• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 22 Тамыз, 2024

Фермерлерге астық кептіру үшін арзандатылған сұйытылған газ беріледі

68 рет
көрсетілді

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен күзгі дала жұмыстары мәселелері жөніндегі жедел штабтың бірінші отырысы өтті. Штаб үздіксіз егін жинау науқанына кедергі келтіретін тактикалық мәселелерді дереу шешу мақсатында құрылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айта кетейік, жақын арада Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік корпорациясы» АҚ өкілдері жергілікті жерлерде егін жинау жұмыстарын жедел басқару үшін өңірлерге барады. 

«20 тамыздағы жедел деректерге сәйкес, елімізде 2,2 млн тонна астық бастырылып, 1,1 млн тоннасы жиналды. Ондағы дақылдардың 76%-ы жақсы, 22%-ы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Егін жинау қарқыны былтырғы жылмен сәйкес деуге болады, бірақ толассыз жауған жаңбыр жаппай жұмыс істеуге және дәнді дақылдардың толық пісуіне кедергі келтіріп жатыр», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, бүгінде негізгі астық егетін өңірлерде тәулігіне жалпы қуаты 820,6 мың тонна болатын 1301 астық кептіру агрегаты бар. Осы кептіру агрегаттарының жұмысы үшін 61 мың тонна арзандатылған дизель отынына өтінімдер келіп түскен. Бірақ кейбір облыстарда кептіргіштер сұйытылған газбен жұмыс істейді, сондықтан бұл қондырғыларға арзандатылған газ қажет екені атап өтілді.

Бұл ретте Премьер-министрдің орынбасары С. Жұманғарин АШМ мен ЭМ-ге кептіру агрегаттары үшін қажетті сұйытылған газ көлемін есептеп, фермерлерді арзандатылған отынға кезекте тұрғандар тізіміне қосуды тапсырды. Сондай-ақ әкімдіктерге фермерлердің мобильді кептіру агрегаттарына деген қажеттілігін есептеу, ал қаржы институттарына аталған құрылғыларды сатып алуды субсидиялау мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.