Күрес түрлерінен Йордания астанасы Амманда өтіп жатқан жастар арасындағы (U-17) әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні өрендеріміз қос күміс медальға қол жеткізді.
Жарысты грек-рим күресі шеберлері бастады. Алғашқы күні екі балуанымыздың қанжығасы майланды. 55 кг салмақтағы Алпамыс Болатұлы қарсы келгендерін қоғадай жапырып, ақтық сынға алқынбай жетті. Алайда бас жүлде үшін бәсекеде қандасымыздың жолы болмады. АҚШ-тың өкілі Джейден Рэнниден небәрі екі ұпай айырмашылығымен (5:7) жеңілген Алпамыс күміс медальды қанағат тұтты.
80 кг салмақта сынға түскен Еркебұлан Әнапия да дәл сондай нәтиже көсетті. Бастапқы бәсекелерде украиналық Владислав Солодчук (11:0) пен молдовалық Никита Апостолды (8:0) ойсырата ұтқан қазақ өрені жартылай финалда әзербайжандық Орхан Гаджиевтің жаурынын жерге тигізді. Бірақ шешуші тұста Еркебұланның бұл жарысқа бейтарап спортшы ретінде қатысқан ресейлік Михаил Шкаринге (0:3) әлі жетпеді.
Едіге Төлеутай (48 кг) жартылай финалда ирандық Армин Шамсипурхажи және қола медаль үшін тарыста әзербайжандық Амрах Амановтан айласын асыра алмады. Келесі күні белдескен Ерасыл Мұсан (48 кг) үндістандық Сайнат Пардхиденге және Дамир Әбілда (45 кг) қырғызстандық Бекжан Бейшембаевқа жол берді. Бұл балуандардың барлығы да бесінші орынды қанағат тұтты. Сөйтіп, атақты балуан Алмат Кебісбаев жаттықтыратын Қазақстанның грек-рим күресі өкілдері Аммандағы жарысты қос күміспен қорытындылады.
Одан кейін әйелдер күресінен бәсекелер басталды. Бұл жарыста Жасмина Бақоева (40 кг), Әнел Бүркітбаева (43 кг), Медина Қуанышбек (46 кг), Фарида Әбдірахманова (49 кг), Мадхия Усманова (53 кг), Анна Стратан (57 кг), Жайдар Мұқат (61 кг), Ұлдана Тілеухан (65 кг), Қызжібек Жарқынбаева (69 кг) және Ақбота Қадыр (73 кг) сынды сұлулар өнер көрсетіп жатыр. Қазіргі кезде Анна мен Ұлдананың жартылай финалда сүрінгені белгілі болды. Енді олар қола медаль үшін таласады.
Бұрымдылар өз бәсекелерін аяқтағаннан кейін еркін күрестен өтетін жарысты тамашалаймыз. Аталған додада ел құрамасының аға жаттықтырушысы Дәулет Ниязбеков мына шәкірттеріне сенім артты: 45 кг – Бекзат Амангелді, 48 кг – Дамир Қали, 51 кг – Ибрахим Ысқақбек, 55 кг – Ералы Әскербек, 60 кг – Бекасыл Асамбек, 65 кг – Бақдәулет Әкімжан, 71 кг – Әмір Оразбаев, 80 кг – Бейбарыс Ерғали, 92 кг – Райым Мәулетов және 110 кг – Едіге Қасымбек.