• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 23 Тамыз, 2024

Мажарстан сахнасында ән шырқайды

36 рет
көрсетілді

«Астана Опера» театрының солисі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық байқаулардың лауреаты Азат Мәлік күзде Мажарстан мемлекеттік опера театрының сахнасында америкалық композитор Джон Адамстың «Қытайдағы Никсон» операсының премьерасына қатысады. Қазақ елінің баритоны 22, 29 қыркүйекте, сондай-ақ 5 қазанда өнер көрсетеді деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, Азат Мәлік – «Astana Opera» халықаралық опера ака­­де­­мия­сының, сондай-ақ Фе­ренц Лист ака­демиясының түлегі. Оның Ма­жар­­стан мем­лекеттік опера театрымен ты­ғыз бай­ланысы Будапештте магистратура­да оқып жүргенде, Ева Мартон бай­қауындағы жеңі­сінен кейін басталған еді. Бұған дейін ол Мажарстан сахнасында А.Пон­кьел­ли­дің «Джоконда» операсындағы Барна­баның, Ж.Бизенің «Кармен» операсында Эска­мильо­ның,  Дж.Пуччинидің «Богема» операсында Шонардың рөлдерін ойдағыдай орындады.

«Бұйырса, қыркүйек-қазан айларында «Қы­тайдағы Никсон» операсының 5 спек­так­ліне қатысамын. Ол жерде Қытай Халық Республикасы құрылғаннан бастап, өмірінің соңына дейін осы елдің Мемлекеттік кеңесінің бірінші премьер-министрі болған Чжоу Эньлайдың басты рөлін сомдаймын. Осыған дейін Мажарстан мемлекеттік опера театрында бірқатар спектакльде өнер көрсеткен едім. Сондықтан осы ел мен үшін сондай ыстық, адамдары да мейірімді. Ал көрермені операны жақсы қабылдайды. Әр спектакльден кейін ізгі тілектерін айтып, әсерлерімен бөліседі, қайтадан сол сахнада қуана күтеді», дейді Азат Мәлік.

«Ұстазым – Мажарстанның Халық әртісі, әлемге әйгілі опера әншісі, Ф.Лист атын­дағы Мажарстан ұлттық музыка академиясының ­про­фессоры Ева Мартон, ал концертмейстерім – осы академияның профессоры Каталин Алтер жақын жандарымдай болып кетті. Маған сенім артып, арнайы шақырғандары үшін аталған елдің мемлекеттік опера театрына ризашылығымды білдіргім келеді. Қашан барсам да, төрін ұсынып, жақсы қарсы алып жатады», деді опера әншісі.

Сондай-ақ ол өзі де Ференц Лист ака­де­миясының түлегі екенін, сол себепті Мажар­станға жолы түскенде әрдайым өз үйіне бар­ғандай болатынын атап өтті. 

«Қытайдағы Никсон» жайлы айтатын бол­сақ, бұл – Джон Адамстың ең алғашқы опе­расы. Туынды Ричард Никсонның 1972 жы­лы ақпанда Қытайға жасаған маңызды са­пары жайлы баяндайды. Композитор өнер­дің тілімен саясат пен әлемдік ахуалға өзіндік көзқарасын білдіруге тырысқан. Музыка сыншылары оны бірден қазіргі заманғы ең жақсы опералардың бірі деп баға берді. Операның әлем­дік премьерасы 1987 жылы Техас штатының Хьюстон қаласындағы Гранд Опера театрында өтті. Ал Мажарстан мемлекеттік опера театрының сахнасында маусымның ашылуына орай алғаш рет қойылмақшы», деді ол.

Өнерпазымыз орындайтын опера пост­модерндік ағымдар аясында музыкалық ми­ни­мализм стилінде жазылған. «Қытай­дағы Никсон» операсының вокалдық партия­ла­рының бір ерекшелігі – әуезді айтылу стиліне бағытталған. Кейіпкер партияларының әуез­ділігі кең емес, олар бұрыштық мақамымен, жеке дыбыстардың қайталануымен, сазды және ырғақты үлгілердің схематизмімен ерекшеленеді. Сонымен қатар үшінші акт кейіпкерлерінің бөліктері күрде­лене түседі, бұл вокалдық сипаттамалардың дәйек­ті терең­деуін көрсетеді. Айта кетейік, баритонның мұндай стилін бірінші рет орындайын деп тұр. Сондықтан да бұл опера қазақ өнерпазының репертуарындағы премьерасы болмақ.

Сондай-ақ Азат осы театрда 2024 жыл­дың қа­раша, желтоқсан ­айларында Дж.Верди­­дің «Фальстаф» опера­сының 9 қойылымында, ­2025 жылдың наурыз, сәуір айларында ­Дж.Пуч­чинидің  «Батыстан келген қыз» опера­сының 10 қойылымына қатысатынын айта кетуіміз ­керек. Бұған қоса, әрине, жаңа маусымда «Астана Опера» сахнасында да ел көрермендерімен қауышады.