• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 20 Тамыз, 2024

«Әлем әдебиеті» төрт тілде жарық көреді

218 рет
көрсетілді

Күні кеше ғана «Әлем әдебиеті» халықаралық әдеби-көркем және танымдық тәржіме журна­лының араға біраз жыл үзіліс са­лып, жаңа нөмірі жарық көр­ді. Еске салайық, аталған жур­налды алғаш рет 2006 жылы «Фолиант» баспасы екі ай­да бір шығарып, қазақ оқырман­дарын әлем әдебиетінің небір әй­гілі қаламгерлерінің, ұлы тұлға­ларының өлмейтін шығарма­ларымен, асыл жауһарларымен таныстырып келді. Басылым әдебиет пен баспасөз тарихында өз орнын алып та үлгерген еді. Алайда 2016 жылы қаржылық қиындыққа байланысты журнал жұмысы тоқтады. Енді, міне, «Әлем әдебиеті» қайта оқырмандарға жол тартты.

Игі істің бастамашысы – ақын Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, басы­лымның түр-тұрпаты өзгеріп, халық­аралық мәртебе алып, қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көріп отыр. Яғни «Әлем әдебиеті» – «Dünya Edebiyatı» – «World literature» – «Мировая литература» журналының жаңалығы да, басты ерек­шелігі де осында. Нақтылап айтсақ, әлем әдебиетінің ең озық үлгілері қазақ тіліне тәржімеленіп, ал қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары түрік, ағылшын және орыс тілдерінде шетелдік оқырмандарға ұсынылады.

Айта кетейік, әдеби журналдың бас директоры, Редакциялық алқа төрағасы – Ұлықбек Есдәулет, бас редакторы – Ержан Алаштуған. Төрт тілде жарық көрген жаңа санында Мақтымқұлы, Шарль Бодлер, Олжас Сүлейменов, Хусто Хорхе Падрон, Шандор Петефи, Хемингуэй, басқа да әлем авторларының шығармалары жарияланды.

«Бұл журналда бүгіннен бастап екі ғалам ұшырасып-ұштасып, ұласып-тоғысады: қазақ әдебиеті және әлем әдебиеті! Шалқар теңіз бен ұлы мұхит! Бөгде тілдер, бөлек тарихи дәуірлер, өзге мәдениет, өзінше әдеби мектептер, мүлде ұқсамайтын ұлттық ерекшелік, басқа дүниетаным болғанымен, бір-бірімен үндесетін пернелері де мол. Тек бірінен біріне көркемдігін жоғалтпай, бояуын жұтатпай, деңгейін түсірмей, мән-мағынасын сақтап, шеберлікпен аудара білу керек. Шынтуайтына келгенде, қолыңыздағы журнал дүние жүзі әдебиеттерінің арасындағы асыл арнаға, берік байланыс арқауына, өлмейтін өткелге, айнымас алтын көпірге айналары анық. Қазақ оқырманы да, әлем оқырманы да әр нөмір сайын жаңа олжаға кенелетіні сөзсіз», дейді Ұлықбек Есдәулет.

Айта кетейік, журнал үш айда екі рет (45 күнде бір нөмір) шығады. Басылымның alemadebieti.kz электронды сайты да іске қосылады. Әдебиет арнасына қайта қосылған басылымның оқырманы көп болсын дейміз.