• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Тамыз, 2024

Білім ошағы қайта жаңғырды

266 рет
көрсетілді

Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына биыл 135 жыл толып отыр. Тұлғаның мерей­то­йына орай Жүсекең негізін салған тарихи мекен – Баянауылдағы «Мә­дени кіндік» рухани тәрбие және білім беру кешеніне белгітас орнатылды.

Сонау аумалы-төкпелі заман­да жер­лесіміз Жүсіпбек Аймауытұлының ұлт мүд­­десі жолында атқарған істері аз емес. Со­ның бірі – 1921 жылы Семей губерниясында оқу бөлімінің меңгеру­шісі болып тұрғанда оның ықпалымен Баянауыл жерінде ашылған «Мәдени кіндік» білім ошағы. Бұл қазақ даласында халық аштыққа ұшыраған ке­зең еді. Ел-жұрт босып, жетім қалған балалар көбейіп, оларды жергілікті бас көтерер азаматтар Жүсіпбектің айтуымен Қызылтау өңіріне жинайды. Ж.Аймауытұлы және онымен пікірлес ел азаматтары Қызылтау маңында «Мәдени кіндік» деп аталатын білім ошағын салуға бел буады. 1921 жылы Алаш ардақтысы жер­гілікті төрт рудың ірі байларының қаржыландыруымен әлгі жерге әуелі бастауыш мектеп салуға ұйытқы болады. Кейін қыздар мен ер балалардың бөлек жатақханалары, асхана, бірнеше қойма, жертөле қойма, «қызыл отау», дәрігерлік пункт, әкімшілік ғимарат және атқора тұрғызылады. Білім кешені шамамен 1929 жылға дейін жұмыс істеп тұрған деген дерек бар.

«Мәдени кіндік» мекеніне белгітас қою идеясын Ж.Аймауытұлының аталас туысы, баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев алғаш көтерді. Бұл мәселені былтыр «Egemen Qazaqstan» газетінде кеңінен қаузап, «Жүсіпбектің Мәдени кіндігі» деген атаумен көлемді мақала да жариялаған болатынбыз. Игі іс ақыры жөнін тауып, Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры демеуші азаматтарды үйлестірді.

Былтыр осы мекенге арнайы экспедиция ұйым­дастырып, тарихи орынды халық жадында жаңғыртуды мақсат тұтқан едік. Нәтижесінде, ел ішінен Жүсіпбек ұстаған Құран кітап табылды. Енді, мінекей, ел азаматтарының жөн сіл­теуімен белгітасты қойып отырмыз, – деді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Ербол Қайыров.

Іс-шараға қатысқан Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов Жүсіпбек Аймауытұлы мұрасын әрі қарай зерттеп, насихаттауға шақырды.

– «Мәдени кіндік» – Жүсіпбек ата­мыздың бізге қалдырған мұрасы. Оны әрі қарай дамыту, деңгейін көтеру – біздің парыз, – деп атап өтті ол.

Баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев Жүсекең құрған білім ке­шеніндегі ғимараттардың кейбірі сонау тың игеру жылдары да жұмыс істегенін атап өтті. Мектептің өзі жабы­лып тынғанымен, қасиетті мекен ха­лық­тың жүрегінде сақталып қалғаны айқын.

«Белгітас бұл мекенді қорғауға алып, тарихын қайта жаңғыртудың басы деп білемін. Ендігісін айналасы ат шаптырым аумақты қоршап, мал баспайтындай етіп жасаса деген тілек бар. Ал жергілікті ғалымдар, жү­сіп­бектанушылар «Мәдени кіндіктің» ма­ңызы жайында зерттеулер жүргізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі қазақ балаларын заман талабына сай білім-ғылымға үйрету, көкірек көздерін ашу сол бір аласапыран заманда аса күрделі іс болғаны мәлім. Алаш қайраткері­нің еліне жасаған жақсылығын хал­қы­мыз білуі керек. Белгітасты қоюға көмек қолын созған аудан басшысы Ардақ Кісентаевқа, Қызылтау округінің әкімі Жанат Мәжитовке, жергілікті азаматтарға ризашылығымыз шексіз», дейді ол.

Атап өтерлігі, биыл Жүсіпбектің туған жері Дәндебай жазығындағы белгітас та жаңартылды. Ал Аймауыт­ұлы ауылына апаратын жолға былтыр жаңадан асфальт жол төселді. Биыл мұндағы орта мектепке күрделі жөн­деу жүргізіліп, білім ұясы толықтай жаңару үстінде. Жылдамдығы жоғары StarLink интернеті де биылдан бастап іске қосылады. Мектеп басшысының оқу ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Әбілдина мұнда биылғы оқу жылында 100 оқушы білім алатынын жеткізді. Оқу орнында 25 мұғалім еңбек етеді. Алайда кейінгі жылдары жас мамандар төбе көрсетпей тұр. Математика, технология, музыка пәндері бойынша мұғалімдер жетіспейді. Бұған дейін елді мекендегі мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория да жөндеуден өткен. Ауылда адамдардың жайлы тұрмысы үшін бар мүмкіндік жасалған.

Бұл күні Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы тұл­ғаның кіндік қаны тамған ауыл­ға гастрольдік сапармен келіп, қойы­лымдар көрсетті. Ал кешкілік актерлер концерт ұйымдастырып, ауыл кешін думанға бөледі. Театр басшысы Арман Темірбек биыл тұлғаның 135 жылдығы­на орай Керекуде республикалық театр­лар фестивалі өтетінін жеткізді.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Қызылтау ауылдық округі