Атом электр стансасын салу мәселесі елімізде қызу талқыланып жатыр. Азаматтар мен кәсіби сарапшылар ауқымды жобаның артықшылығы мен пайдасын әрі қауіпсіздігін саралайды. Негізі, АЭС салудағы маңызды тетік – энергетикалық әлеуетті қамтамасыз ету. Өйткені мемлекетте қазірдің өзінде электр қуатының тапшылығы сезіліп отыр. Қажеттілік жылдан-жылға арта түспек. Сондықтан салада озық тәжірибеге сүйенген стратегиялық нысан керек. Ал салынған жағдайда, отын ретінде уран пайдаланылады. Маңызды металды өндіру үдерісімен тереңірек таныспаққа Астанадан шамамен 320 шақырым қашықтағы кен орнына барып қайтқан едік.
Шикізатты шаймалау арқылы алады
Уран – ядролық отын өндірісіндегі нөмірі бірінші металл. Радиоактивті химиялық элементтің тауықтың жұмыртқасындай ғана бөлшегі 88 тонна көмірден алынатын электр қуатын бөледі. Біз аяқ басқан «Семізбай» кеніші 2006 жылдан бері жыл сайын шамамен 400 тоннадан аса уран өндіріп келеді.
«Табиғи өнімді өндіруде жерасты ұңғымаларын шаймалау әдісі пайдаланылады. Оның қоршаған ортаға әсері де төмен. Алғаш рет өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қолданылды. Бұл қарапайым әрі қауіпсіз тәсіл үш кезеңнен тұрады – бұрғылау, өндіру және өңдеу. Кеніште мыңнан астам бұрғыланған ұңғыма бар. Олар екі түрге бөлінеді. Ерітінділерді сорғылау және сілтілеу үдерісінде арнайы реагенттерді құятын ұңғымалар. Уран кішкентай молекула күйінде жер астындағы минералдардың құрамында болады. Біз шикізатты жердің астынан қазбас бұрын, алдымен арнайы құбырлар арқылы геотехнологиялық полигондарда жібітіп аламыз. Яғни су ерітіндісі немесе зауыттан келетін балама ерітіндіні күкірт қышқылымен күшейтіп, құбырлар арқылы айдау ұңғымасымен жер қойнауына жөнелтеміз. Онда түрлі химиялық әдістер жүреді. Кейін кен орнындағы уран қатты күйден сұйық фазаға өткен соң, ұңғымалар жер бетіне тартып алады. Әрі қарай құбырлар арқылы өңдеу зауытына жеткізіледі», деп түсіндірді «Семізбай» кенішінің директоры Жомарт Теменұлы.
Кеніш 2031 жылға дейін жұмыс істейді
Жыл бойы, 24 сағат үздіксіз жұмыс істейтін кеніштегі қызметтердің барлығы дерлік автоматтандырылған. Оны бақылау үшін кеніш полигонына жол тарттық. Компания өкілдері бұл маңда уран өндіру Оңтүстік кен орындарына қарағанда қиынырақ дейді. Өйткені жергілікті климатқа байланысты құбырлар жер бетінде біркелкі орналаспаған. Айшықтап айтарлығы, уран жерден шыққан соң, оның орнын өзге сұйықтықпен толтырудың қажеті болмайды.
«Әр ұңғыманың тереңдігі – 100-150 метр. Әрқайсысында қанша ерітінді құйылғаны, қаншасы сорылғаны есептеліп, арнайы дозиметрлерде көрсетіледі. Көп жағдайда жер астына құрамында аз концентрациясы бар қышқыл ерітінділері литріне 5-тен 25 грамға дейін айдалады. Құбырлар жер беті деңгейінен төмен орналасады. Сондықтан жұмыс қыста да қалыпты режімде жалғасады. Ерітінді аязда қатып қалмайды. Кеніштердегі уран өндірісі 30, 40, 50 жылға дейін жалғасуы мүмкін. Бұл бастапқы келісімшартқа және қордың көлеміне қарай жоспарланады. Біздің кеніш 2031 жылға дейін жұмыс істейді. Кен орнындағы өндіріс аяқталғаннан кейін міндетті түрде құбырлар жойылып, топырақ тексеріледі. Әдетте жер шөгіп, үйінділер қалмайды. Ластану болмайды. Анықталғанның өзінде топырағы таза қабатқа дейін алынып тасталады. Осылайша, 3-5 жылдан кейін аумақ қайта қалпына келеді», деді кеніштің өндірістік-геологиялық департаментінің директоры Бертан Цой.
Жер астынан шығарылған уран десорбатын автоцистерналармен Степногор қаласындағы тау-кен химия комбинатына жөнелтеді. Зауытта ұнтаққа айналдыру үдерісі жүреді. Әрі қарай дайын өнім контейнерлерге салынып, экспортталады.
Бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» уранды Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка мен Еуропа нарығына өткізеді. Былтырғы деректі бағдарласақ, ұлттық атом холдингінің сату көлемі 10%-ға өскен. Нәтижесінде, 1,4 трлн теңге табыс түскен. Таза пайда – 580 млрд теңге. Өйткені түсім бiрнеше елдiң компаниясы мен бiрлескен кәсiпорындарына тиесілі. Олардың арасында біздің ұлттық компанияның үлесi 30-65%-ға тең. 2006 жылы «Семізбай-U» ЖШС үлесінің 49 пайызы қытайлық «Beijing Sino-Kaz Uranium Resources Investment Company Limited» компаниясына берілді. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы 51 пайызын сақтап қалды.
Сан салаға серпін береді
АЭС салатын болсақ, қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар деп тұжыруға болады. Энергия көзінің бұл түрі парниктік газ бөлмейді, энергия экологиялық таза жолмен алынады. Тіпті жел не күн электр стансалары секілді ауа райына тәуелді болмайды. Әрі ғалымдар АЭС салу сан алуан салаға серпін береді деп отыр.
«Шекаралас мемлекеттердің энергия жеткізушілеріне тәуелділік бар. Бұл мемлекетіміздің энергетикалық қауіпсіздігіне теріс әсерін тигізбей қоймайды. Бізде уранның үлкен қоры бар. Жыл басынан бері уран өндіру көлемі шамамен 11 мың тоннаға жетті. Оның ішінде сату көлемі 8 мың тонна болды. Бұл атом энергетикасын дамытуға тамаша жағдай жасайды. Электр энергиясына сұраныстың артуы жағдайында, әсіресе өнеркәсіптік аймақтарда көмір мен газ көздеріне тәуелділік төмендейді. Сондай-ақ АЭС салу ғылым, білім, әлеуметтік салаға оң мультипликативтік әсер етеді. Жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін технологиялар мен аралас салалардың жедел дамуына мүмкіндік береді. Құрылыс кезеңінде де шамамен 7-8 мың жұмыс орны ашылады. Жоғары білікті кадрларды даярлау отандық жоғары оқу орындары бағдарламаларының дамуына әкеледі. АЭС орналасатын ауданда инфрақұрылым дамиды. Жол, мектеп, аурухана және тұрғын үй секілді нысандар құрылысы жүреді. Демек атом электр стансасы тұрақты және сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Бұл елдің энергетикалық инфрақұрылымын айтарлықтай нығайтады», дейді Энергетика министрлігі «Ядролық физика институтының» Ақсай филиалы радиациялық қауіпсіздік тобының инженері Айбар Омаров.
Бұл пікірмен келіспейтін экобелсенділер де бар. Табиғат жанашыры Светлана Могилюк атом стансасы қалыпты жұмыс істесе де, қауіпті нуклид, атомның бір түрі – тритий ауаға бөлінеді деген көзқарасын жеткізді.
«Алматы облысындағы Үлкен ауылында қоғамдық талқыда атом энергиясының зияны жоқ екенін айтып, құрылыс өңірге пайдалы болады деген мәлімдемелерді ғана естідік. Тәжірибелі эколог ретінде атом стансасының қаупі жоғары болатынын білемін. Әуелі апаттың ықтималдылығына назар салу қажет. АЭС-тен бөлек электр қуатын алатын баламалы мүмкіндіктерді қарастыру қажет. Олар әлдеқайда қауіпсіз болады», дейді эколог.
Жаһан қайда бет алды?
Әлемде 730 миллионға жуық адам электр қуатына қол жеткізе алмай отыр. Тапшылық Африка мен Азияда қатты байқалады. Еуропада да сұраныс артып келеді. Әр ел мәселенің түйінін өзінше тарқатып жатыр. Бірі жел, күн сияқты жаңғырмалы энергия көздерінен өндіруді қолға алса, енді бірі атом электр стансаларына бет бұрған.
Қазір жер бетінде 58 атом реакторының құрылысы жүріп жатыр. 2030 жылға қарай операциялық реакторлар саны 437-ден 470-ке дейін артады. 2040 жылы 532-ге жетеді. Ал бізде былтыр қаңтар айында электр энергиясының тапшылығы 4,2 млн кВт/сағат, ақпанда 23,3 млн кВт/сағат болды. 2022 жылы тапшылық 8 ай бойы байқалды. Проблема оңтүстік өңірде өте өзекті. Мәселе әзірге басқа аймақтардан келетін электр қуаты есебінен және көрші Ресейден сатып алу арқылы өтеліп отыр.
Энергетика министрлігі 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясы тапшылығы ұлғая түсуі мүмкін деп мәлімдеді. Қазір 220 электр стансасы жұмыс істеп тұр. Оның 144-і жаңғырмалы энергия көздерінде. Стансалардағы жабдықтардың 56%-ы орташа тозу деңгейінде.
Айта кетейік, былтыр БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі «COP 28» конференциясында АҚШ пен Франция сияқты ең ірі атом державаларын қосқанда 20 мемлекет 2050 жылға қарай атом энергиясының қуатын үш есе арттыру туралы декларацияға қол қойды. 2022 жылы Еуропарламент климатты жақсарту және декарбонизация мақсаттарына жету үшін атом энергиясын «жасыл» энергия таксономиясына қосуды жақтап дауыс берді.
Еске салайық, еліміздегі АЭС салу мәселесіне қатысты жария талқылаулар әлі де жалғасады. Түбегейлі шешім осы жылдың күзінде жалпыұлттық референдум аясында шығарылады.