• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мирас 24 Тамыз, 2024

Қазақи қазынамызға қамқорлық қажет

202 рет
көрсетілді

Тазы мен төбет – қазақтың байырғы ит тұқымы халқымыздың ұлттық қазынасы. Осы бір мәдени-тарихи құндылығымыз соңғы жарты ғасырда мүлде сиреп, қазіргі уақытта жойылудың аз-ақ алдында тұр. Мемлекет тарапынан арнайы заң қабылданып, қазақ иттерінің генетикалық бейінін жасауға, генофондын көбейтуге жол ашылғанымен, жауапты ұйымдар тарапынан жүйелі қадамдар байқалмай отыр.

Қазынамызға қауіп төніп тұр

«Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданғалы бір жарым жылдан астам уақыт өтті. Асыл текті иттер еліміздің көптеген өңірінде тіпті жойылып кету алдында тұр. Былтыр шілдеден бастап елімізде қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығы жұмыс істей бастаған. Бұған қоса «Қазақстан кинологтер одағы» да қазақтың құмай тазысын көбейту міндетіне жауаптанған. Алайда еліміздің кейбір мамандары құндылығымызды сақтау бағытындағы жұмыстарға қарап, қарындары ашатынын айтады.

«Қансонар» республикалық қауым­дастығының бас директоры Мұ­рат Қабылбеков еліміздегі тазы мен төбеттің тұқымдық сапасын арттырып, ежелгі қасиетін сақтап қалу бағы­тындағы жұмыстар бағытынан жаңы­лысқанына назар аудару керегін айтады. Жануарларды көрмелердің экспонатына, жай ермекке, сән-салтанатты саятшылыққа айналдыруды мақсат еткен түрлі ұйым керісінше қазақ тазысы мен төбеттің сиқын бұзып бара жатыр деп есептейді.

– 2023 жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қарауынан өткен заң жобасын қолдап, арнайы құжатты қабылдады. Президентіміз ұлттық құндылығымызға аса жанашыр екенін байқатып, оны мемлекеттік қорғауға алатынын жеткізді. Өкінішке қарай, арада бір жарым жылдан астам уақыт өтсе де, жануарлардың тұқым­дық сапасын арттыруға бағытталған іс-ша­раларда жүйе жоқ. Осы уақыт ішін­де қандай нәтижелер көрсете алдық? Мем­лекет басшысына қандай мәліметтер дайын­далады? Ата-бабамыз бізге аманат­тап кеткен тазы мен төбетті келешек ұр­паққа қандай күйде жеткіземіз? Генетикалық қасиетін қайта жаңғыртқан ақылды иттерді ме, әлде көрмелерде сән үшін пайдаланылып, борсықтың терісін көрсе, тұра шабатын салпаңбайларды ма? Қазақ тазысы деген атқа лайық жа­нуарларды аң аулаусыз, питомникке қа­мап өсірген мүлде дұрыс емес. Бұл бағыт­тағы жобаларды біздің ұйым қол­дамайды, – дейді Мұрат Қабылбеков.

Оның сөзінше, қаны таза қазақ тазысы аңның иісін алмаса бетімен ша­ба жөнелмейді. Кейінгі жылдары жиі ұйымдастырылатын «Шырға салу» сайы­сында аңның құр терісін сүйретіп, соңынан тазы жүгіртіп қойғандардың қылығына таңғалмасқа шараң жоқ. Ал құр сүйретілген аң терісі ақырында тазының генетикалық сапасын жо­йып тынуы мүмкін. Бұған қоса иттер тө­белесіне қазақ төбеттерін тықпалау үрдісі етек алып барады. Жалпы, қазақ төбеті – жуас ит. Адамға тиіспейді, малға сақ. Алайда одан жауынгерлік ит жасау тіпті ақылға сыймайды.

Мұрат Қизатұлы әңгімесін одан әрі жалғай түсті.

– «Қансонар» қауымдастығы ұлты­мыздың жеті қазынасының бірі саналатын қазақы ит тұқымдарын қалпына келтіру және сақтау мәселесіне 10 жылдан астам уақыттан бері бастамашы болып, тұрақты айналысып келеді. Тәжірибелі мүшелеріміздің барлығы, сондай-ақ тазы мен төбет өсіретін азаматтар бұл жануарларды аңшылық пен мал күзетінен айырмау керегін жақсы ұғынып отыр. Кейде ел ішінде өрісте жүрген малға қасқыр мен шибөрі шауып, қырып кеткені туралы ақпаратты естіп, біліп жатамыз. Бұл біздің мал өсірушілерде қазақ төбетінің өте аздығын білдірсе керек. Себебі нағыз төбет жүрген жерінде түз тағысына мал алдырмайды.  Ал оның бұл қасиеті тек қанмен ғана келмейді, күшік кезінен соған баулығаны да мол әсер етеді. Тазы мен төбетті питомникте қамап ұстап, санын көбейтеміз десек, ол – құр далбаса. Сондықтан оларды еркіндікте өсіріп қана қасиетін арттыру мүмкін болмақ, – дейді ол.

Қауымдастық бұған дейін еліміз бо­йынша 200 тазының ДНҚ-сын тексеріп, олардың сапалық қасиетін көтерудің бірнеше бағытын белгілеп қойған. Мұн­дай жұмыс енді төбетке байланыс­ты да жүзеге асырылып жатыр. Бұл зерттеулер иттердің селекциялық ірік­телуіне, тұқымдық сапасы бойынша алға озғандарын көбейтуге мүмкіндік береді. Тазы мен төбетті генетикасы бойынша іріктеп алу бір мәселе, ал олардың ежелгі жұмыс сапасын, интеллектуалдық ерекшеліктерін сақтап қалу одан да өзекті. Яғни тазының аңшы­лықтағы ерекше инстинктік қасиет­терін, ал төбеттің мал қорғауға аса сақтықпен қарап, иесіне адалдық танытуы, жыртқыштарды жолатпауы, тағысын тағы қасиеттерін жоғалтпауына лайықты жанашырлық керек. Құмай тазылар жартастағы петроглифтерде бейнеленгені тегін емес.

 

Орталық не бітіріп отыр?

Жалпы, тазымен аң аулаудың қазақ даласында аса танымал екені туралы алғашқы мәліметтер ХVIII ғасырда жи­һанкездер мен зерттеушілердің, соның ішінде П.Паллас, И.Фальв, И.Геор­ги жазбаларында баяндалады. Ал ХІХ ға­сырда П.Мачеварианов, М.Богданов, Л.Са­банеев, Я.Полферовтің жазбаларында да ұшырасады. Қазақтар тазымен қоян, түлкі, елік, қасқыр, киік аулаған. Аңшылыққа көбіне жалғыз итпен шығатындықтан, тазының көзі өте қырағы әрі өзі ұшқыр болуға тиіс. Бұған қоса табиғатынан иісшіл болып жаратылатыны бар. Қасқыр аулау үшін бірнеше тазы мен бүркітті пайдаланатыны айтылады. Қазақтар арасында тазы жоғары бағаланғаны сонша, кейде оның құны бірнеше жылқыға тең болған. Ал тазы тұқымының алғашқы стандарты 1925 жылы қабылданып, 1932 жылы баспасөзде жарияланған екен. Қазақ жерінде кең таралған тазы иттердің кеңес өкіметі жылдарында санының күрт кемуіне алаңдаған ғалым А.Слудский дабыл қағып, оларды қорғауға алу қажеттігін ескерткен еді. Алайда кеңес өкіметі кезіндегі отарлаушылық саясат жергілікті жердегі елдің бет-бейнесі мен жердің экологиясына ғана зардабын тигізіп қойған жоқ, тіпті төбет пен тазының тұқымына да салқынын тигізді. Сөйтіп, кеңес өкіметі жылдары оның саны азайып, ал тұқымдық қабілеті азып кетті. Қазақ тазысының заманға сай стандарттарын 2007 жылы Қазақстан кинологтері одағы қабылдады. Содан бері ол бірнеше мәрте жетілдірілді.

Осы орайда өткен жылдың шіл­де­сінде құрылып, іске кіріскен қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығына хабарласып көрдік. Ұйым басшысының орынбасары Жақып Есполаев қазіргі уақытта орталық мамандары негізінен ел бо­йынша тазы және төбеттің көрмелерін өткізіп, үздік тұқымдарын іріктеу үстінде екенін баяндады. Айтуынша, отандық ит мамандарының алдында тұрған негізгі мәселе – қазақтың тазысы мен төбетін әлемдік деңгейде мойындатып, Халық­аралық кинология федерациясына тіркеу (FCI). FCI — кинология мен таза тұқымды ит өсіруді дамыту және қорғау мақсатында құрылған халықаралық кинология федерацияларының қауым­дастығы. Бельгияның Тюен (Thuin) қаласында орналасқан. Оған 100-ге жуық мемлекеттің ұлттық кинология ұйым­дары, оның ішінде Қазақстан кинологтер одағы (ҚКО) кіреді.

– Жуықта Астанада еліміздегі сұрып­талған тазылардың көрмесін ұйым­дас­тырдық. Олардың біразы Қазақстан кино­логтері одағының есебінде тұрса, енді бір бөлігі Балқаш, Қарағанды, Павлодар, т.б. өңірлерден жаңадан әкелініпті. Сарапшы маман Наталья Дровосекова бұл иттердің барлығын тек­серіп, сараптама жасады. Оларға ата­тектерінің тазалығына қатысты анықтама берді. Иттердің қайсысының ұрпағын жал­ғастыру маңызды, қайсысы ерекше, соларды анықтады. Оның алдында Халық­аралық кинология федерациясы өкілдері қатысқан көрмеге де 100 ит әкелініп, осы­лайша сұрыпталған, – дейді орталық өкілі.

Орталық мамандары ғалым­дармен, сарапшылармен, ит өсіру­шілермен тізе қоса отырып, қазақтың тазысын Халықаралық кинология федерация­сына тіркеу бойынша жұмыстар­ды аяқтап қалған. Ал төбетті тіркеу сәл кешігуі мүмкін. Былтыр Экология және табиғи ресурстар министрлігі тазы мен төбеттің стандарттарын бекітті. Ол бо­йынша нағыз қазақ тазысының өлшемдері 24 тармақ бойынша нақты көрсетілген. Тазының тұрқы, бойы, жүнінің түсі, көзі мен құлағы, бұлшықеттері мен сүйегі, тұмсығы мен тісі, мойны, аяқтарының сипаты, тағысын тағы қасиеттері ұғынықты жазылған. Мәселен, еркегінің шоқты­ғы 60-70 сантиметр, ұрғашысында 55-65 сантиметр болып келеді. Жарғақ құлақ, тықырлығы – қазақ тазысын өзгелерден ерекшелеп тұратын қа­сиеттер. Ұлттық орталықтың маман­дары тазыны сырт пішініне қарап, стандарттарға сай келуін бақылай алады. Бірақ тазының ежелгі қасиеттерін қайта оралту ғылымның мәселесі болуы керек деп есептейді Жақып Имаханұлы. Себебі генетикалық қасиеттерін тек ғалымдар ғана сақтап, жетілдіре алады. Оның үстіне қаны қаншалықты таза сақталғанына қатысты жауапты мамандар ДНҚ сараптамасын өткізіп барып қана бере алады.

– Біздің ұйым Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Охотзоопром» мекемесінің құрылымдық бөлімшесі екенін айтып өтейін. Қазіргі уақытта, Жетісу облысы, Көксу ауданы, Айнабұлақ ауылдық округінде қазақ тазысы мен төбетінің тұқымын сақтап, көбейтуге арналған арнайы питомник салынып жатыр. Онда 200 ит (100 тазы, 100 төбет) асырауға болатын павильондар бой көтереді. Әр павильонға шамамен 20 ит орналасуы керек. Ғимараттардың іші халықаралық талапқа сай, желдеткіші, ауа бақылағышы болады. Биыл 5 па­вильонның құрылысы аяқталып, 60 тазы мен 40 төбет орналасуы керек. Мұнда қызметкерлерге арналған жатақхана мен асхана, әкімші­лік үйі салынды. Ал орталықтың өзінде ветеринарлық клиника, күшіктеуге арналған павильон, кинологиялық жат­тықтыратын алаң орналасады, – дейді Ж.Есполаев.

Питомникке орналастырылатын иттер зоолог мамандар түзетін асыл тұ­қымды қазақ тазыларының тізіміне сәй­кес алынады.

 

Тазы да еркіндікті сүйеді

Қазақ тазысының қасиетін жетілдіріп, оның бірнеше буынын сұрыптап өсіріп келе жатқан энтузиаст азаматтар бүгін­де сирек те болса бар. Со­ның бірі – ақ­молалық ит өсіруші, Қазақ тазысы жө­ніндегі халықаралық қайы­рым­дылық қорының төрағасы Владимир Калаш­ников. Владимир Николаевич таза қанды қазақ тазысын қалай көбейтіп, қасиетін сақтап қалудың жолдары туралы ойымен бөлісті.

«2012 жылдан бері қазақ тазысын өсірумен шұғылданамын. Еліміз бо­йынша ең мықты әрі таза қанды құмай тазылар менің питомнигімде бар екенін мақтанышпен айта аламын. Себебі кейінгі 12 жылда бұған бар еңбегімді, қаражатымды жұмсадым. Ақбөкен және Бөкенбек атты тазы иттерінің ата­лық ізінен жалпы саны 240 тазы өсіріп шығардым. Оларды Ақмола, Павлодар, Қарағанды өңірлеріндегі аңшыларға таратып, құндылығымыздың сақталып қалуына түрткі болдым. Бұл іске жалпы сомасы 350 мың доллар жұмсадым десем, сенер ме едіңіз?.. Мен энтузиаст жанмын, себебі қазақ тазысындай алғыр, көнбіс, интеллектісі жоғары ит әлемде жоқ. Оған талай мәрте куә болдым. Қандай аң алсын, иттерім өзге тұқымдағы иттер сияқты оны жұлмаламайды. Иесі жеткенше мойнынан, денесінен тістеп ұстап тұратыны – бұл итке біткен ерекше қасиет. Иіске түскеннен бастап аңды ұстағанға дейін мазасы кетеді. Қазақтың тазысы үнемі иен далада, аңшылықта жүруі керек. Ал анау көрмелерде көрсетіп жүргендерін көрдім, нағыз құмай емес. 2014 жылдан бастап «Қансонар» ұйымымен бірге тазының тұқымдық қасиетін сақтап, көбейтудің жолдары туралы бағдарлама құрдым. Ол жайында кітабым да жарық көрді. Меніңше, Қазақстан кинологтер одағы, дамытумен айналысатын ұлттық орталықтар мүлде қажет емес. Олардың қазіргі ісі мемлекеттен бөлінетін қаражатты құр босқа шашу екенін байқап отырмыз. Тазыны ең әуелі тұқымның элитасын өсіріп отырғандардан алу керек. Одан соң өсіріп, тарататын питомниктерге беру керек. Тазыларға әрдайым еркіндік қажет. Бір орында отырмайды, үнемі қозғалыста болады. Күзетші ретінде тіпті тиімсіз, табиғатынан адамға агрессиясы жоқ. Бейтаныс адамды көргенде тек сақтық танытып, жанына жақындамайды. Тазының күшігі алты айдан бастап аң аулауға дайындала бастайды. Дегенмен олар өз бетінше көп нәрсені үйренеді. Олар сағатына 80 километрмен жүгіргенде өз олжасын жібермейді. Нағыз тазы 3-5 шақырымға жүгіргенде сағатына 60-65 километр жылдамдықтан бір ауытқымайды. Мұндай шабысқа өзге иттердің ілесе алмайтыны айқын. Ал қасқырға салу мәселесімен аса келісе алмаймын. Себебі қасқырдың салмағы 70 килограмм, сүйегі төрт есе ірі, бір күнде 50-70 шақырымды жүріп өтетін өте төзімді дала тағысы ғой. Сондықтан тазыны тиісінше қоян, қарсақ, борсық, түлкі сияқты өз тұрқынан кішірек аңдарға салған әбден дұрыс», деп тәжірибесімен бөлісті ит өсіруші.

Бұған қоса ол қазіргі уақытта Ақмола өңірінде туристік орталық құрып, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін насихат­тайтын этноауыл жасауды ойға алып отырғанын айтады. Жас ұрпақты жануар­ларға қамқорлықпен қарауды үйретуге де барын салып жүр. Баланы жастайынан ит асырауға үйрету, тәрбие­леу керек деп есептейді.

* * *

Қазақта «Ит – үйдің ырысы» деген сөз бар. Дәстүрлі ұғым бойын­ша адам басына қонған құт пен шаңы­­раққа келген бақ көбінесе ит бейне­сінде келеді екен. Тазы мен төбеттің адам ырыздығының сақшысы, сақтаушы­сы екені халқымыздың аңыз әңгіме­лерінде жиі айтылады. Ендеше, қолда бар құн­дылығымызды заманға сай сақ­тап, дамы­тудың орайы келіп тұр. Хайуан­ның қазақ даласында өмір сүрген көшпе­лілерден қалған жұрнақ екенін әлем мойын­дап жатса, ол да зор қуаныш.

 

Павлодар облысы