Қырғыз халқының атақты жыры «Манас» эпосының екінші кітабындағы «Көкетайдың асы» атты бөлімде: «Жайсаңбайдың маңғұлы, Түйе үстінен оқ атты, Күркірете боратты, Түйе мылтық күркіреп, Жауған оққа беттемей, Несқараның әскері, Жосып берді дүркіреп...» дейтін жолдар бар. Сол сияқты қазақтың үлкен ақыны Ілияс Жансүгіров «Күйші» поэмасында: «Ат сайлап, қылыш қайрап, сарбаз ерлер, Зеңбірек атанға артқан найзагерлер, Жарқылдап сыбызғылы күй тартқандай, Алатау берік қорған жұмақ жерлер» деп жырлаған екен. Сол сияқты академик Әлкей Марғұлан ертеде қазақтар жауға қарсы түйе мылтық қолданғаны туралы дерек келтіріп (Маргулан, 1987. Т-1. 167-б), бұл қарулар қазіргі таңда Омбы қаласында музейде тұр депті.
Жоғарыдағы деректерден аталарымыз ерте кезде елі мен жерін жау-жардан қорғау үшін түйе мылтық (зеңбірек) қолданғанын аңғарамыз. Көп жағдайда бұл қаруды түйе үстіне орнатқандықтан «түйе зеңбірек» деп атаған. Қарутанушы, этнограф Қалиолла Ахметжан 2016 жылы жарық көрген «Қазақ отты қаруларының тарихы» атты зерттеу еңбегінде: «Зеңбірек қоладан құйылып жасалып, қазына (дәріхана) және оқпан атты екі бөліктен тұрады. Дәрі зеңбіректің қазына бөлігіне салынып, оның түбіндегі арнаулы тесік арқылы пілтемен от беріледі. Зеңбірек оғын «топ» («доп») деп атайды» деп жазыпты.
Сонымен қатар қазақ жасақтары орта ғасырда белге байлап алып жүріп ататын қол зеңбірек, ат үстінде ердің қапталына бекіткен арнайы құрылғыға орнатып ататын ұзын зеңбірек, т.б. қолданған екен. Мысалы, қазақтың батырлық дастаны «Қобыланды батыр» жырында (С.Ділманов нұсқасы) қалмақ ханы сахараның барлық батырын шақырып, мергендер сайысын өткізеді. Ол үшін алтын бағана басына алтын жамбы іліп қойып, кім атып түсірсе, соған қызымды берем деп жар салады.
Ханның қызынан үміткер небір сайыскер мергендер келіп, жамбыға оқ кезейді. Бірақ ешкім атып түсіре алмайды. Бұл хабар қазақ даласына да жетіп, Қобыланды батырдың құлағына тиеді. Жырда айтылғандай, Қобыланды атамыз алтын жамбыны қол зеңбірекпен атып түсіріп, ханның қызын алып қайтады. Бұл оқиға туралы жырда:
«Бұлайша деп Қобыланды,
Ат үстінде тұрады.
Зеңбірегін қондырып,
Оң тізеге қояды.
Көз жетпейтін қабағын,
Үзейін деп сабағын,
Толғай тартып қалады.
Бір атқаннан қалдырмай,
Қалмақтың алтын қабағын
Үзіп жерге түсірді» (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.
37– том. 238 -239 бб).
Ердің қапталына қондыратын арнайы құрылғысы бар ат үстінде атуға арналған зеңбірек.
XVIII – XIX ғ.ғ. Темірден құйылған, ұзындығы 183,6 см.
Моңғолия әскери музейі. Ұланбатыр.
Сол сияқты қырғыз халқының батырлық дастаны «Манас» эпосында батырдың «Ақкелте» атты шағын зеңбірегі болғаны туралы дерек бар.
«Есіне түсті Ақкелте,
Өзегі болат, аузы обыр,
Түтіні тұман, дүмі зіл,
Көзесең тажал, оғы ажал,
Асынып жүрген Ақкелте,
Ашуы келсе қырыпсал,
Шындығында зеңбірек,
Бабын білсең тым бөлек», деп жырланады («Манас» бірінші том. ҚМКӘБ. Алматы – 1961 ж. 81-б).
Өткен наурыз айында Ұланбатыр қаласына барған сапарымызда әскери музейден қоладан құйылған шап-шағын дәл осы «Ақкелте» зеңбіректі көрдік. Атүсті шайқастарда қолдануға ыңғайлы бұл қарудың ұзындығы 44,2 см болса, салмағы 1575 грамм екен. Сыртында қытайша көне жазу бар. Онда: «Бұл зеңбірек 1372 жылы жасалды» деп жазылыпты.
Ақкелте зеңбірек
Сол сияқты «Манас» эпосында:
«Түйе үстінен оқ атты,
Күркірете боратты,
Түйе мылтық күркіреп», деп жырлағандай, атан түйеге артып жүретін «жезайыр» атты зеңбірек қазақта да болған. Бұл туралы қазақ дастаны «Ер Шобан» жырында:
«Он екі құрсау жезайыр,
Қара мылтық жұмсаған,
Бұ жиынның ішінде,
Қара найман Жанақ бар» ( «Бес ғасыр жырлайды». 1-т., 56-б).
Осы жезайыр түйе зеңбіректі өткен ақпан айында Ұланбатыр қаласына барған сапарымызда Шыңғыс хан музейінен көрдік. Зеңбіректі түйенің үстіне орналастыратын ершігі де бар екен (суретте).
Жезайыр түйе зеңбірек
ХVІІ – ХІХ ғ.ғ. Темірден құйылған, ұзындығы 217 см.
Шыңғыс хан музейі. Ұланбатыр.
Сол сияқты халқымыздың бай фольклоры жинақталып, 2006 жылы жарық көрген «Бабалар сөзі» атты жүзтомдықтың 44-томының 324-бетінде «Ақөрме» атты зеңбірек туралы мәлімет бар екен:
«Тастай беріп садақты,
Тарс еткен де қорс еткен,
Қорс еткенде қан шыққан,
Қанға ере жан шыққан.
Жау талауы ақ өрме
Сыпырып бастан алады-ай.
Бірін-бірі көздесіп,
Басып келіп салады-ай», деп жырланса, 1961 жылы Алматыда жарық көрген «Манас» батыр эпосының 1-томының 130-бетінде: «Көк шыбық» атты зеңбірек хақында айтылыпты:
«Білтеліге от берді,
Көздеп тұрып дәл басын,
Көк шыбық үні гүрс етті,
Бұрқана келген Сұқсақтың
Басын жарып оқ өтті», деген жолдар бар.
Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ жасағы ХІV ғасырда қызылбастармен (парсылар) шайқаста зеңбірек қолданғаны туралы дерек бар. Бұл туралы «Көрұғлы» («Бозайхан») дастанында:
«Алатауға зеңбірекпен атады,
Соғысқандар қызыл қанға батады,
Қарсы келген қызылбастың әскері,
Келген жерден қаза тауып жатады», делінген екен.
Ат үстінде алып жүріп атуға арналған зеңбірек.
XV-XVI ғ.ғ. Темірден жасалған, ұзындығы 113 см.
Моңғолия әскери музейі. Ұланбатыр.
Қол атуға арналған мыс зеңбірек
Юань империясы. Мыстан құйылған. Салмағы 3,55 кило, ұзындығы 34 см. ҚХР. Хэйлонжань провинциясы. 1287 ж.
Қол атуға арналған қола зеңбірек
Юань империясы. Қоладан құйылған.
Салмағы 6,94 кило, ұзындығы 35,5 см, ұңғысының диаметрі 10,5 см.
ҚХР. Шаньши провинциясы. Сиань қаласы музейі.
Ал өткен күндер бедеріне үңілсек, қазақтың соғыс тарихында соңғы рет зеңбірек қолданған – Кенесары хан. Бұл қаруларды Кенекеңе Бұқар әмірі сыйлағаны туралы жазба дерек бар. Онда: «Бұқар ханы Кенесарыға 60 мылтық, 15 зеңбірек сыйласа, Хиуа әмірі екі зеңбіректі оқ-дәрісімен бірге берген» деген мәліметті көрдік.
Кенесары хан осы қаруларды қырғыздарға қарсы қолданған. Оған дәлел ханның қасында болған Нысанбай жырау Жаманқұлұлының:
«Ембіден алған зеңбірек,
Салып ерге теңдеді...» деген сөзі дәлел болса, тағы бір дерек: Тілеген атты ақынның «Кенесары – Наурызбай» атты толғауында:
«Аттанды он төрт мың қол жер қайысып,
Басы екен – Кенесары, бір зеңбірек», деген жыр мәтіні бар екен («Қазақ халық әдебиеті», 1996, Т.3. 200-б).
Қарутанушы Қалиолла Саматұлы өзінің «Қазақтың отты қаруларының тарихы» атты еңбегінде: «Кенесарыға қарсы қырғыздар Алатаудың бір асуына қамал тұрғызып, бекініп соғысады. Кенесары қамалды зеңбірекпен атуға бұйырады» деп жазса, бұл оқиға туралы Нысанбай жырау:
«Қаһарланып хан Кене,
Ашуланып сол жерде,
Алдырды екі түйені,
Шөгеріп салып түйеге,
Зеңбірегін сүйеді», деп жырлапты.
Кенесары қырғызға қарсы зеңбірек қолданғаны туралы орыс поручигі Грен: «Кенесарының әскерінде түйеге артып жүретін үш ұзын зеңбірек болды» деп жазыпты (Қ.Ахметжан. «Қазақтың оты қаруларының тарихы». Астана. «Фолинат», 2016. 61-б). Осындағы екі зеңбіректі Кенесары жеңілген соң орыс әкімшілігі Пішпек қорғанысының бегіне сыйлаған екен.