Академик Қаныш Сәтбаевтың Баянауылдағы мемориалдық музейінде тау тұлғаның ертоқымы сақталып тұр. Бала Қаныш Баянауылда Шормановтар салдырған мектепке тайымен барып-келіп жүргенде осы ерді пайдаланған екен.
Баянауылдағы музейде Қанағаңның жеке заттары мен өмір қатпарларынан сыр шертетін фотожәдігерлер ғалымның қилы тағдырынан біраз жайды ұқтырғандай. Соның ішінде ғұламаның бала шағында пайдаланған ертоқымына көзіміз түсті. Бұл көне жәдігерді осыдан 12 жыл бұрын Мұса Шорман аулының (Сәтбаев туған ауыл) тұрғыны Тастемір Шашенов есімді азамат тапсырыпты. Тайға ерттелетін шақталған ертоқым ағаштан шабылған, бірнеше бөліктен тұрады. Алдыңғы бөлігінде таза күмістен зерленген жапсырмасы бар.
Музейдің бұқаралық жұмыс жөніндегі маманы Сансызбай Сапарғалиевтың айтуынша, Қаныш Имантайұлы қазіргі Мұса Шорман аулынан 7-8 шақырым жердегі Айрық деген жайлауда дүниеге келген. Бұл ауылдың жанында, Ащысу өзенінің арғы бетінде кезінде Шорман әулетінің қыстауы болған
«Ел аузында «Сәкен ағай» атанып кеткен Сәдуақас Шорманов Ақкелін болысында мектеп салдырғаны мәлім. Мектеп кезінде Шормановтардың ағаш үйлері орналасқан аумақта, қазіргі Мұса Шормановтың кесенесіне жақын жерде болған. Сонда бала Қаныш күн сайын тайына мініп, мектепке келеді екен. Мектептің өзі қарағайдан қиып салынған. Әлгі жерде одан бөлек, Шорман әулетіне тиесілі шамамен 6 қыстау-үй болған. Өкінішке қарай, 1928 жылы Баянауылда кәмпеске қызып тұрған уақытта большевиктер қыстау мен білім ұясын тып-типыл етіп бұзып тастайды. Ал бөренелердің барлығын Қарағанды облысындағы Семізбұғыға тасып жеткізіп, жатақхана тұрғызыпты», деп әңгімеледі С.Сапарғалиев.
Бүгінде Шормановтардың қыстауы мен мектеп орны маңайы қоршалып, аспан асты музейіне айналған.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Мұса Шорман ауылы