• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жастар 22 Тамыз, 2024

«Тау самалында» бас қосқан белсенділер

47 рет
көрсетілді

Республикадағы белсенді жастар саяси лагерьде бас қосты. «Amanat» пар­тиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған жиын­ға еліміздің әр түкпірінен 300-ден аса делегат қатысып жатыр. Іс-шара ­24 тамызға дейін жалғасады.

Түркістан облысындағы «Тау самалы» демалыс аймағында өтіп жатқан лагерь 21 тамызда басталды. Басқосуда жастар топтарға бөлініп, түрлі пікірталастар өткізді. «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, еліміздің барлық өңірінен жиналған делегаттар тек жастар қанатының қызметін жақсартуға емес, сонымен қатар мемлекеттің дамуына бағытталған экономикалық, әлеуметтік, мәдени сипаттағы тың идеялары мен байыпты бастамаларын ұсына алады.

– Лагерь жастардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Әрбір жас азамат мемлекет ісіне белсенді араласуға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастары өзін-өзі ұдайы жетілдіріп, жан-жақты дамытып отыруы қажет екенін атап өткен болатын. Саяси жаңғырту жұмысын жалғастыру үшін тиісті кадрларды даярлау қажет. Іс-шараның басты мақсаты – талантты жастардың басын біріктіріп, Жастар қанатының қатарына белсенді азаматтарды тарту. Жалпы, «Жастар рухының» басым бағыттарының бірі – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жастардың рөлін арттыру, – деді ол.

Жалпы, «Amanat» партиясындағы жобалар мен бастамаларды іске асыруда жастар да белсенділік танытып жүр. Осы орайда «Жастар рухы» жастар қанаты Түркіс­тан облыстық филиалының төрағасы Жан­серік Жұман лагерь жастар қауымының әлеуе­тін арттыруды көздейтінін атап өтті.

– Лагерьге қатысушылар – өз өңірлерінің қалыптасқан жас көшбасшылары ғана емес, сонымен қатар ісін жаңадан бастаған белсенділер, сондай-ақ су тасқыны, Қостанай және Абай облыстарындағы орман өрті, Екібастұздағы төтенше жағдай кезінде және өзге де оқиғалар барысында өздерін танытқан волонтерлер. Бұл – белсенді жастар пікір, тәжірибе алмасатын, патриотизм мен жауапты азаматтық ұстаным қалыптастыратын таптырмас алаң, – деді ол.

Саяси лагерьде жастар үшін жеке ­және кәсіби қасиеттерін дамытуға арнал­ған түрлі бағыттағы тренингтер мен тимбилдингтер өтеді. Іс-шарада психолог Ержан Мырзабаев, саяси кеңесші Назым Жанғазинова, тележүргізуші Әйгерім Есенәлі, журналист Санди Сұлтан, тағы басқа сарапшылар қатысушыларға арнап оқыту семинарларын өткізеді. Сондай-ақ жас белсенділерге Мәжіліс депу­таттарының, «Amanat» фракциясы мүше­лерінің қатысуымен «Bir tolqynda» диалог алаңы ұйымдастырылады.

– Республикалық лагерь жастардың мансап жолындағы алғашқы қадамы болатынына сенімдіміз. Мұнда танымал сарапшылар, түрлі саладағы білікті мамандар бізге коммуникация және PR негіздерін үйретіп, саясаттану және отбасылық, қоғамдық қатынастар бойынша арнайы курс ұйымдастырады. Мен осында білімімді жетілдіріп, тың әсер алу және жаңа дос табу үшін келдім, – деді лагерь қатысушысы Алмат Есенбеков.

QUIZ ойындары барысында жас­тар түрлі байқауларға, қызықты интел­лектуалды-сауық кешінде бақтарын сынайды. Жиын аймақтардың концерттік нөмірлерімен жалғасады.