Қазіргі таңда ауыл мен қала мектептері арасындағы білім берудің алшақтығы өзекті мәселенің бірі екені анық. Бүгінгі Тамыз конференциясында ауыл мектебіндегі білім сапасын арттыру мәселесі де көтеріліп, осы саладағы тың идеялар талқыланды. Сондықтан мұндай жиынның ауыл мектебіндегі білім сапасын көтеруге септігі тиеді деп ойлаймын. Сондай-ақ ауыл мектебінде цифрлық ресурстар мен білім платформалары да қолжетімді емес. Оған қоса ауылдағы интернет жылдамдығының төмендігі, пән мұғалімдерінің жетіспейтіні, жаратылыстану пәндері бойынша зертханалық кабинеттердің аздығы немесе мүлдем жоқтығы оқушылардың сапалы білім алуына кедергі келтіреді.
Осы мәселелерді шешу үшін Ақтөбе облысында «Цифрлы технологияларды қолданып, шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» атты қанатқақты жоба жүзеге асты. Жоба аясында өңірдегі шағын жинақты мектептердің 66 пайызы интерактивті панельдермен, педагогтерге арналған дербес компьютерлермен, пәндер бойынша арнайы көрнекіліктермен, толықтай цифрлық кабинеттермен және заманауи білім беру құралдарымен жабдықталды. Бұл – ауыл мектептеріне мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау. Жабдықталған кабинеттердегі интерактивті панельдерде «BilimLand», «Daryn Online», «Roqed Science» цифрлық білім беру платформалары орнатылды. Сонымен қатар ауыл мектептерінің интернет жылдамдығын жақсарту мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды.
Мәселен, өзім еңбек ететін Талдысай орта мектебі магниттік білім ордасы ретінде жұмыс істейді. Бұл қанатқақты жобаның мақсаты – қала және ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтып, шағын жинақты мектептерде онлайн білім беру технологияларын халықаралық стандарттарға сай қолданысқа енгізу. Алдағы уақытта осы жобаны республикалық деңгейге көтерсе, көптеген шағын жинақты ауыл мектебінің білім сапасын арттыруға жағдай жасалатыны сөзсіз.
Мейірбек ҚОЖАҒҰЛОВ,
Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Талдысай ауылдық орта мектебінің мұғалімі