Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өңірдегі мәдени мұра нысандарында жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Мұндай нысандардың қатарында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Қылует жерасты мешіті және Яссы-Күлтөбе ортағасырлық қалашығы бар.
Министр «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ұлттық» мәртебесін беру нысанның еліміздің мәдени мұрасын сақтау маңызын көрсететін елеулі оқиға екенін атап өтті. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы – археологиялық және сәулет ескерткіштерінің бірегей кешені, мұнда халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар 45 нысан бар. Жыл сайын 350 мыңнан аса адам келетін бұл жер – Қазақстанның ең қастерлі мекендерінің бірі», деп атап өтті министр.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған кезде оны сақтаудың нақты шаралары талқыланды. Министр 2023 жылы жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесінде кесене құрылымын нығайту бойынша шұғыл іс-қимылдардың қажеттігі анықталғанын айтты. Ол кесене айналасындағы жасыл желектерді шамадан тыс суару нысанға теріс әсер етіп, жасыл желектердің бір бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл үдеріс қазірдің өзінде автоматтандырылған бақылау жүйесі арқылы бақыланады. Құрылымның одан әрі тозуына жол бермеу үшін 100 тоннадан астам қоқыс пен топырақ шығарылған.
Жұмыс сапары кезінде Аида Балаева Қылует жерасты мешітіне ерекше назар аударып, 2021 жылы Түрік Республикасының «Tika» ұйымы арқылы нысанды музей ретінде жаңғыртуды ұсынғанын атап өтті. Осылайша, Қылуеттің тарихи келбетін сақтау мақсатында түрік шеберлерінің жұмысын сүйемелдейтін топ құру туралы шешім қабылданған еді.
Министр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы қайта құрылған ғимараттардың бірінде ұйымдастырылған мониторинг орталығы жұмысының маңыздылығына да назар аударды. Орталық жұмысы аясында температура мен ылғал режімін, қабырғалардың түзулігін және басқаларын үздіксіз режімде бақылайтын 100-ден астам қондырғысы бар автоматтандырылған мониторинг жүйесі қойылды. «2023 жылдың желтоқсан айынан бастап автоматты мониторинг жүйесі ескерткіштің сақталуына әсер ететін әртүрлі үдерісті, соның ішінде микроклиматты үздіксіз қадағалап отырады. Мониторинг орталық – кесененің жай-күйін зерделейтін және оны сақтау шараларын әзірлейтін отандық және шетелдік сарапшыларды қабылдайтын негізгі пункт. Мұнда барлық ғылыми-зерттеу және техникалық деректі жинау, талдау жүзеге асырылады. Бұл ЮНЕСКО-ның маңызды Дүниежүзілік мұра нысанын тиімді басқаруға мүмкіндік береді», деп толықтырды министр.
Сонымен қатар Аида Балаева Яссы-Күлтөбе ортағасырлық қалашығында болып, бірегей тарихи ескерткішті сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған археологиялық қазбалармен және қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Министрлік әрбір маңызды нысанға қажетінше қолдау мен назар аударуды қамтамасыз ете отырып, елдің мәдени мұрасын сақтау бойынша белсенді жұмысты жалғастырады.