Өткен аптада Түрік еліне іссапарға шығып, әуелі Босфор бұғазы жағалауында бір күн аялдап, сапарымыз Аданада жалғасты. Одан әрі Жерорта теңізіне тиіп тұрған Ешиловаджик кентіне жол тарттық. Ондағы мақсат – алты құрлыққа аты тараған «Аккую» АЭС-нің құрылысын өз көзімізбен көру.
«Аккуюдің» шапағаты көпке тиеді
Анығында, «Аккую» АЭС-і Жерорта теңізінің оңтүстік жағалауындағы Мерсин провинциясында салынып жатыр. АЭС алаңы Гюлнар ауданында орналасқан. Құрылыс алаңына ең жақын елді мекен – Буюкеджели ауылы. Провинцияда 2 млн адам тұрады. Оның 1,2 миллионы Мерсин қаласында өмір сүреді. Халқы негізінен ауыл шаруашылығымен, шағын бизнеспен айналысады. Мерсинде цемент, тыңайтқыш, шыны, тұрмыстық химия өндірісі дамыған. Негізі Мерсин – Жерорта теңізі жағалауындағы Түркияның ең үлкен порты, 45 айлағы бар. Климаттық жағдайы әртүрлі көкөніс пен жемісті өсіруге қолайлы. Қара топырағы органикалық ауыл шаруашылығының дамуына мүмкіндік береді. Провинция өнімі Түркияның ауыл шаруашылығы экспортының жартысына жуығын құрайды. Өлке негізінен цитрус жемістерін, өрік, шие, қызыл шие, шабдалы, қара өрік, құлпынай экспорттайды.
«Endeksa» жылжымайтын мүлікті іріктеу қызметінің статистикасына сәйкес, Мерсин провинциясының Силифке ауданында 2019 жылдан бері тұрғын үй бағасы күрт қымбаттаған. Пәтер жалдау ақысы – 8,5 есе, сатып алу 10,3 есе өсіпті. Бұл АЭС құрылысы нәтижесінде тұрғындар әл-ауқатының жақсаруына және аймақ инфрақұрылымының дамуына байланысты.
Ал Гюлнар ауданында 50 мыңға жуық халық бар. Аудан ландшафтының 80%-ы – жартасты таулар мен таулы ормандар. Сонда аумақтың 15%-ы ғана ауыл шаруашылығына жарамды. Силифке – «Аккую» АЭС құрылыс алаңына ең жақын қала. Тұрғын саны 100 мың адамнан асады. АЭС құрылысы осы қаланың дамуына ерекше әсер етіп жатыр.
50 жылдық арман
«Аккую Нуклеар» АҚ бас директорының баспасөз хатшысы – коммуникация директоры Василий Корельский түрік елі атом электр стансасын салуды өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері армандап, соған сай нақты жоспармен әрекет етіп келе жатқанын айтты. Одан бергі заманда түрік халқы бейбіт атом мәселесін талай рет талқылап, атомнан энергия алып, қажетіне жаратып отырған елдерді әбден зерттеп, зерделеген. Ал Қазақстанда атом реакторлары 1957 жылдан бері жұмыс істеп тұр.
Ресейдің «Росатом» атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясы 2010 жылғы Ресей мен Түркия үкіметі арасында қол қойылған үкіметаралық келісім негізінде «Аккую» атом электр стансасын салуды қолға алды. Ол әрқайсысының қуаты 1 200 МВт болатын III+ буынды ВВЭР-1200 реакторы бар 4 энергоблоктан тұрады. Төрт бірдей энергоблокты бір орынға орналастыру әлемдік АЭС тарихында бірінші рет болып отыр. «Аккую» АЭС-нің есептік қызмет ету мерзімі – 80 жыл.
Пайдалануға берілген соң АЭС жылына шамамен 35 млрд кВт-сағ өндірмек. Бұл көлем Ыстанбұл сияқты ірі мегаполисті электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Бірақ бұл АЭС бүкіл Түркияға қажет электр энергиясының 10%-ын ғана қамтамасыз ете алады.
«Аккую» АЭС-і Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің (МАГАТЭ) және Халықаралық ядролық қауіпсіздік жөніндегі консультациялық топтың қауіпсіздік нормаларында бекітілген әлемдік ядролық қоғамдастықтың барлық заманауи талабына, Еуропалық пайдаланушы ұйымдар клубының (EUR) талабына жауап береді. Оның құрылысын атомға қатысты барлық халықаралық ұйым қадағалап отыр. Себебі «Аккую» АЭС-нің амандығы – бүкіл жер-әлем қауіпсіздігіне пара-пар.
Құрылыс алаңында мыңнан аса қазақ маманы жүр
Бүгінде АЭС құрылысы алаңында 34 000-нан аса адам жұмыс істейді. 80%-ы – Түркияның өз азаматтары. Бір қуанарлығы, алып құрылыс алаңында 1 200-ден аса қазақ жастары да қызмет етіп жүр. Бірқатарымен танысып, білістік. Араларында біліктілігі жоғары кәсіби маман көп. Кейбір салаларда басшылық қызмет атқарып жатқандары да бар. Елде мұндай құрылыс қолға алынса атсалысуға бәрі дайын. Ол туралы әңгіме басқа.
«Аккую» АЭС жобасында және аралас секторларда жұмыс орындарын құру өңір халқының 30 мың адамға дейін өсуіне ықпал етеді. Сонымен бірге тауар мен қызмет нарығын, көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын, қонақүй бизнесін, қоғамдық тамақтану саласын дамытуды қамтамасыз етіп жатыр», деді «Аккую Нуклеар» АҚ бас директоры Сергей Буцких.
Жоба бойынша барлық жұмыс Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі, Ядролық реттеу агенттігі (NDK), Энергетика, атом энергиясы және тау-кен өндіру қызметі саласындағы зерттеулер жөніндегі Түрік агенттігі (TENMAK), Түрік стандарттар институты (TSE, жобаның негізгі материалтану ұйымы), басқа да бейінді ведомстволарымен тығыз өзара іс-қимылда және МАГАТЭ келісімімен мұқият жүргізіліп жатыр.
Таза энергия көзі
«Бейбіт атом энергиясын өндірудің артықшылығы – парниктік газ шығарындыларының болмауы. «Аккую» АЭС-і көмір мен газдан электр энергиясын өндіруді алмастыру есебінен атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындыларының жалпы көлемін CO2-баламасында жылына орта есеппен 18 млн тоннаға дейін қысқартуға әсер етеді», дейді Силифке ауданының әкімі Абдулла Асланер.
Оның айтуынша, АЭС қоршаған ортаға, ауыл шаруашылығына, аймақтың экожүйесіне теріс әсер етпейді. Топыраққа, атмосфераға және теңізге зиянды шығарындылар бөлінбейді. Теңізден көтеріліп, салқындату жүйесінде пайдаланылатын, содан кейін қайтадан теңізге оралатын су химиялық немесе радиациялық әсерге ұшырамайды.
Оқшаулау ойдағыдай ұйымдастырылды
Жобаны іске асыру кезінде оқшаулау дәрежесін арттыруға, түрік компанияларын тартуға ерекше назар аударылған. Ол үшін кеңейтілген «Оқшаулау бойынша жұмыс тобы» құрылды. Құрамына жобаның негізгі қатысушылары – «Аккую Нуклеар» АҚ, Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі, негізгі мердігер – «Титан-2 ИДЖ Ичташ иншаат» бірлескен кәсіпорны және TSE басшылығының өкілдері кірді. Жұмыс тобының қызметі оқшаулау үдерісіне жәрдемдесу үшін тұрақты негізде кеңестер өткізетін бағыттар бойынша кіші топтарға бөлінеді.
Құрылысты кімдер қадағалайды?
Бүгінде АЭС алаңының рельефін қалыптастыру және «Шығыс», «Солтүстік», «Оңтүстік» су бұру арналарын салу аяқталды. Құрылыс жұмыстары барлық төрт энергоблоктың құрылыс учаскесінде белсенді жүргізіліп жатыр.
№1 блокта реактор бөлімшесі мен машина залының іргетас плиталарын бетондау аяқталды. Балқыма тұзағы орнатылды. Реактор корпусы, бу генераторлары, ГЦНА корпустары жобалау жағдайына келді. Негізгі айналым құбырын дәнекерлеу ісі жүзеге асып болды. Қысым компенсаторы орнатылып, ішкі қорғаныс қабатының күмбезін монтаждау және бетондау тиянақталды. Белсенді аймақты салқындату жүйесін және қорғаныс қабатының кернеу алды жүйесін (ҚҚКЖ) монтаждау аяқталды. Машина залында төбені монтаждау ісі мәресіне жетіп, жүк көтергіш көпір краны қойылып, турбоагрегат құрастырылып болған.
№2 блокта «балқыма тұзағы» орнатылып, реактор бөлімшесі мен машзалдың іргетас тақталарын бетондау жасалды. Ішкі қорғаныс қабатының (ІҚҚ) бес қабаты тұрғызылып, реактор корпусы жобалау жағдайына келтірілген. Реактор шахтасының қаптамасы жасалып болыпты. №3 блоктың құрылыс учаскесінде реактор бөлімшесінің іргетасын және турбина ғимаратын арматуралау және бетондау аяқталып, «балқыма тұзағы» орнатылды. ІҚҚ-ның төрт қабаты салынды. Реактор бөлімшесінде ферма-консоль жобасы іске асырылған. №4 блок құрылысының учаскесінде турбина және реактор ғимаратының іргетас плиталарын бетондау ісі аяқталып, «балқыма тұзағы» орнатылған.
Электр стансасы құрылыс алаңындағы жұмыс халықаралық сапа мен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып орындалады. «Аккую» АЭС құрылысы кезінде көп сатылы құрылыс бақылау жүйесі қолданылып жатыр. Оның ғимарат, құрылыс салу телімдеріндегі жұмыстың әрбір кезеңін бес ұйымнан тұратын арнайы комиссия қабылдайды. Олар – құрылысқа тапсырыс беруші «Аккую Нуклеар» АҚ, бас мердігер – «Титан-2 ИЖ ичташ иншаат» бірлескен кәсіпорны, құрылысты тәуелсіз бақылау ұйымдары – «ASSYSTEM NCIO» және «TÜRK LOYDU», «Аккую» АЭС бас жобалаушысы – авторлық қадағалау функциясын орындайтын «Атомэнергопроект» АҚ, Түркияның ядролық реттеу агенттігі (NDK).
АЭС-ке түрік персоналдары даярланады
«Аккую» АЭС жобасын іске асыру туралы үкіметаралық келісімге сәйкес, Түркия мен Ресей арасында болашақ АЭС үшін түрік персоналын даярлау жөніндегі ынтымақтастық белсенді дамып келеді. 2011-2024 жылдар аралығында Ресей жоғары оқу орындарында 319 түрік азаматы білім алды. Олардың басым бөлігі атом саласының мамандарын даярлау бойынша «Росатом» мемлекеттік корпорациясының базалық жоғары оқу орнын – «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетін (МИФИ ҰЯЗУ) «Атом стансалары: жобалау, пайдалану, инжиниринг», «Радиациялық қауіпсіздік» және «АБЖ ТП» бағыттарында мамандық бағдарламалары бойынша бітірді. 72 адам Санкт-Петербург мемлекеттік политехникалық университетінде оқуды тәмамдады.
Қазір Ресейде 38 түрік студенті «Аккую» АЭС-і үшін маман даярлаудың мақсатты бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырып жатыр. Оның 12-сі МИФИ ҰЯЗУ-да, 26-сы «МЭИ» Ұлттық зерттеу университетінде оқиды. 2025 жылы түрік мамандарын даярлау бағдарламасына тағы 46 адамды қабылдау жоспарланған.
2023 жылдан 2030 жылға дейін Ресейдің жоғары оқу орындарында тағы 300 түрік талапкері даярланады. «Аккую» АЭС-і үшін пайдалану персоналын оқыту үдерісінде атом және атом емес мамандықтар бойынша барлығы 600-ден аса түрік азаматын даярлау көзделіп отыр. АЭС үшін персоналды мақсатты даярлау бағдарламасы Түркия студенттерінің қызығушылығын тудырды. Байқауда бір орынға 78 үміткерге дейін таласады.
Түрік мамандары АЭС басқарудың алғашқы практикалық дағдыларын Ресейде – арнайы құрылған толық масштабты тренажерларда (ТМТ) алады. Қазіргі уақытта «Аккую» АЭС-інде жұмыс істеуге дайындық үшін түрік атомшыларының алғашқы ауысымы ресейлік тренажерларда оқытудан өтіп жатыр. Жалпы, ресейлік дизайнның ең жаңа энергия блоктарын басқаруға қатысатын Түркиядан келген мамандардың 7 тобы (ауысымы) кезекпен дайындықтан өтеді.
Астана – Ыстанбұл – Адана – Мерсин – Ыстанбұл – Астана