• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 22 Тамыз, 2024

«Жасыл ел» жасағының жетістігі

61 рет
көрсетілді

Елімізде «Жасыл ел» жалпы ұлттық жобасы аясында 38 мыңға жуық жас жұмысқа орналасты. Оның ішінде орта мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері бар. Жазғы уақытта жастарды жұмыспен қамтуды көздеген бастаманың биылғы маусымы аяқталуға жақын. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров еңбек жасағының жұмысы туралы сұрақтарымызға жауап берген еді.

– Қайрат Тельманұлы, «Жасыл ел» жасағына рес­пуб­лика бойынша биыл қанша жас тартылды?

– «Жасыл ел» атауы елі­міздегі әрбір жасқа жақ­сы таныс. Жоба сонау 2005 жыл­­дан бастап тұрақты жү­зеге асырылып келеді. Ке­шенді бағдарлама біраз жас буынның Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, рес­публиканың түкпір-түк­пірін жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. Оның үстіне, жазғы демалыстарында бос сенделмей, еңбек етіп, қосымша қар­жы табуына жол ашты. Ұлт­тық бастама жас отан­даста­ры­мыз­дың ортақ идеялар тө­ңі­­регінде топтасуына сеп болды.

Биыл маусым айының ба­сынан бері 37 286 жас жұ­мысқа орналастырылды. Жо­баға 14 пен 34 жас аралы­ғын­­дағы жұмыссыз жастар қа­­тысты. Оларға арнайы киім үл­гісі және қажетті құ­рал-жаб­дықтар берілді. Ең­бек жа­сақтары айналаны кө­гал­­дандыруға, қала, аудан, ауыл маңдарын, көшелерін та­зартуға, спорттық кешендер мен өзен-көл жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын та­зар­­туға атсалысады. Осы ба­­­­­ғыт­тағы жұмыстар мау­сым айы­нан бастау алып қыр­­­кү­йек айына дейін атқа­ры­лады.

Бағдарламаға Абай облысынан – 1100, Ақмола облысынан – 4156, Ақтөбе облысынан – 1520, Алматы облысынан – 1000, Атырау облысынан – 1000, Батыс Қазақстан облысынан – 1475, Жетісу облысынан – 635, Қарағанды облысынан – 4822, Қостанай облысынан – 1708, Қызылорда облысынан – 1200, Маңғыстау облысынан – 2660, Павлодар облысынан – 1924, Солтүстік Қазақстан облысынан – 755, Түркістан облысынан – 1500, Ұлытау облысынан – 598, Шығыс Қазақстан облысынан – 2000, Астана қаласынан – 4200, Алматы қаласынан – 2100, Шымкент қаласынан – 1313, Жамбыл облысынан 1620 жас қатысты.

– Олардың жалақысы қан­­ша болды? «Жасыл ел» сарбаздары қандай акция­ларға қатысып, белсенді жұмыс істеді?

– Министрлік 2023 жылы «Жастар еңбек жасақтарын құру, ұйымдастыру, қамта­масыз ету, сондай-ақ олар­дың қызметіне мониторинг жүргізу қағидаларын» бекітті. Сол қағидаларына сәйкес қазіргі таңда жастар еңбек жасақтары Жастар ресурстық орталықтарының базасында құрылады. Биыл жастар еңбек жасақтарын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 3 659,9 млн теңге бөлінді. Осы орайда тал-теректерді күту мен көгал­дандыру, елді мекендерді абат­тандыру және құрылыс жұмыс­тары секілді бағыт­тар­дағы қызметтерді атқарған жастардың орташа жалақысы – 90 мың теңгені құрады.

Жастар еңбек жасақта­рын жұмысқа орналастыру мүм­кіндіктері және олар­дың қызметі туралы ақпа­рат БАҚ-та және жастар ре­сурстық ор­талықтарының ак­каунттарын­да тұрақты түрде орналастырылып отырды. Арнайы құжаттары мен өті­ніштері не­гізінде жұмысқа орналасты.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы жалға­сып жатыр. Мұндағы басты мақсат – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағ­дайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәде­ниет­ті қалыптастыру жә­не ны­ғайту мақсатында құ­рыл­ған қоғамдық игілікке ұқып­ты­лықпен қарау қағидат­та­рын қалыптастыру. Аталған рес­публикалық деңгейдегі эко­логиялық акцияға «Жасыл ел» жасағы да сүбелі үлесін қосты. Бұл жобаның аясын кеңейтіп, оны әртүрлі әлеу­меттік мәртебедегі жас­тар үшін қолжетімді және қы­зықты етті. Осылайша, мау­сым кезінде өңірлерде жас­тар еңбек жасақтарының жауынгерлері қатысуымен экологиялық квесттер мен ойындар және жалпыұлттық экоплогинг өткізілді.

Мәселен, «Жасыл ел» жобасы Қосшы жастарының жазғы демалысын тиімді өт­кізуге мүмкіндік берді. Олар жоғарыда атап өткен жұ­мыстардан бөлек, қоғамдық өмірге араласу үшін түрлі экологиялық акциялар мен челлендждер, тренингтер сияқ­ты қызықты іс-шараларға қатысты. Сол іс-шаралардың бірінде Жастар ресурстық орталығының волонтерлері мен «Жасыл ел» еңбек жаса­ғы­ның қатысушылары қала­лық ардагерлер алқасы­ның ақсақалдарымен жүздес­ті. Кездесуде отбасы құндылық­тарын насихаттау, өскелең ұрпақ арасында ұлттық салт-дәстүрлердің кеңінен та­ра­луына ықпал ету, жас­тарды еңбеккерлікке баулу, қа­ламыздың патриоттары болу­ға шақыру төңірегінде ой қозғалып, қазыналы қарт­тары­мыз жастарға ақыл-ке­ңес­терін айтты. Биыл жазда Қосшы және Тайтөбе мек­тептеріндегі 14 жастан асқан сексен бала 80 мың теңге жалақы алды.

– Жалпы, жұмыс барысында елімізде қанша қоқыс қалдығы шығарылды? Қан­ша жасыл желек егілді?

– Жұмыс кезеңінде жас­тар еңбек жасақтары 100 тоннадан аса қоқыс шыға­рып, 330,3 мың жасыл желек отыр­­ғызды. Бастысы жастар «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны нақты істе түсінді деп санаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»