Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Парижде Павел Дуровтың ұсталуына қатысты пікір білдірді. Ол бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
- Мен Павел Дуровқа және Telegram командасына соңғы оқиғаларға байланысты қолдауымды білдіргім келеді. Сенбі күні Павелдің француз билігімен контент модерациясының жоқтығы және құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықтан бас тартқаны үшін ұсталғаны хабарланды, - деп жазды министр желіде.
Сондай-ақ ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі атынан Telegram командасымен өзара әрекеттесудің оң тәжірибесі қалыптасқанын баса атап өтеді.
- Біз дербес деректердің таралуын, есірткі трафигімен күрес және мессенджердегі басқа да заңсыз әрекеттерді тоқтату бойынша мәселелерді бірнеше рет сәтті әрі жедел шештік. Telegram командасы әрдайым азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ынтымақтастыққа дайын, құпиялылық пен сөз бостандығын қорғау қағидаттарына адал болып келеді. Қазақстанда Telegram – ең танымал мессенджер, оны 12 миллионнан астам адам пайдаланады, бұл оның қоғамымыз үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, - дейді Жаслан Мәдиев.