әлдеқайдан Қасен жүгіріп кірді: – Тез киініңдер, бізге де зиратқа келсін депті. Зиратты есіткенде балалардың ішінде үрпиіскендері болды. Бірен-саран барғысы келмеген балалар болса да, Қасен екі түрлі дәлелмен көндірді: Бармасаңдар, Қази ұрады деді; және барған шәкірттерге ақша үлестіреді екен деді. Зират мешіт тұрған ауылдың қыр жағында, ауылдан бір шақырым шамасы жерде. Күн суық, терезенің қырауы еріместен тұр. Бүгін су әкелгенде суықтан аяғы қатып Шапай зорға келіп еді. Енді зиратқа бару хабары шыққан соң не қыларын білмей састы. Ақшаға қызықпаса да, Қази ұрады дегенді естіген соң бармаудың шарасын таба алмады. Жақын арада бір-екі баланы жатқызып қойып, екі айыр қамшымен Қазидың тілгенін көріп еді. Содан бері Қазидың қамшысы Шапайдың ойынан қалмаушы еді. Барлық бала сыпырылып кетіп бара жатқан соң, амалы бар ма, Шапай да барудың жабдығына кірісті. Қалабайдың жаз киетін желең шапанын күпісінің сыртынан киді. Бет сүртетін орамалын бөкебай қылып мойнына орады.
Күн ызғырық, сақылдаған аяз. Желге бет қаратпайды. Медреседен шыққан көп шәкірт ұзынды-қысқалы киініп, өріске жайылған мал құсап, бірінің артынан бірі жүріп, зиратқа қарай шұбырды. Ортарақ жерінде ыққа қарай қырындап Шапай да кетіп барады. Бұрын елде жүргенде, Шапай моладан жаман қорқушы еді. Молаға барса, ұстап алатындай көруші еді. Моланың қасында бұзауы жайылып жүргенде жалғыз барып қайыра алмай, жанына бала ертіп барушы еді. Енді көппен бірге келе жатқан соң, бәлендей қорқа қоймады. Зират басы толған ат, адам екен. Түлкі ішік, түлкі тымақ киіп шіренген байлар суықпен жұмысы жоқ, малдас құрып, үйдегісіндей әңгімені соғып отыр.
Бір кезде Құран басталды. Қалпе Мысыр мақамына салып «тәбәрікті» жіберді. Өлік тәрбиесінде жүрген адамдар шәкірттерге ақша үлестіруге айналды. Алдыңғы қатарда ірілер, арт жақта жастары болып, шәкірттер екі қатар отыр еді. Алдыңғы қатардағыларға алдымен үлестіре бастады. Сылдыраған күмісті көргенде ақшаға құмар балалардың көздері жайнай бастады.
Қасен Шапайдың төменгі жағында отыр еді. Кейінгі қатардағыларға ақша үлестіргенде, өзіне бергенге шыдамай Шапайға ұсынған ақшаны шап беріп ұстай алды. Ақша үлестіріп жүрген жуантық сары кісі ежірейіп қарады да: – Жасыңа жетпей обырлыққа айналған не қылған бала едің, – деді. Ерегісіп Қасенге ақша бермей кетті. Зираттың басынан медресеге қайтқанда Шапайдың аяғы әбден тоңғандықтан басуға жарамай қалып еді...
ІІІ
– Әкең келді! – деп Қасен жүгіріп келіп Шапайдан сүйінші сұрады. Екі білекті сыбанып алып Шапай нан илеп жатыр еді.
Сасып қалды. Бұ күйімен әкесіне қарсы шығуды ар көрді.
Жалма-жан жуынып алып, дұрысталып шыққанша әкесі де келіп қалып еді.
– Қарағым, – деп бауырына басып, бетінен сүйді. Шапай қуанғандықтан жыларын да, күлерін де білмеді. Әкесі бұрынғыға қарағанда, әдеміленген, сүйкімді адам болған секілденді. Жайдақ шанаға жегулі тұрған көк ат бұрынғыдан семіріп, ажарланған тәрізденді. Шанасына мінсе, бұрынғыдай үсті-үстіне ұрғызбай, сыпырта жөнелетін аттай жұтынып тұрған сияқты.
Ыбырай атын шалдырып, Шапайды мінгізіп алып, еліне қарай асты. Күн бұрқақ, ызғырық суық. Шанаға мінерде ескі ат жабумен Шапайды мықтап орап еді. Әйтсе де, желдің өткірлігі шыдатпады, Шапай тоңайын деді. Бірақ екі-үш айдан бері көрмеген ауылға деген қуанышы Шапайдың тоңғандығын сездірмеді, есі-дерті елге жету болып, екі көзін алдыңғы жақтан айырмады. Дала аппақ қар. Жол үстіндегі ауылдар қалың қарға көміліп, жермен жексен болған секілді. Әр жерде қылтиып пештерінің моржасы ғана көрінеді.
Кешке таман боран үдейін деді. Жел ысқырып, түтіндетіп борауға айналды. Түтіндеткен боранға кештің қараңғылығы қосылып, жолдың табаны кейде көрініп, кейде көрінбей қалады.
Ыбырай қауіп қылайын деді:
– Апырай, масқара болып, адасып кетпесек игі еді, – деді. Біраз жүрген соң көк ат омбылап барып бір жерге тоқтады. Ыбырай шанадан қарғып түсіп, олай-былай жүріп қарады да, қайтып келді.
Шапайдың көңіліне қорқу кіріп, аттың тоқтаған себебін сұрап еді, әкесі айта қоймады.
Шапайды ораған жабудың ашылған жерлерін қымтап:
– Тоңып қалма. Ауыл алыс емес, жетеміз, – деді. Азырақ қозғалып, ашылған жерлерін қымтаған соң, Шапай бұрынғыдан да қалтырап кеткендей болды. Жабуға басын тығып бұйығып ойға шомды. Ауыл көзіне елестеді. Көзі ілініп кеткендей болып еді, өзін екінші түрде көрді. Кетеген қалпе секілді кәтте молда болған. Басында шиыршықтап ораған ақ сәлде, үстінде – білтелеп сырып тіккен, жеңі түйенің жоғарғы ерніндей жырық – ұзынырақ шапан, қолында аса таяқ, мешіттен шығып келеді екен... Мешітті өзі салдырған екен... Ырысбайдың сүйегіне кіріп алған қара күпіні киіп әкесі арт жағында келеді екен.
– Қазірет! Тынымбайдың шешесі қайтқан екен, соның намазына шақырып кетті. Барсаңыз ат жектіріп берейін, – деді. Ол екі арада көзінде жас, әлдеқайдан әжесі келіп:
– Қарағым-ау, зарығып күткендегі көргенім осы ма? Бір күн үйде тұрмадың ғой... Барма! – деді.
Қылмаңдаған жас әйел, әдемі киініп, есіктен қарап жылмиып тұр. Көзіне көзі түскенде іші өртеніп кеткендей болды. «Мұндай әйелдің жолына бар дүнием құрбан!» деп, сәлдені тастап, жүгіріп барып құшақтай алғанда... әлдекім:
– Қарағым, қарағым!.. – деді.
Көзін ашып алғанда, әжесі құшақтап сүйіп жатыр еді.
– Қалқам, ұйықтап қалыпсың ғой, тоңып қалдың-ау, – деді. Шапай мең-зең сүйретіліп шанадан түсті. Аяғы ұйып, басуға келмей қалыпты. Үйге кіргізіп, әжесі шешіндіріп жатыр. Үй іші күңгірт, кішкене шамның жарығы медресенікі секілді емес. Үй де аласа, ыбырсыған, медресенің асханасынан артық емес. Бұдан екі-үш ай бұрын жұмақтай көрінетін үй көзіне жат секілденіп тұрды. Бірен-саран қатын-қалаш, бала-шағалар келе бастады. Бәрі де бұрынғыдан бір түрлі өзгерген секілді. Бұрын қағынғырлап отыратын Дайрабайдың қатыны:
– Аман-есен келдің бе, шырағым? Е, балаң келіп көзайым болдың ба? – деп жылы сөйлеп сампылдап отыр, әжесі де бұрынғыдай ашулы жүзбен қарауды қойып, жанына келе береді.
– Қарағым, жүдеп қалыпсың ғой, – деп маңдайынан сипайды.
Мұндай жылы жүзді, мұндай еркелетуді Шапай өмірінде бірінші рет көріп отырған секілді болды. Әке-шешесінің ортасында еркелеп отырып, қара құманның шайын терлеп ішіп, төсегіне жатты. Үйінен кеткелі бірінші рет еркін тыныс алғандай болып, рақаттанып ұйқыға шомды. Шапайды қайтадан медресеге апаруға Ырымкүл қарсы болды. Қанша жек көреді дегенмен де, шеше шыдай ма, екі-үш айдың ішінде Шапайды қатты сағынып қалып еді. Шапайдың да барғысы келмеді. Медреседен көрген рақаты шамалы. Жөндеп сабақ оқып көрген жоқ. Күні-түні салпылдап жұмыс істеумен болды. Әсіресе Кетеген қалпенің көзін ежірейтіп жекіргені – ұйықтағанда да көзіне елестейтін еді.
Медресеге баруды тоқтатқан соң, Шапай еркіндеп ойынға кірісті, әжесі де бұрынғыдай көп ұрыспайтын болды. Шапай көбіне Зибаның үйіне барады. Зибаның асығы көп, Зиба екеуі хан ойнайды. Біріне бірі ұпай салады. Зиба ұпай салса, Шапайдың маңдайына аямай шертеді. Шапай ұпай салса, Зиба күлімсіреп, жалынышты қарап, маңдайын тосады. Шапай шертуге аяйды. Зибаның маңдайына тырнақ тигізуге қимайды.
Кейде, асықты соғып қалғанда, хан қимыл болып түссе, «хан талапай» деп екеуі жерде жатқан асыққа таласады. Шапайдың қолы Зибаның қолына тиеді, кейде бетіне беті тиіп қалады. Мұндайда екеуі де біріне бірі қарап, қызарып кеткендей болады.Неге қызарады? Қандай ұят іс істеді? Оны екеуі де біле алмайды. Білгілері де келмейді.
Шапай мен Зибаның асық ойынына ойламаған жерден бір кесел пайда болды. Жамалдың тойында Ырымкүл Беркімбайдың қатынының бетін тырнап алады. Мұны Беркімбай естіп, ашуланып келген күйі Ырымкүлді боқтап тіл тигізеді. Қатындардың әңгімесіне кіріскенге Ыбырай кейіп:
– Қу бас ит, қартайғанда алжып өлсейші, қатындардың әңгімесінде не бар еді? – дейді.
«Қу бас» деп айттың деп Беркімбай Ыбырайды таяқпен салып өтті. Шапыр-шұпыр төбелес болып, Ыбырайдың басы жарылды, Беркімбайдың бір жақ көзі көгерді.
Ауыл болып арашалады. Беркімбайдың жақындары «Қу бас» деп айтқанға қызысып, Ыбырайды сілейтпекші болады. Ауыл ақсақалдары билік айтып, «Беркімбайдың жасы үлкен еді. Аяғына жығыл, ана жалғыз сиырыңның бұзауын айыпқа бер» дейді. Ыбырай бермейін десе, Беркімбай жағы көпшілік, түбінде бір кеселге ұшыратпай қоймайды; берейін десе, Беркімбайдың ісі тентек; ақсақалдар көре-біле оны қолдап отыр. Мұның басы жарылғанын елеген жан жоқ. Өліп қалса, обал болды дейтін емес.
Ырымкүл күш айтып шаптықса да, Ыбырай көндірді, қара сиырдың ала бұзауын Ысқақ жетелеп, Беркімбайдың албарына апарып кіргізді. Шапай түсіне алмай аң-таң болды. Төбелестің ішінде Шапай да болып еді. Ыбырай Беркімбайды бір-ақ рет ұрды. Қоршалап алған жұрт Ыбырайдың екі қолын ұстап тұрып, Беркімбайға мейлінше ұрғызды. Ұрған адам жазықты болса, Беркімбай жазалы болуы керек. Ендеше, ала бұзауды Беркімбайдың алғанына жол болсын? Апырмау, сол жерде тұрған жұрттың ішінен құдайшылығын айтатын біреудің шықпағаны ма?!..
Бұл төбелеске Зибаның қалай қарайтындығы Шапайға жұмбақ болды. Зиба да әке-шешесінің сөзін сөйлеп, Ыбырайдың үйіне қас болып отыр ма екен? Әлде Шапаймен арадағы достығын үзген жоқ па екен?!.
Шапай мұны білуге ынтықты. Кешке қыдырып Беркімбайдың үйіне барып еді, қатыны қазанын сапырып жатыр екен. Зиба шай құйып отыр, Беркімбай терлеп-тепшіп, жалаң бастанып шай ішіп отыр екен. Есіктен кірген Шапайды көрген соң, Зиба күлімсіреді. Зибаның жылы жүзбен қарсы алғанына масаттанып, асық ойнағысы келіп, Шапай сәкіге отыра беріп еді, Беркімбай көріп қалып ақырды: – Шық, иттің баласы! Ұры ит құсап жылмиып келуін қарашы, бірдемені іліп кетейін деп жүр ғой, – деді. Шапай жұрттан қанша сөгіс естісе де, ұры деген атқа тағылып көрген жоқ еді. Кісінің ала жібін аттамау жағынан Шапайдың діні берік еді. Әкесі де екі сөздің бірінде: «Ешкімнің нәрсесіне жуушы болма» деп айтып отырушы еді. Беркімбайдың мына сөзі өңменінен өтіп кетті.
Сүйретіліп орнынан тұрып, есікке бара беріп артына қарап еді, Зиба аяушылық көзбен қарап, «мен қайтейін, қақбастың ісі ғой» деген пішін білдірді.
Беркімбайдың ұрысқанын Шапай үйіне айтпады. Әңгіме ұшынбай, екі үйдің жақындасқанын ішінен тілейтін еді...
Жұрт соқаға шығайын деп жатқанда Ыбырай үлкен ойға кірді. Ат жалғыз-ақ. Бірігіп жегетін үйдің реті келмейді – бәрі де жеке шығады. Кісіге жалдануға – жасы 50-ден асып кеткенде кісі жұмысын істеу де оңай емес. Үлкен баласы есін білгелі кісінің есігінде. Шапайды жалдамаспын-ақ деуші еді, бірақ егінсіз қалу қиын. Әрі-бері ойлап келгенде, Нұрғалидың соқасының басына мінуге жалдамақшы болды.
Нұрғали дейтін кеспелтек қара; қабағы тұнжырап кісімен ашылып сөйлеспейді. Мінезі дөң, бірдемеге ашуланса, дүниенің астын үстіне келтіреді. Шапай Нұрғалидың мінезін бұрыннан білетіндіктен оның қолында жүріп жұмыс істеуді қиынсынса да, әкесі ренжімесін деп көнді.
Нұрғали соқаға төрт ат жекті. Өзі соқаны ұстап, Шапайды алдыңғы аттың басына мінгізді. Қыстан жүдеп шыққан аттар аяғын баспайды. Ат жүрмесе, Нұрғали Шапайға кейиді.
Айдай алмайсың деп жер-жебіріне жетеді. Нұрғалидан сөз есітпейін деп, үсті-үстіне ұрып, тебініп, кешкі соқа доғарғанда аттан түскенде, Шапай шаршағанын бір-ақ біледі:
Тұла бойы салдырап, екі санынан жан кетіп қалған секілді екен.
Соқаға қостап шыққан. Нұрғали қосында отырып Шапайды суға жұмсады. Тезек тергізді. Шапай қанша тез істесе де, Нұрғали кеюді қоймайды:
– Қараң қалғыр, не қылып жатырсың? Тез бол! – деп жанын жағадан алады.
Жазғытұрғы күн. Салқын. Желдің лебі бетке ызғар болып соғады. Жаман күпісіне оранып бүк түсіп жатыр, тәтті ұйқыға батқанда, Нұрғалидың дауысы құлағына сап ете қалды.
– Тез тұр, атты әкел!
Таң салқын. Бұйығып ұйықтап жатқанда тұрудан қиын не бар?! Бірақ тұрмай амалы қайсы: жалданған соң жалдаушының әмірін орнына келтірмей болмайды. Таң салқыны денені түршіктіріп – қытықтап, қалтырата бастады. Жалаң аяқ күйі жүгенді қарына іле сала ұйқылы көзімен атқа қарай дірдектеп жүгірді. Жаңа шығып келе жатқан көкті жұлғыштап, оты қанбаған ат Шапайды маңайына жолататын болмады, тұсауымен секіріп бет-бетіне қашты, әшейінде жұп-жуас шолақ кер, маңайына барса құлағын жымитып, артқы аяғын тебуге ыңғайлай бастады.
Шапай анаған бір, мынаған бір жүгіріп зыр қақты.
Ұстатпағанға ызасы келіп кейіді. Қатты ызаланғанда жылағысы келіп кетуші еді. Бұл жолында тәтті ұйқысын бұзған Нұрғалиға кейіді ме, ұстатпаған аттарға кейіді ме, тұра қалып жылады.
Соқа жегілді, күн шашырап шығып келеді. Күн нұры құйылған сайын ертеңгі салқын ызғар біртіндеп кеміп, бой жыли бастады. Бойы жылынған соң ұйқы айналдырайын деді. Бірер есінеп алып, ұйқысын ашайын деп, ызыңдап өлең де айтқан болды, болмады. Көзі еріксіз жұмылып кететін болды. «Айдап отыр!» деп Нұрғали ақырып қалғанда, маужыратқан ұйқы кенет ашылып кеткендей болады да, ізінше қайта айналдырады. Аттан түсіп жатса, ең болмаса, он мүнеттей ғана жерде жатып көзін іліндірсе, ұйқысы қанып, бойы жеңіліп қалатын секілді болады. Әуреленіп келе жатып көзі ілініп кеткенін өзі сезбей қалды. Бірдеме дүрс еткендей болды, көзін ашып алса, топырақты сүзе етпетінен құлапты. Бір жақ бетін жер жыртып кетіпті.
– Тұр, иттің баласы! Ойбай-ай, бұл итті қайдан алып едім, құтылмас бәлеге қалған екенмін ғой! – деп Нұрғали бақырып жатыр.
Шапайдың қалғып келе жатқанын біліп Нұрғали жерден бір кесекті алып пәрменімен жіберіп қалып еді. Кесек тигенде қалғып келе жатқан Шапай мұрттай ұшып еді.
Көрмеген азабын көріп, Нұрғалидан шығу қарсаңына Шапайға екінші азап тағы сап ете қалды: көрші ауылдағы Ержан дегенге қойшы керек екен. Апырай, соған жалдап қойыпты.
Ержанның артына мінгесіп кетіп бара жатқанда, тезек теріп жүрген Зибаға кездесті. Зиба бойжеткен қыздар құсап киініп, шашына шашбау тағып алыпты. Қабын иығына салып тұрып, Шапайды көріп жымиып күлді...
IV
– Ал Шапай, сөйлеп жібер, сен елге шығып келдің ғой, – деп дудар шашты, кертік мұрын қара жігіт үстеліне шалқайыңқырап отырды.
Үйде 4-5 жігіт бар, бәрі де қылқандай жас жастар ұйымының мүшелері. Алдағы болатын губірнелік сиезге арнап іспектәкіл қоймақшы болып, дайындалу үшін бас қосып отырғандары еді. Үй іші қоңырсыған түтін. Темекінің сабағын пышақпен жонып уақтап, шылым қылып тартысып отыр. Шапай шылымын бірер сорып алды да, елдің жайын сөз қылуға кірісті:
– Елде күй жоқ.Былтырғы 20-жылды жұт болды дегеніміз бекер екен, жұттың, ашаршылықтың әкесі елде биыл көрінеді. Аштан өлген, тамақ таба алмай көзі-басы ісіп, қайыр тілеп жүргендер толып жатыр. Салық дегеннің үйіне қонып едім, таңертең далаға шыққанымда, сол үйдің түндегі жеген етінің сүйегін бір кемпір етегіне салып әкетіп бара жатыр екен. «Мұны қайтесіз?» дегенімде «суға қайнатып, сорпа қылып ішеміз» деді. Кедейлердің көрген күнінің көбі сол көрінеді. Елдің байлар жағының мұртын балта кесетін емес. Жегені сары қазы. Баққаны дау, елді екі жікке бөліп олжа түсіру.
Әсіресе ақсақалдардың мұрасы беріп тұрған көрінеді: ұры атандырып, маңайын жейді екен.
Шыққан жұмысым – Ерәлі ауылындағы жастар ұйымына жөн-жоба көрсетіп, ісін жөндеп беру еді. Барған соң істеріне көңілім толмады. Ұя хатшысы Ерәлінің үлкен баласы екен. Барлық мүшесі – 12. Соның үшеуі-ақ кедей, сосынғының бәрі Ерәлі тұқымынікі. Үш кедейдің үшеуі де Ерәлінің үйіндегі малайлар, біреуінің жасы 30-дан асып кеткен хат танымайды. Сұрастыра келгенімде, ұяны ашудағы мақсаттары – өздерінің бас пайдасы секілді көрінеді. Ерәлі мен Жәнтік деген бай араз көрінеді. Екеуі екі жақ болып, елді екі бөліп алып, бірінің үстінен бірі арызды айдап жатқан көрінеді. Сөздерін үстем қылу үшін балаларын кіргізіп, ұя ашып отырған Ерәлінің өзі болса керек...
Отырған жастар ел арасындағы жастар ұйымының жұмысының нашарлығын, ұя жұмысын басқарарлық кедей жастарының аздығынан бай балаларының кіріп кетіп жұмысқа кешеуірін болатындығын айтып, бұдан былай елдегі жастарды оқыту керек деп өздерінше қорытынды шығарды. Жастар басқа әңгімеге кірген соң, Шапай орнынан тұрып барып, терезенің алдындағы газетті алды. Басылған мақала, хабарларды оқи келе, «Зибаны жылатты» деген хабарға кездесіп қалды. Жалма-жан оқыса, хабар түрі мынау екен:
«Беркімбайдың Зиба деген қызы бар еді. Жасы биыл 18-де еді. Жұмағұл дегенге қатын үстіне берген екен, бәйбішемен үйлесе алмай үйіне қашып келсе, әкесі ұрысып қайтадан беріп жіберіпті... Бұған кім қолын созар екен?..».
Шапай не болғанын білмеді. Өз көзіне өзі сенбей, хабарды қайта-қайта оқыса да, баяғы бір хабар – өзгерген емес.
«Апырау, періште секілді Зибаны қатын үстіне береді деген не масқара?! Бұл жұрт бара-бара не болар екен?..» деді.
Гәзет қолында – терезенің алдына барып отырды. Өткен күндерді көз алдынан өткізе бастады. Бұдан бес жыл бұрын Шапай ауылда жүрген баланың бірі еді. Нұрғалидың соқасын айдап, талай таяқты жеп еді. Одан Ержан дегенге қойшы болып жалданып, сонда жүргенде Аманғали деген мұғаліммен таныс болып еді. Аманғали мұны жаздай әурелеп отырып, азырақ хат танитын қылып, күздікүні қалаға ертіп барып мектепке кіргізіп еді. Шапай мектепте оқып жүргенде, ауылында оба болып, әкесі де, шешесі де өліп еді.Баратын үй болмаған соң Шапай Аманғалидан айырылмай, 19-жылы қызылдар келген соң жастар ұйымына жазылып, ұйымның белсенді мүшесі болып, содан бері тынбай қызмет қылып келе жатыр еді. Биыл жаз отпоске алып еліне барайын десе де, жұмыстың көптігінен босана алмап еді...
Шапайдың Зибаны ақтық көруі – Ержанға қойшылыққа жалданып кетіп бара жатқанда жолда ұшыратып еді. Зиба тезегін иығына салып тұрып, жымиып күліп еді. Екеуі де құр қарағаны болмаса, біріне бірі сөз айта алмап еді...
Сөйлесіп отырған жастар Шапайдың мұңайған қалпын көрген соң біртіндеп бұған бұрыла бастады: «Әй, саған не болды? Жай отырсың ба?». Шапай гәзетті әкеліп алдарына салды:
– Мынаны оқыңдар.
– Оқыдық.
– Бұған қалай қарайсыңдар?
– Мынау әйелге мықты зәбір істеген, мұны сотқа беру керек.
– Жоқ, мен мұны мелетсемен барып алып келсем деймін, оған қалай қарайсыңдар?
– Әкелгенде қайтпексің?
– Қайтейін – оқуға берем. Оқысын. Күйеуді өзі тауып ала жатар.
– Жаса, жаса! Шапайдың осындай ерлігі бар, әйда, алып кел!
– Әйел теңдігін жүзеге шығару туралы аянбай күресу керек!.. – деп отырған жастар алақан шапалақтасты.
Жұмағұлдың үйіне бір пар атты келіп тұра қалды. Орысша киінген екі адам шанадан түсіп жатыр, мұның бірі – Шапай, екіншісі – болыстық мелетсе еді. Жұмағұл дейтін бір ауылнай елдің байы, жуантық келген сары кісі еді. Албарының ішінде жүріп, орысша киінген адамдарды көрген соң, әлденеден қауіпсінген адамдай жылдамырақ басып алдынан шықты.
– Жұмағұл сіз боласыз ба?
– Біз боламыз.
– Үйіңізге жүріңіз.
– Жайша ма?
– Кірген соң айтамыз.
Кісілер үйге кірмей жатып-ақ, мелетсе келді деген хабар үй адамдарының бәріне естіліп болды. Бәйбіше жалма-жан орнынан тұрып, баласының босағада ілулі тұрған әдемі ер-тоқымын жүктің артына апарып тықты.
– Ойбай-ай, осы мелетсе дегені келмесе екен, зәре-құтым қалмайды, – деді. Бай қонақтарынан шек алып, аяғын ұшынан басып төрге көрпе салды.
– Қатын қайда, мына кісілер тоңып келген шығар, тез ас ассын, – деп бәйбішесіне айқайлады.
Мелетсе ет жегенді теріс көрмесе де, Шапай жұмысты тез бітіріп кеткісі келді.
– Асқа қарамаймыз, жұмысымыз тығыз, Зибаны шақырыңыз, – деді.
– Ойбай, шырағым, оны қайтесің?
– Керегі бар.
– Сенікі кәтін бар, әйда, шақыр, – деп мелетсе де бұйрық қылды.
Бай апалақтады. Зибаның атын құлағы шалған соң, жаулығын кейін қарай ысырып, құлағын аша түсіп, сұрланып бәйбіше де келді.
Зиба шақырылды.
Аяғында көн етік, үстінде қатқан тон, жүзі ашаң – үрпиіп, төрде отырған кісілерге аң-таң болып қарады. Танымады.
Зибаны мұндай күйде көремін деп Шапай ойлаған жоқ еді. Жаман аяп кетті. Орнынан тұрып барып көрісуге қолын созып еді, қорыққан адамша Зиба қалтырап, қолын зорға берді.
– Зиба-ау, мені танымадың ба? Шапаймын ғой...
Есінен танған кісіше көзі жаутаңдап, Зиба отыра кетті.
Мелетсе жауап алып жатыр.
– Мына кісіге ыризасың ба?
– Ыриза емеспін...
Шапаймен қатар отырып, ауылдан ұзап шыққан соң Зиба еркін тыныс алды.
– Мені қай жаққа апарасың? – деді.
– Сені қалаға алып барамын. Мектепке кіріп оқы. Кәмсәмөлға жазыл. Қазақ әйелінің бәрі күңдікте, қорлықта жүр. Олардың арасында жұмыс істейтін, оларға басшылық қылатын адамдар керек. Оқысаң, білім алсаң – соларды бастауға жарайсың. Сені оқытуға, сені адам қылып шығаруға жәрдемімді аямаймын, – деді.
Зиба Шапайдың бетіне қарап жымиып күлді.
Әзірлеген –
Серікқали БАЙМЕНШЕ,
бейімбеттанушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті журналисі