Тәуелсіздік жастары – рухы азат, ойы еркін. Олардың арасында терең тарих пен бүгінді ұштастырып, ұлан-ғайыр жердің қасиетін сезінер сөз сардарларының орны бөлек. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Alqa» жастар әдеби клубының көшпелі отырысы Жетісу облысында өтті.
Іс-шараға министрлік өкілдері, еліміздің әр аймағының жас ақын-жазушылары, республикалық әдеби байқаулардың жеңімпаздары, өңір қаламгерлері мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Отырыста әдебиет саласына қатысты, оның ішінде қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару, жас қаламгерлерді қолдау, әдеби байқаулар ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қаламгерлер әдебиетті дамытуда өздерін толғандырған ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, жоспарларымен бөлісті. Отырыс барысында жастар арасындағы әдеби байланысты арттыру, өңірдегі қаламгерлерді қолдау, кітап нарығын, аударма саласын дамыту мәселелері де назардан тыс қалмады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы, Жетісу облысы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен ұлтымыздың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына, классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай жас ақын-жазушы-
ларға арналған әдеби тур басталған болатын. Алматы облысынан бастау алған әдеби тур Жетісу облысында жалғасып, қатысушылар көрнекті қаламгер Сайын Мұратбековтің туған жеріне барып, жазушының «Жабайы алма» повесіне арқау болған алма бағы мен өзі тұрған үйін көрді. Сондай-ақ әдеби клуб мүшелері І.Жансүгіров атындағы әдеби музейге, М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне, Ақын Сараның мемориалды музейіне және Тамшыбұлақ мекеніне барды.