Белгілі адвокат Жания Бодау "Арсыз, надан" сөздері ар-намысты қорлауға жата ма?" деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ол желідегі жазбасында адвокаттық қызметінде ар-намысқа, сөзбен қорлауға қатысты түрлі дауларда азаматтардың құқығын қорғағанын атап өткен. Соның көпшілігі оқырмандарына заңдық тұрғыдан сауатын ашуға қажет деп біледі.
- Мәселен, қазір әлеуметтік желі өміріміздің бір бөлшегіне айналып үлгерді, онлайн алаңда түрлі пікір мен ой қайшылығы жиі көрініс табады. Соның арты бір-бірімізді қорлап, балағаттауға дейін жетіп жатады. Кейбірі сот талқысына өтіп кетеді. Осы орайда, тәжірбиемдегі бір қылмыстық істі бөлісіп қойсам.
Белгілі журналистің үстінен қарсыласы әлеуметтік желіде өзін «арсыз әрі надан» деген сөздермен қорлады деген шағыммен сотқа жүгінген. Мен сотқа журналистің қорғаушысы ретінде қатыстым, мақсатым – оны ақтап шығу және ақтап шығатыныма сенімді болдым.
Неге? Біріншіден, «Надан және арсыз» деген сөздер ешқашан қорлауға жатқан емес. Жалпы қорлау дегеніміз - қылмыстық құқық бұзушылық құрамының маңызды саралау белігісі бар нәрсе, яғни кінәлі адамның әдепсiз әрекеті. Бірақ айыптауға себеп болған сөздер бұл критерийге жатпайды, - дейді Жания Бодау.
Ал екіншіден, «Қазақ әдеби тілінің сөздігіне» сәйкес, арсыз – адамдық қасиеті төмен, арланбайтын, ұятсыз деген мағынада, ал надан – қараңғы, білімсіз дегенді білдіреді, яғни адамға теріс мінездеме бергенде қолданылады.
- Бұдан басқа, аталған сөздер көркем әдебиетімізде жиі кездеседі, ұлы ақын әрі ағартушы Абайдың Үшінші қара сөзін алсақ, онда надан, арсыз деген тіркестер қолданған. Сонымен қатар мақал-мәтелдерімізде де бұл сөздер өте жиі кездеседі.
Хош, сонымен сотта айыптаушы филологиялық сараптама жүргізуді талап етті. Бірақ мен қарсылық білдірдім. Өйткені, сотқа қатысушылар да, судья да қазақ, «арсыз», «надан» сөздерінің мағынасын білмесек, несіне қазақ атанып жүрміз? Судья менің белсендігіме риза болып, сараптамасыз бірден қорғауымдағы журналисті ақтап шықты", - деп жазады адвокат.
Содан соң айыптаушы прокуратурға шағым түсірген. Бас прокурор Берік Асылов соттар филологиялық сараптама жүргізбей, жауапкерді заңсыз ақтады деп, Жоғарғы Соттан үкімнің күшін жоюды сұрайды. Алайда, кассациялық алқа Бас прокурордың наразалығын қанағаттандырмай, ақтау үкімді өзгеріссіз қалдырған.
- Бұл әрбір қорлау, бір қарағанда, ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін қорлау сөздері немесе ақпарат бола алмайтынының нақты әрі қызықты мысалы", - деп атап өтеді Жания Бодау.