Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев «Конституция: құқық үстемдігі, азаматтық қоғам және заманауи мемлекет құндылықтарының іске асуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз сөйледі, деп жазады Egemen.kz.
Форумға қатысушыларға жылы лебізін білдіре келе, ол ел тарихындағы жаңа дәуірді белгілеген 2022 жылғы конституциялық реформаның маңыздылығын, мемлекеттік саясаттың негізі ретінде Әділетті Қазақстанды қалыптастыру идеясын және конституциялық даму эволюциясын мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен азаматқа және оның құқықтарын қорғауға бағытталған вектор екенін атап өтті.
А.Мерғалиев Конституциялық Соттың өз шешімдерінде ұлттық конституциялық бірегейлікті құрайтын құқық, әділеттілік және гуманизм идеяларын бейнелейтін адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау жөніндегі жоғары миссияны орындайтындығына тоқталды.
Жоғарғы Сот Төрағасы Мемлекет басшысының біздің еліміздің прогрессивті ілгерілеуінің іргетасы болуға тиіс, өмірдің барлық салаларында заң үстемдігі қағидатын сақтау туралы сөзін еске салды.
Осы орайда сот жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында оны одан әрі жаңғырту шаралары қолға алынғаны айтылды.
Конституциялық Соттың жолдаулары мен нормативтік қаулыларын іске асыруға бағытталған маңызды жаңашылдықтар блогы туралы сөз болды. Олар кассациялық қадағалау саласындағы заңнаманы жетілдіру, тәртіптік жауапкершілік пен судьялардың кәсіби қызметін бағалау, сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баж төлеу және т.б.
«Жүргізіліп жатқан реформалар азаматтардың құқықтарын қорғаудың сапасы мен деңгейін арттыруға, сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуге, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және жауапкершілігін күшейтуге бағытталған», деді А.Мерғалиев.
Форумның диалог алаңы 30-дан астам елдің, соның ішінде Еуропа, Азия және Африка елдерінен конституциялық соттардың судьяларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен адам құқықтары жөніндегі институттардың өкілдерін біріктірді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың басшылығы, Парламент депутаттары, Бас Прокурор, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, кәсіби заң және ғылыми қауымдастықтардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.