Бүгін Францияның бас шаһары Парижде XVII жазғы Паралимпия ойындарының алауы тұтанады. 6 қыркүйекке дейін созылатын бәсекелер барысында әлемнің әр қиырынан жиналған 4 400 атлет спорттың 20 түрінен сайысқа түсіп, 549 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Солардың қатарында Қазақстанның да параспортшылары бар.
Күні кеше ғана төрткүл дүниені дүбірге бөлеген XXXIII жазғы Олимпия ойындарындағыдай аталған жарыстың да ашылу салтанаты жабық стадионда емес, Париждің қақ ортасындағы Елисей алаңында, әйгілі Эйфель мұнарасының маңында, Сена өзенінің жағалауында дүркіреп тұрып өтпек. Салтанатты іс-шара ел астанасының ең көрікті жерлерін қамтиды. Осы орайда француздар керемет шоу мен әсерлі концерттік бағдарлама ұйымдастыруды көздеп отыр. Соның барлығы да көпшіліктің көңілінен шығатынына күмәніміз жоқ.
Паралимпиаданың ашылу салтанаты өткеннен кейін келесі күні барлық қатысушы жарыс жолына шығады. Олар зағиптар футболы, бочча, парасадақ ату, паражеңіл атлетика, парабадминтон, параканоэ, паравелоспорт (шоссе мен трек), параат спорты, парадзюдо, параескек есу, паражүзу, параүстел теннисі, паратаеквондо, паратриатлон, парапауэрлифтинг, параату спорты, отырып ойнатын волейбол, арбадағы баскетбол, арбадағы семсерлесу, арабадағы регби, арбадағы теннис және голболдан бақ сынайды.
Қазақстан құрама командасы Паралимпия ойындарының 33 лицензиясына иелік етті. Қатысушылар саны – 44 адам. Олар спорттың 9 түрі бойынша шеберлік байқасады. Жалпы, біз осы жарыстың өзі және тарихы жайында не білеміз?
Паралимпия ойындары Францияда осымен екінші мәрте өткелі отыр. Бұған дейін 1992 жылы алауы тұтанған қысқы ойындарды Тинь мен Альбервиль қалалары қабылдаған. Париждегі додаға Косово, Палау, Оңтүстік Судан, Самао, Белиз, Чад, Доминикан Республикасы, Экваторлық Гвинея, Эсватини, Гуам, Кирибати және Тувалу секілді елдер тұңғыш рет қатысқалы отыр. Ал Боливия, Лихтенштейн, Бангладеш, Албания, Антигу мен Барбуда, Сан-Марино, Шығыс Тимор, Суринам және Тонга бірер жылға созылған үзілістен кейін қатарға қайта қосылды. Паралимпиадада бейтарап спортшы ретінде Ресейдің 80 және Беларусьтің 8 өкілі бақ сынайды. Бірақ олардың олжалаған жүлделері жалпы командалық сайысты қорытындылаған кезде есепке алынбайды. Сондай-ақ ресейліктер мен беларусьтіктерге жарыстың ашылу және жабылу рәсіміне қатысуға тыйым салынды. Байрақты бәсекелердің дені Парижде өтсе, бірқатары ел астанасының дәл іргесінде орналасқан Сен-Дени мен Версаль қалаларында ұйымдастырылады. Тағы біразын Вэр-Сюр-Марн қабылдайды. Бұл қалашық Францияның бас шаһарынан 20 шақырым қашықтықта қоныс тепкен. Паралимпия ойындарын өткізу жөнінде идеяның авторы – неміс нейрохирургі Людвиг Гуттман. 1948 жылы ол ІІ Дүниежүзілік соғыстан мүгедек болып оралған жауынгерлердің басын қосады. Оларды спортпен шұғылдануға үгіттеп, түрлі жарыстардың ұйымдастырылуына ұйытқы болады. Оның ақыры осындай ірі спорттық шараға ұласты. Сол себепті де Людвигті барша халық «Мүгедектер спортының әкесі» деп атайды. Жазғы Паралимпиада алғаш рет 1960 жылы Римде (Италия) ұйымдастырылады. Содан кейін әр төрт жыл сайын жарыстың жалауы Токио (Жапония, 1964 жылы), Тель-Авив (Израиль, 1968), Гейдельберг (Германия, 1972), Торонто мен Онтарио (Канада, 1976), Арнем (Нидерланд, 1980) және Сток Мандевиль (Ұлыбритания) мен Нью-Йоркте (АҚШ, 1984) желбіреді. 1988 жылдан бері Олимпия ойындарын қабылдайтын қалаларға Паралимпиаданы өткізу міндеттелді. Жазғы Паралимпия ойындарына Қазақстан құрамасы алғаш рет 1996 жылы қатысты. АҚШ-тың Атланта қаласында алауы тұтанған дүбірлі додада 12 жерлесіміз спорттың екі түрі бойынша бақ сынады. Тарқатып айтсақ, 2000 жылы Сиднейде – 2, 2004 жылы Афинада – 8, 2008 жылы Бейжіңде – 3, 2012 жылы Лондонда 7 спортшымыз өнер көрсетті. Бірақ олардың ешқайсысы жеңіс тұғырына көтеріле алмады. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода тұңғыш рет Қазақстанның әнұраны шырқалып, туы көкте желбіреді. Бразилияда Зүлфия Ғабидуллинаның бақ жұлдызы жанып, ол еркін тәсілмен 100 метрге жүзуде алтыннан алқа тақты. 67 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен пауэрлифтингші Рауан Қойшыбаева күміспен күптелді. Бұл жарыста еліміздің 11 спортшысы сайысқа түскен еді. Рио Паралимпиадасының жалпы есебінде Қытай жеке-дара көш бастады. Аспанасты елінің өкілдері 107 алтын, 81 күміс және 51 қоланы олжалады. Екінші және үшінші орындарды Ұлыбритания (64+39+44) мен Украина (41+37+39) иеленді. Сондай-ақ АҚШ (40+44+31), Аустралия (22+30+29), Германия (18+25+14), Нидерланд (17+19+26), Бразилия (14+29+29), Италия (10+14+15) және Польша (9+18+12) озық ондықтың қатарына енді. 2021 жылы Токиодағы додада 26 отандасымыз спорттың жеті түрі бойынша өнер көрсетті. Солардың арасынан Давид Дегтяров дара шықты. Паурлифтингтің хас шебері 54 кг салмақта қарсылас шыдатпады. Дзюдошы Әнуар Сариев (60 кг), Теміржан Дәулет (73 кг), Зарина Байбатина (+78 кг) күміс алса, жүзуші Нұрдәулет Жұмағали (100 метр, брасс) қолаға қол созды. Күншығыс елінде өткен Паралимпиаданың жалпы есебінде 96 алтын, 60 күміс және 51 қола медальды олжалаған Қытай құрамасы алдына жан салмады. Сондай-ақ Ұлыбритания (41+38+45), АҚШ (37+36+31), Ресей (36+33+49), Нидерланд (25+17+17), Украина (24+47+27), Бразилия (22+20+30), Аустралия (21+19+30), Италия (14+29+26) және Әзербайжан (14+1+4) ТОП-10 команданың қатарына қосылды. Қазақстанда жеңіс тұғырына көтерілген паралимпиадашыларға тағайындалған сыйақы мөлшері – дәл Олимпия ойындарындағыдай. Анықтап айтсақ, жеңімпазға – 250 000, күміс жүлдегерге – 150 000, қола жүлдегерге – 75 000 доллар тиесілі. Негізі Қазақстан құрамасы Паралимпиададағы өзінің алғашқы жүлдесіне 1994 жылы Лиллехаммерде қол жеткізді. Скандинавия түбегінде қысқы спорт түрлері бойынша өткен додада шаңғышы Любовь Воробьева күміс медальді мойнында жарқыратты. Арада 24 жыл өткен соң Пхенчханда дәл сол спорт түрін серік еткен Александр Колядин алтын тұғырдан қол бұлғады. Ал 2022 жылы Бейжіңде биатлоншы Александр Герлиц қола медальды қоржынға салды.