Қызылордада «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» атты республикалық семинар өтті. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент депутаттары, ірі шаруашылық құрылымдарының төрағалары қатысқан семинарда саладағы озық тәжірибелер мен өзекті мәселелер талқыланды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламалары сәтті жүзеге асып келе жатқанын атап өтті. Өңірде де қарқын алған жобалар қатары көп. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болса, қазір екі есеге өсті. Кәсіпкерлікті қолдауға кейінгі 2 жылда 127 млрд 500 млн теңге жұмсалып, 12 мыңнан астам жоба қаржыландырылған. Осы уақыт аралығында ауыл шаруашылығы саласына 20 млрд 300 млн теңгеден астам инвестиция тартылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған жобалар да жеміссіз емес. Елді мекендердің әлеуетін көтеруге бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тірек және спутник елді мекендер айқындалып, 5 жылда аймақта 31 млрд 200 млн теңгеден астам қаржыға 435 жоба жүзеге асты. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар салу мен жөндеуге, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. 2027 жылға дейін жалғасатын жоба аясында жыл сайын қаржы көлемі ұлғая түседі.
Тұрғындар қолайлы ортада өмір сүруі үшін салынып жатқан құрылыстарға меценаттар да үлкен үлес қосып отыр. Бүгінде өңірде демеушілік аясында 45 млрд 200 млн теңгенің жобасы жүзеге асып келеді. Өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі «Най-Мир» кәсіпорны «Анаға тағзым» орталығын салып, «Абзал және К» кәсіпорны «Еңбеккерлер аллеясын», «Таң ЛТД» шаруашылығы ауылды көркейту жобасын, «Жаңажол» шаруашылығы орталық алаңды абаттандыруды қолға алды. Семинарда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров аграрлық саланың негізгі мәселелері мен жоспарлар туралы айтты, республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, АӨК-ні дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Геннадий Зенченко, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов баяндама жасады. Ақтөбе облысы «Степное» ЖШС басшысы Аманқос Төлеуов, Абай облысы «Өрнек» ЖШС басшысы Ержан Қойгелдин өз тәжірибелерін ортаға салды.
Сыр диқандарының басты алаңы – жылдан-жылға арнасы тарылып келе жатқан дарияның жайы. Биыл сағадағы мемлекеттермен дер уақытында жүргізілген келісімдер арқасында Сырдағы сумен толық қамтамасыз етілді. Сол еңбектің нәтижесін көретін де сәт туып отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданы Таң ауылының егіс алқабына алғашқы орақ салу рәсіміне қатысты.
Өңір басшысы өңір агросаласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Жыл сайын аграрлық саланы қолдау аясы артып келе жатқаны белгілі. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 5 жылда екі есе ұлғайту жөнінде тапсырмасына сәйкес егістікті әртараптандыруға, су үнемдеу технологияларын қолданып, егіс көлемін арттыруға ден қойдық. Әр тамшы суды ысырап қылмай, жауапты кезеңді сәтті аяқтаған диқандар еңбегіне табыс тілейміз», деді облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығы министрі жиналған жұртшылықты құттықтап, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді, мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін айтты. Егінге орақ түсер алдында республиканың әр өңірінен келген кәсіпорындар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету келісіміне қол қойды. «Шымкент» ӘКК АҚ мен «Жан-Арай» ЖШС, «Павлодар» ӘКК АҚ мен «Абай-Дәулет» ЖШС, «Алматы» ӘКК АҚ мен «Алтын Орда» серіктестігі арасында осындай келісім жасалды.
Кейінгі 10 жыл көлемінде күріш алқабының 55 мың гектары лазермен тегістелген. Алдағы 5 жылда оның көлемі 72 мың гектарға жеткізіледі. Осы жылы 4,4 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиясы пайдаланылды. Алда оны 24,2 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Биыл «Таң ЛТД» серіктестігі Шиелі ауданында 800 гектарға тамшылатып суару әдісімен жүгері екті.
Суды үнемдеу шараларынан Қазалы мен Арал аудандары шаруалары да қалыс қалып жатқан жоқ. Аралдағы «Кэмел Про» шаруа қожалығында 830 гектар жоңышқаны, Қазалы ауданындағы «РЗА Агро» серіктестігінде 184 гектар мал азықтық дақылдарды жаңбырлатып суару жобалары бар.
Қызылорда