Қазақстан Бас прокуратурасы аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматшасын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тергеу барысында анықталғандай, 2019-2022 жылдар аралығында күдікті Тараз қаласындағы банк филиалының қызметкері бола отырып, банк клиенттерінің атынан оларға несие рәсімдеген. Әрі қарай банк клиенттерінің шоттарына қол жеткізген күдікті несие қаражатын достарының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырғаны белгілі болды.
«Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде банк клиенттеріне 60 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. Биылғы жылдың сәуір айында фигурант Краснодар өлкесінің аумағында ұсталды», делінген хабарламада.Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Күдіктіге бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, осы жылы қылмыстық әрекеттері 350-ден астам жәбірленушіге жалпы сомасы 7 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 11 адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды.