• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 23 Тамыз, 2024

Чарлидің күнделігі

89 рет
көрсетілді

Адам ақыл ойы мен төлтума болмысының қат-қабат қыртысы сөзсіз пәлсапалық, індете қазсақ, этикалық және моральдық категорияларымен таным таразысына тартылады. Америкалық жазушы Дэниел Киздің 1966 жылы жарық көрген «Алжернонға арналған гүл» («Flowers for Algernon») романында наубайханада тазалықшы болып жұмыс істейтін отыз екі жастағы ақыл-есі кем Чарли Гордонның оқиғасы баян­далады. Ол интеллектуалдық деңгейін көтеру тәжірибесіне өз еркімен қатысады. Ондағы мақсаты – өзінің мақтауға лайық бола алатынынотбасы мен айналасындағы адамдарға дәлелдеу.

Роман ақыл-ойдың дамуы мен кері кетуінің үдерісін, құндылықтың құбылмалы қалпын, көңілдің өзгергіштік бейімділігін назарға алады. Сана-сезімнің қоғамдық байланыстағы маңызын көрсетеді. Ғылым және оның адам өміріндегі орны туралы философиялық сауалдарды ортаға салады, ең бас­тысы, кішкентай отбасыдан басталған өте үлкен әлеуметтік трагедия сөз етіледі.

Оқиға барысы ғалымдар жүргізуді міндеттеген бас кейіпкердің есеп-күнделігі арқылы көрінеді. Жан-сырын ақтарып жазғаннан кейін, онда Чарлидің бүкіл ішкі ахуалы анық аңғарылады. Сол арқылы ғалымдар емделушінің бет бұрысын байқап отырады.

Күрделі отадан кейін Чарли өз әрекеттері мен сезімдеріне жауап бере алатын ақыл биігіне көтеріледі, қоғаммен қалыпты қарым-қатынас жасауды үйренеді. Барлық саланы игеруге күш жұмсайды. Бастапқы кездегі қиқы-жиқы грамматикасы кейін қатеден мүлде ада болады. Жазбалардағы ой салмағы ауырлай береді. Ал бірнеше айдан кейін Чарли үлкен ғалымға айналады.

«Кіндөлүктегі» алғашқы жазбалар өте сауатсыз болса да, ақыл-есі дамыған кезде жазған «күнделігінен»  әлдеқайда сезімге бай. Онда Чарли айналаға тап-таза көңілмен қарайды. Алайда оның әлемге ашықтығы айналасынан қолдау тап­пайды. Мазақ пен мысқыл одан бәрі­бір қалмайды. «Йегер сен ақылды босаң, дос­тарың көп болад және ішқашан жалғыз қамайсың», дейді жазбасының бірінде.

Қоғам мен Чарлидің ортасындағы басты қиындықтың себебі – тәжірибе барысында ғалымдар оның сезімталдығын сол деңгейде қалдырып, тек ақыл-ойын дамытты. «Құр білімділіктен мысқалдай пайда жоқ екенін енді түсініп жатырмын. Сендердің университеттеріңде зейін мен зерде ең құдіретті саналады. Бірақ мен сендер байқамағанды білем: адами сезіммен сәулеленбеген жалаң білім бақырға да татымайды», деп ой қорытады жазбасында. Бәлкім осы себептен адам­дардан опа таппай, Чарли дәл өзі секілді тәжірибе нысанына айналған кішкентай тышқан – Алжернонды дос тұтады.

Шығармада адамның тұлға болып қалыптасуына отбасының әсері мәселе болып көтеріледі. Ақыл-есі кем бала дүниеге келісімен Чарлидің анасы бұл «қателікті» түзеуге тырысты, оны дамытты, бірақ оған мейрім шуағын төге алмады. Ой-өрісі кеңейген күннің өзінде Чарлиге аналық махаббат жетіспейді. Бала кездегі қорқыныш пен қалаулар оның кеудесін тастап кетпейді. Аналық, мейірім жетіспеуі, оған ұласқан ер мен әйел арасындағы махаббатты мамандандырылған мектепте сабақ беретін мұғалімі Алисадан табады. Қарама-қайшылыққа толы оқиғадағы махаббат желісі осылай дамиды. «Мен оны шапалақпен салып қалғым келді, алдымда тізерлетіп жүргізгім келді. Содан соң  оны қатты құшақтап, сүюді қала­дым», дейді Чарли.

Автор басты кейіпкердің образын одан сайын ашу үшін ұқсас екі болмысты шендестіру тәсілін пайдаланады. Өзіндік «меннің» тұтастығына жету жолындағы қиындықтар арқылы басты кейіпкерді айнаның арғы жағынан көрсетеді. Біздің жағдайда ол – Алжернон.

Барлық тәжірибе әуелі осы кіш­кентай тышқанға жасалған еді. Ол ға­лымдар әрекетінің барлық салдарын өзі кешті, соңында әрине қайғылы нәтижесін де. Көп ұзамай басты кейіп­кер де тышқанның кебін киеді. Роман Чарлидің мына жазбасымен аяқталады: «Дала салқындап барады бірақ мен бәрбір Алжернонның биітіне гүл шоғын қойдым. Мисис Муни өлген тышқанға гүл қою ақмақтық диді мен оған айттым Алжернон йерекше тышқан-тұғұн деп».

Айта кетейік, Дэниел Киздің «Алжер­нонға арналған гүлі» қазақтілді оқырман­дар­ға биыл бірінші рет жол тартып отыр.­ Аударған – белгілі ақын Дәурен Берік­қажы.