Халқымыздың ауызекі тұрмыстық сөзінде «сіргелі тайынша» деген тіркес бар. Мұндағы «тайынша» атауын бәріміз білеміз. Ал келесі сөз «сірге» хақында айтар болсақ, «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты бестомдық энциклопедияның төртінші томының 308-бетінде: «Сірге – енесін емуге мүмкіндік бермеу үшін төлінің тұмсығына тағылатын құрылғы», деген анықтама беріліпті.
Ал мына фотода өздеріңіз көріп отырған дүние енесін еміп қоймау үшін тайыншаның тұмсығына кигізілетін кәдімгі қолдан жасаған – сірге. Дәл осы сірге Ресейдің аса үлкен мәдени ошағы ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейінде (Кунсткамера) қорында КП1287-48 ретпен сақтаулы тұр.
Аталған жәдігер туралы анықтамалықта: «Киргизы. Казахстан, Северо – Казахстанский р-он (Акмолинская обл., Петропавловский уезд). Начала ХХ века» деп жазылыпты, бұйымды музейге 1908 жылы К.В.Щенников деген патша шенеунігі тапсырғаны хақында мәлім етіліпті. Осындағы деректе айтылғандай, сірге ағаштарының ұзындағы 32-34 см, алажіп бауларының ең ұзыны 76 см болса, ең қысқасы 36 см екен.
Суретте көріп отырғандарыңыздай, тұмсығына төрт жағы үшкірленген сірге ағаш тағылған төл (тайынша, тай, серкеш, тоқты, т.б.) енесін емуге ұмтылған сәтте, сіргенің үшкірленген ұшы енесінің желін-қарнына шаншылып, шошынған мал төлін теуіп емізбейді. Бірақ сірге төлдің жайылуына, су ішуіне кедергі келтірмейді.
Малдың тұмсығын сірге ағашы қажамас үшін сыртын киіз немесе былғары тері бұйыммен орап қояды да, шетіне бау тағады. Осы бау арқылы сіргені малдың желкесіне орай байлап бекітеді. Бұны ел арасында «тұмылдырық сірге» деп атайды.
Сондай-ақ сіргенің тағы бір қарапайым жалғыз ағашты жонып жасаған түрі болады. Оны қолданудың тәсілі – қысқа жұмыр ағаштың сыртын тегістеп жонған соң, екі ұшын үшкірлейді. Сіргенің ұзындығы төлдің шамасына қарай таңдалады. Төл танауының қос тесігінің арасындағы жарғаққа сіргенің дәл ортасын сәйкестендіріп орнатады да, сыпырылып түсіп қалмау үшін екі жағына жалпақ көн таспа кигізіп бекітеді. Мұны халық арасында алып-салуға ыңғайлы «істік сірге» деп атайды.