• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Тамыз, 2024

Түгіскен түлеткен түлектер

111 рет
көрсетілді

Өткенді ойласам, Сары­арқа, ондағы қыз-қыз қай­наған тіршілік, көнекөз қариялардың бейнесі көз алдыма келеді де тұрады. Зымыраған уақыт-ай, өлкеде туып, есімі тарихта қалған жақсы-жайсаңдар, республикаға танылған адал еңбеккештер де көп болып еді. Осындай ойлар, қалтқысыз сәттер қолыма қалам алдырды.

Түгіскен – Ұлытау облысына қарасты Жаңаарқа ауда­нын­дағы ауыл. Іргесі өткен ғасыр­дың 30-жылдары қаланып, оның қарамағына Коммунар, Тү­гіс­кен, Қаражартас, Жиделі, Жа­рық ұжымшарлары ұйым­дас­тырылған. 1962 жылы бірікті­ріліп, «Жеңіс» кеңшары атанды.

Бала кезімізде әр үйде болып тұратын қарттардың бас­қосуында айтылған әң­гімелерге еріксіз құлақ түре­тінбіз. Өйткені ақса­қал­дың бірі бірнеше жыл бойы жа­зықсыз Магаданға айдал­ғаны туралы әңгі­мелесе, екін­шісі ел арасындағы тарихи тұлға­ларды тізбектеп айтқан­да ауыз үйде құлақ құры­шы­­мыз­ды қан­дыратынбыз. Қазір білгені мол, өмірден түйгені көп қарт­тарымызды еске алып, ғиб­ратты оқиғаларды әңгімелей­тіндерді сағынамыз.

Шамамен 90 жыл бұрын осы түгі өскен, шүйгін шөбі тізе­ге жететін жерде алғашқы ұжым­д­астырудың ошағы құры­лып, ел болып бірігіп еңбек ету үр­дісі басталған. Сол серіктестік «Жеңіс» ұжымшары, одан кейін одаққа танымал асыл тұқым­ды ірі қой кеңшары (1962 жыл) болып тіршілік еткен. Ауыл­да 6-7 сыныптық қана шағын мектеп болатын. Ол кейін қой­шы­лардың балалары жатып оқи­тын интернатқа айналды. Мектептің кірпішін Мұхам­бетжан Сейтмағамбетов ақсақал құйдырды. Әлі есте, мектептің ұзыннан-ұзақ дә­лізі болатын. Әр сыныпта қыста жағатын пеші бар-тұғын. Сол мектеп 20 жыл­ға жуық, нақтыласам, 1970 жыл­ға дейін ауыл халқына қыз­мет етті. Сол ескі мектепте сауат ашып, білім алған оқушының бірі болдық.

1960 жылы осы ескі мектепті 21 бала бітірдік. Оқуды жалғадық, филология ғылымдарының кандидаты болдық. Алматы­дағы Абай атындағы педагоги­калық университетте (ҚазҰПУ) 2016 жылға дейін дәріс бер­дім. Қатарластарымыз Маухан Дауылбаев, Әбдікәрім Әбдірайы­мов, Дамыл Ысқақов, Әмірбек Есетов сияқты ұстаздарды әлі күн­ге дейін айтып отырады. Бас­қа сыныпты былай қойған­да, бір сыныпта оқыған Әбсат­тар Әбдіғұлов медицина ғы­лымдарының докторы, Бақыт Кәрібаева филология ғылым­дарының докторы болды.

Одаққа танымал асыл тұқым­ды қой кеңшарының еңбеккер­лері арасынан Социалистік Еңбек Ері шықты. Сатан Ысқақов пен Ыдырыс Жұмабековтің еңбегін жұрт жақсы біледі. Сатан әкеміз тек адал еңбегімен көзге түскен жоқ. Ел ішінде 16 перзент тәр­биелеп өсірген құр­метті азамат болатын. Ал Ыды­рыс Жұмабеков Еңбек Ері атағынан бөлек, қоғам қайрат­кері дәрежесіне көтеріл­ді. Ауылының мәдениетін, эко­но­микасын көтерді. Соңғы кезде Жаңаарқа ауданының басшы­лық қызметтеріне де араласты. Осылайша, ауыл, аудан тарихында есімі қалды.

Түгіскен тарихындағы тұл­ға­лар­дың тізбегін жалғасақ, ҚазЦИК-ті басқарғандардың бірі Жа­найдар Садуақасовтан ай­налып өте алмаймыз. Ол 1937 жылдың құрбаны болып кет­кенмен, өнегелі істерін түгіс­кендіктер ұмытпайды. Жыл сайын еске алу кештерін өткізіп тұрады. Ұжымшар кезінде көзі ашық қариялардың бірі Ықыш Ақмақанов ел ісіне ара­ласып, малға баз салу ісін қол­ға алған. Көп ұзамай бала-шаға­сымен қолдан кірпіш құйып, қой базын салдырды. Бұл іс ұжым­шарға да, кісінің өзіне де пайда әкелді. Содан былай қарай өсірген малы мен көл-көсір ең­бе­гінің арқасында ауылда жеңіл көліктер саны көбейді. Ауыл­дықтар одақтық көрмеге салма­ғы 100 кило тартатын қош­қар­ларын апарып көрсете бастады.

Түгіскен еңбеккеш тұрғында­рымен ғана аты шыққан жоқ. Игілік Омаров әншілігімен рес­пуб­ликаға танылды. Қазақ радио­сына үнтаспалары көптеп жазыл­ды. Қой бағып жүріп өз қолы­мен ағаштан қобыз ойып тарт­қан Сматай Үмбетбаев­ты қалай мақтан тұтпайсың?  Қобызды ыңырантып отырып, ән айтуды қазіргі өнерпаздар арасына таратқан ең бірінші дарын еді. Қоңыр үнімен айтқан әндері, қолдан жасаған қобызымен тарт­қан күйлері әлі күнге дейін ел жадында. Болашақта Сматай­дың сарынын музыка өнерін зерттеушілер зерделей берер.

Ел ішінде есім-сойы көпке мәлім болыс, би, батырлар да көп болған. Түгіскендегі «Арап» төбесі де атақты Арап батыр­дың есімімен аталады ғой. Жол­дыаяқ, Танаш батыр, Мама, Мыңжасар (Бәйсейіт пен Дінмұхаммедтің бабалары), Баян, Бер­діқожа, Амантай сынды батырлар да – осы өңірдің тумалары. Сапалай әнші де кезінде осы өлкеде өмір сүрген. Ол ел аузында «Сапалайдың әні» деген шығармаларымен аты қалып қойды. Төбел деген күйші атамыз, Балабек сынды ақын бабамыз да – Түгіскеннің тумасы. Олардың өлеңдерін, ән-жырларын көпшілік аузынан жиі еститінбіз. Бәйтілеу ұлы Мұ­сайып әншіні Мәжит Сейфуллин: «Сә­кен аға оның әндерін естігенде өзгеше бір хәл кешетін еді... Мақпалдай қоңыр үніне ұйып отырып, өзіне құдыретті бір күш алатын. Ойға тұнған көзі қыранның көзіндей жарқылдап кететін», деп еске алады. Оның Арқа мен Қаратауды дүбірлеткен «Жалпы әлем» әнін композитор Е.Брусиловский «Ер Тарғын» операсында шалқыған би көрінісі ретінде пайдаланса, Мыңжасар Маңғытаев «Мәңгі махаббат» атты 8 бөлім­ді ораториясының соңғы пате­тикалық асқақ финалы «Мил­лиондар қол ұстаңдар» деген бөліміне негіз етіп алған.

Түгіскендіктер мақтан тұта­тын ақынның бірі – Ғалым Жай­лыбайұлы. Ол Түгіскен мекте­бінде ұстаздық еткен жылдарда оқу­шым болды. Алғаш Жаңа­арқа аудандық газетіне мақала жаза бастағаны күні кешегідей есте. Осындай озат түлектердің жолы әрдайым ашық болсын, халыққа абыройлы қызмет ете берсін дейміз.

 

Аманкеш ЗЕКЕНОВА,

филология ғылымдарының кандидаты, ардагер ұстаз