Қазір ойнай отырып, ойлауға жетелейтін зияткерлік сайыстар көпшілікке кеңінен танымал. Заманауи әрі креативті ойлайтын жастарды біріктіретін көңілді куиз ойындарының түр-түрі бар. Солардың арасында «IQas» жобасының орны ерекше. Сұрақтары қазақы танымға негізделген. Кез келген қатысушы жауабын таба алатындай логикаға құрылған.
Бұл топтық ойынға қатысушылар 8-10 адамнан команда болып тіркеліп, алдын ала жазылады. Жарыс «Кіріспе», «Қисын», «Медиа», «Байланыс», «Күрделі», «Тәуекел» деген алты кезеңнен тұрады. Сәйкесінше, әр кезеңнің сұрақтары да әртүрлі.
Ойынның ұйымдастырушысы Мерей Ермұханның айтуынша, бұл зияткерлік сайыстың мақсаты – жастардың ой-өрісін, білімін жетілдіру, бос уақытын тиімді өткізуге жәрдемдесу.
– «IQas» 2022 жылы «Еларнадағы» тележобадан басталған еді. 2023 жылы ұжымдар арасындағы лигаға айналды. Алайда қазір ұжымдар ойыны жобамыздың тек бір бөлшегі ғана. Білімпаздар бәсекесі Астанада осымен он төртінші рет өтіп отыр. Жарысты жүйелі түрде екі апта сайын ұйымдастырамыз. Жалпы, жобаның атауында өзіндік мән бар. Біріншіден, мұны ақылдылар айқасы деп түсінсек болады. Екіншіден, «IQas» дегендегі «IQ» ақыл-ой қабілетінің көрсеткішін білдіреді. Сонда «Ақылың саған ас болсын, азық болсын» деген мағына жатыр мұнда.
– Байқап отырмыз, бір ойында жалпы саны қырық төрт сұрақ болады екен. Қиын сауалдың қиюын келістіру де оңай емес. Соның бәрін қанша уақытта құрайсыз?
– Мен сізге қызық айтайын. Кейбір сұрақ 15 секундта дайын болады. Ойланып, толғанып, үш жыл құраған сұрақтарымыз да бар. Сауалымызды барынша тарихи-мәдени бағытта қоюға тырысамыз.
– Осыған дейінгі ойындарда тіркелген рекордтық көрсеткіш бар ма?
– Жақында 23 команда қатысқан сайыс болды. Әр топта кемі бес адамнан болса, олардың қаншалық көп болғанын өзіңіз елестете беріңіз. Демек қоғам тарапынан қызығушылық жоғары. Одан бөлек, бір ойында 54 ұпайдан 51 ұпай алған топтар да болды. Бұл – біздің бәсекеге тұрақты қатысқан ойыншылардың нәтижесі.
– Білуімізше, «Quiz» ойындарының игілігін қатысушылар ғана көрмейді. «Тұтынушы бар жерде, табыс бар» дегенді ескерсек, бұл интеллектуалды сайысты бизнестің бір бөлшегі деуге де келетін секілді?
– Иә, әрбір қатысушы тарапынан 2000-3000 теңге көлемінде жарна төленеді. Осы қаржыдан толықтай өтетін орны, дипломдары, сыйлықтар, фото және видео түсірілім өтеледі. Бірақ ұйымдастырушылар «Quiz» ойындарын табыс үшін өткізбейді. Бұл жерде көбіне шығармашылық, рухани азық басты нысанада. Кейде студенттерді тегін қатыстырамыз. Бірінші рет келгендерден де ақы сұрамаймыз. Біздің жобаға қызыққан әрбір азамат өзінің облысында, қаласында дәл осы қазақша интеллектуалды ойынды франшиза арқылы ұйымдастырса болады. Мәселен, қазір Атырау қаласы қолға алды. Енді алдағы уақытта Алматы, Ақтөбе, Түркістан секілді қалаларда «IQas»-тың есігін айқара ашсақ деген ойымыз бар. Мақсатымыз – қазақы интеллектуал ортаны қалыптастыру, – дейді Мерей Ермұхан.