Бүгінгі қоғамда жасанды интеллект адамның көмекші құралына айналды. Ол күнделікті өмірден тыс барлық салада керегіңізге жарамды. Тіпті денсаулығымды жақсартамын десеңіз де бесаспап роботтар көмекке дайын. Бұған дәлел «Perceptive» компаниясының жаңа робот тіс дәрігері.
Таяуда Бостонның «Perceptive» компаниясы жасаған робот алғашқы жұмысын бастады. Жасанды интеллектіге негізделген жүйе 3D көлемді сканерді пайдаланады. Ол оптикалық когеренттік томография (ОСТ) көмегімен тістерді, қызыл иекті және тіс астындағы жүйке талшықтарымен қоса, ауыз қуысының егжей-тегжей 3D үлгісін жасайды. Бейнелеу технологиясы тісжегіні 90 пайыздан астам дәлдікпен анықтайды. Мұның бәрі пациенттің әдеттегі рентгендік сканерлеуде болатын иондаушы сәулеленуге ұшырамауына мүмкіндік береді.
Жүйе процедураларды орындау үшін 3D визуал және роботтехниканы біріктіреді. Компания мүшелерінің айтуынша, робот дәрігер тіс қаптамасын қою сияқты тапсырмаларды әрқайсысы кемінде бір сағаттан екі реттік қабылдауды талап ететін қазіргі әдістің орнына 15 минутта орындайды.
«Perceptive» компаниясының жасанды интеллект алгоритмдері ақпаратты операция жоспарына айналдыра отырып, 3D деректерді интерпретациялайды. Компания бұл процедураларды жақсартуға болатынын айтады. Стоматологтер дәстүрлі емдеу шараларына қарағанда аз уақыт ішінде жоғары сапалы күтіммен пациенттерді диагностикалау және емдеу үшін роботтарды пайдалана алады. Сонымен қатар жаңа технология қол еңбегіне деген қажеттілікті азайтады екен. «STAT News» мәліметтеріне сәйкес америкалық компания өзінің алғашқы тәжірибесін Колумбиядағы Барранкилья қаласында өткізген. Бұл жайлы «Perceptive» компаниясының негізін қалаған бас директор, доктор Крис Сириелло (Chris Ciriello): «Біз әлемдегі алғашқы толық автоматтандырылған роботпен стоматологиялық емдеу шараларын сәтті аяқтағанымызға қуаныштымыз. Бұл медициналық жетістік стоматологиялық процедуралардың дәлдігі мен тиімділігін жақсартып, клиникалық нәтижелері емделушілерге жоғары сапалы стоматологиялық көмекке қолжетімділікті арттырады», деп айтқан екен.
Жақында ғана таныстырылған стартаптың жұмыс істеуі үшін 30 миллион доллар қаржы жиналды. Компания инвесторларының қатарында «Y Combinator» және Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Марк Цукербергтің әкесі, тіс дәрігері, доктор Эдуард Цукерберг бар.
Негізінен аталған технология тәжірибеде қолданылғанымен, халықаралық дәрежеде сатылымға шықпады. Тіпті АҚШ-тың өзінде қолданысқа енген жоқ. Өйткені кеңінен қолданылатын қызметке айналмас бұрын «Perceptive» жасаған робот-стоматологті АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) мақұлдауы қажет. Ал оның жүзеге асуы үшін бірнеше жыл күту керек деседі.
Осылайша, Бостондағы (АҚШ) стартап компаниясы әлемдегі алғашқы толық автоматтандырылған стоматологиялық процедураны роботтық технология арқылы жасап, тарихқа енді.
Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті