Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің төрағалығымен министрлік алаңында Техникалық реттеу және метрология мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда ұлттық техникалық регламенттерді, ЕАЭО техникалық регламенттерінің өтпелі ережелерін әзірлеуге, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылына қатысты негізгі мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрайымы Жанна Есенбекованың айтуынша, елімізде КО/ЕАЭО техрегламенттерімен қамтылмаған өнімдерге қатысты 18 ұлттық техникалық регламент жұмыс істейді. Өткен жылы ғимараттар мен құрылыс материалдарының қауіпсіздігін реттейтін екі құжат, сондай-ақ өсімдіктерді қорғау құралдары қабылданған. Сонымен қатар салалық уәкілетті органдар алкоголь өнімдері, жоғары вольтты жабдықтар мен көмір бойынша ұлттық техникалық регламенттерді әзірлеу аяқталғанын хабарлады. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі спорттық жабдықтар мен түгендеуге қатысты жаңа регламент әзірлеуді бастағаны белгілі болды.
Комиссия отырысында пайдалану мерзімі өткен лифтілерді ауыстыру қажеттігі де айтылды. Айта кетейік, 2025 жылдың 15 ақпанына дейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер егер паспортта қызмет ету мерзімі туралы ақпарат болмаса, 25 жылдан астам пайдаланылатын лифтілерді ауыстыруы тиіс. Бұл талаптар 2013 жылғы 15 ақпанда күшіне енген КО ТР 011/2011 «Лифтілердің қауіпсіздігі» техникалық регламентінде бекітілген.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар лифтілерді ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Биылғы жылы 224 лифтіні, ал келесі жылы 300-ден астамын ауыстыру жоспарланған.
- «Лифт қауіпсіздігі» КО техникалық регламентінің нормаларын уақтылы қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар және ТЖМ аумақтық департаменттерімен бірлесіп техникалық реттеу жөніндегі өңірлік штабтар шеңберінде іске асырылатын нақтыланған жоспар-кестені әзірлеу туралы шешім қабылданды. Жоспар лифтілерді пайдалану бойынша нормативтік қызмет мерзімінен асатын мерзімдер мен талаптарды нақты көрсетуі тиіс, - делінген министрлік хабарламасында.
Комиссия сондай-ақ Ахуалдық штаб жұмысы шеңберінде азық-түлік және өнеркәсіп тауарларына мемлекеттік бақылау қорытындыларын қараған.
- 2024 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша шекара маңындағы сегіз өткізу пунктінде 14 776 автокөлік пен 164 613 тонна сүт және сүт өнімдері тексерілді. Күшейтілген бақылаудың нәтижесінде 242 көлік құралы қайтарылды. ЕАЭО-ның 27 өндірушісіне қатысты «күшейтілген зертханалық бақылаудың» 29 режимі енгізілді. Қазіргі уақытта 12 сүт өнімдерін шығарушыларға қатысты бақылау күшейтілген. Көлік құралдарына қатысты 1301 бірлескен тексеру жүргізілді, оның ішінде 74-і талаптарға сәйкес келмеді. Аккредиттелген зертханаларға жоспардан тыс тексерістер жүргізіліп, 12 миллион теңге сомасына айыппұл салынды және 8 зертхананың аккредиттеу аттестаттары тоқтатылды. Аккредиттеу жөніндегі орган 11 зертхананың аккредиттеу аттестаттарын кері қайтарып алды. Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың бірыңғай тізілімінен 3 зертхана алынып тасталды, - делінген хабарламада.
Арман Шаққалиев мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі үйлестірудің және өнім қауіпсіздігін бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Бұл шаралар Қазақстан Республикасының аумағында да, жалпы ЕАЭО шеңберінде де тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.