Қазақтың дәстүрлі музыкалық өнерін табиғатына қарай Арқа, Жетісу, Сыр өңірі, Батыс Қазақстан ән мектебі деп жіліктейтін ғылыми негіздеменің сүбелі бір арнасы Бесқала жыр дәстүріне тиесілі. Қазақ халқы ертеден мекен еткен Әмудария бойында қаймағы бұзылмай сақталған құнары мол жыр мектебінің дәстүрін дәріптеген көрнекті өкілдері де бір шоғыр. Жыршы-жыраулық дәстүрді Бесқала музыка мәдениетінің темірқазығына айналдырған сол тұлғалардың мыңжылдық мақамы мен сазының арқау жібін үзіп алмай бүгінге жалғаған шәкірттері де аз емес. Бесқала жыр мектебінің ірі өкілі саналатын Наурызбек Раманқұловтың есімін ерекше қастерлеп, бала күнінен еліктеп, сол мақаммен жыр айтып өскен талантты шәкірттің бірі – Аманжол Есмырза.
Қарақалпақстан елінің Тақтакөпір ауданында дүниеге келген Аманжол Есмырза тыңдаушысының ойын мыңжылдықтың қойнауына сүйрейтін сүйекті өнерді жастайынан сүйіп өсті. Шетінен шежіре кеуде, таңды таңға ұрып жырлайтын жыршылардың жарқырап келіп қонған мекенінде жүріп, руханияттың кесек-кесек қазынасына қызықпау мүмкін емес. Оқушы кезінен жыр-термелер жаттап, жадын жаттықтырды. «Ақын емеспін» деп көңілін аласалау ұстағанымен, орны бөлек қара домбыраны қолына алып, шанағын қағып-қағып жібергеннен, сол сәттегі көңіл күйдің әуені саулап келген сөзбен жұптасып, көрікті ой мен көркем тіркестердің көбесін сөгіп, ара-тұра арнау жазуға жетелейтіні бар. «Жырау емеспін» дейді, бірақ жыршылық жолға түскелі бері ескі сарын, көне мақамды жаңғыртып, насихаттаумен келеді.
Алғашында дастан айтып бастады. Тыңдаушысы табылса, ұзаққа созылатын жыр дестесін бозала таңға ұластыра жырлап, бір-ақ демін алатын. Құрдың хабары шыққан жиын-тойға жыршылар шақырылмай өзі келеді. Беті қайтпаған жас күнінде құр іздеп, қиырды көп шарлағанынан болар, бұл ешкімді танымағанымен, ел мұны жазбай танып, құрметтен кенде қылмай, көрген жерде ізет көрсетіп жатады. Түрікменстан мен Қарақалпақстан қазақтарының құр дәстүрін ерекше қастерлейтіні, құм ішіндегі ауылдарда бұл өнердің кеңінен тарағаны өзіне мәлім. Ертеректе Қазалы мен Қармақшы аймағында да құр дәстүрі тәуір дамыған дегенді естіген, бертін келе, ол дәстүр оңтүстіктің Шардара аумағына қарай кең тарап, осы аумаққа қарай қанат жайған. Сондықтан «Құрға жырлайтын жыршы бар ма?» деген сұрау бұл өңірге жат емес. Аманжол жыршы өзі де Шардараға бірнеше рет құр іздеп барған. Құрға кемі жеті-сегіз рет түсті. Бір тойға жиырмаға жуық жыршының құр іздеп келгеніне де куә болған. Құрға түсу оңай емес. Ауылдың жасы үлкен ақсақалдары алқа-қотан отырып, алдымен құр іздеп келген жиырма жыршының бәріне екі-үш жыр-терме айтқызып, шамасын байқап көреді де, соңынан тек біреуін таңдап алады. Ақсақалдардың жүзіне қарап ішіндегісін аңдау мүмкін емес. Концерттегі сияқты жылы ұшырап қарау, әншінің рухын көтеретін ықылас, дем беріп, қиқулап қолдау мұнда болмайды, «бәрекелді!», «жарайсың!» деген қолпаш сөзді күтудің қажеті де жоқ. Жан-жақтан сынай қараған сұп-суық, салмақты жүздің түр-түрі сыр алдырмай тек жыршыға бірқалыпты қарап отырады. Көнеқұлақ қариялардың түпкі ойы тереңде жатады. Нәтижесі тек соңында белгілі болады – алып қалды ма, демек жыршының көңілден шыққаны.
Бесқала қазақтарының музыка мәдениетінде «құр» деп аталатын бұл ескі дәстүр ұлан-ғайыр қазақ елінің басқа аумағында кездесе қоймайды. Бесқала музыка мәдениетін зерттеуші Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның оқытушысы, өнертанушы, бүгінде өзі де танымал жыршыға айналған Күнқожа Қайрулла: «Құр – жыраулардың алқаға түсіп жырлауы. «Құрға түскен» жырау халықты репертуарының көптігімен ғана емес, негізінен мақам-саздарының алуан түрлілігімен және орындаушылық шеберлігімен баураған. Мысалы, тойға барған әрбір жырау кемінде үш таңға дейін жырлап отырған. Мұндай құрға түсу басқа өңірлерде әлдеқашан жоғалып кеткен болса, Бесқала аймағындағы қазақтар арасында осы дәстүр сақталып қалды. Ал айырмашылығы туралы айтар болсақ, біріншіден, мақам-саздарының өзгешелігі, екіншіден, репертуарының ерекшелігі» деп, құр өнеріне ғылыми анықтама береді. Міне, осы құр өнеріне Аманжол ағамыз ессіз құмар болады.
Күннің қызыл жалыны қайтып, күндізгі ыстықтың бетін кеш көлегейлеп, салқын түсе, сынақтан сүрінбей өткен жыршы құр жырлауға ортаға шақырылады. Құр – қатал сынақ. Көптің көңілінен шықса, құстай ұшып, аспанда қалықтап қайтады, ал жырлай алмаса, еңсесін намыс пен ұят езіп, жердің астымен қайтады. Құрға түскен жыршы шаршамауы керек, айтатын терме-жырының түбі көрініп, таусылып қалмауы керек. Кешкі бестен басталған құр таңғы бес-алтыға дейін тоқтаусыз жырланады. Арасында тамақ жібіту үшін бес минут үзіліс жасауға ишара білдіргенімен, одан артыққа рұқсат етпейді. Екінті мен ақшамның арасында басталған құрдың ертеңгі таңның елең-алаңына дейін ұласуы үшін жыршының қоржын-қорында қанша жыр-терме болу керегін осыдан-ақ шамалай беруге болар. Аманжол Есмырза осындай кештерде «Барақ батыр» дастанын ұзағынан толғайтын. Тәрбиелік мәні терең термелер, өсиет-насихатқа құрылған қиссалар, қысқа оқиғаны арқау қылған аңыздарды үзіліссіз жырлап, бозала таңды атырған кезде қоржынында әлі де сағаттан астам уақытқа жетерлік айтылмай қалған жырлары қалушы еді. Кейде ақсақалдар ұзақ дастан, толғаудан жалыға ма, әлде шынымен сынап байқағысы келе ме, қол көтеріп, шырқап салар халық композиторлары мен халық әндерін сұрайтыны бар.
Аманжол аға құр туралы әңгімелеп отырып, құр айтушыны халықтың өзі тәрбиелеп шығаратынын баса айтты. Бұл өнерде өтірікке, алдауға жол берілмейді. Бір автордың термесін екінші біреуге теліп, жолдарын шатастырып, тіпті бір сөзін ұмытып қалып, өзгертіп айтқан қулығын сезсе, тыңдаушысы өре түрегеледі. Ұйқысын қиып, ұзақ түн ұғымтал жүрегіне жыр жауһарын сіңіріп отырған қариялар қараулық жасағанды әсте кешірмейді, дереу шығарып жіберіп, басқасын шақырады не ескерту береді. Тұшынып, тамсанғандай болса, «қайталап айт» деп, жырды қайта бастататын да осы құрқұмарлар.
Таңға дейін жалықтырмай құр айтқан жыршының қолын тыңдаушы қауым да құр қайтармаған. Жыршы малдасын құрып көмейінен жыр ағызып отырғанда, жырлау мақамына, дауысына, зерде-зейініне, ән-жырдың терең мазмұнына сүйсінгендер риза көңіл, ілтипатын суырып алып тастаған уыс-уыс ақшамен білдіреді. Ең алғаш Түрікменстанға барып, құрға түскенде, құрды құрметтейтіндердің риза болғаны сондай, жомарт көңіл, мәрт мінезін таудай етіп табақтарға үйіп тастайды. Бәйгеден тұлпары қара үзіп келсе, ат мінгізіп, шапан жабатын дарқан көңіл қазақтың құр дегенде қарап қалмайтыны анық, табақтың ішінен екі машинаның құнын санап алғанда, жас Аманжол жыр өнерін қадір тұтқан жандардың мырза көңіліне қайран қалған...
Аманжол аға әскерден келгеннен кейін Жаңадария ауылының өнерпаздары құрған «Сарыжайлау» атты ансамбльде өнер көрсетті. Кішкентай ауыл болса да, мәдениет үйі бар, құрал-жабдығы, аспап-адырнасы түгел, әнші-күйшісі іріктелген, өнері өрістеген мәйекті орта еді. Өнер өлкесіне шақырып, талабын ұштаған Рүстем Дәрібаев ағасының есімін әлі де құрметпен атайды. Бесқала театрында да терме айтып жүрген күндері қызық еді. Термеші, күйші, әнші жиналатын байқаулардан да жиі бой көрсетіп жүретін Аманжол бір қызығы, ағалардың алдын кесіп өте алмай, кішіпейіл мінезбен бірде өзі жол беріп, бірде шын талантты алдыға салып, 1-орыннан жиі қағылып, өмір бойы 2-орыннан жазбаған екен. Жыршының жүрегіне ұстазы Наурызбек Раманқұловтың мақамы жақын болғанымен, сахнаға шыққанда сол өңірдегі дүлдүл жыраулардың барлығының да жыр-сазының мақамын жаңғыртып орындап жүрді. Тіпті иірімі мол, қатпары қалың, жанға жайлы, сағынышқа толы Жетісу мақамын да сызылтып көріп еді, табиғаты бөлектеу жырды ауылының тыңдарманы жақсы қабылдады. Жыршы кейін қызыға келе, қазақ өнерінің төрт мектебіне тән синтез мақамға көшіп алғанын өзі де байқамайды. Өйткені тыңдаушы жақсы жырдың бәрін де жатсынбай, жылы қабылдайды.
– Әр жыр-терменің авторы болғаны сияқты әр мақамсаздың да авторлары болады. Әрбір жыраудың мұраларын насихаттайтын, бүгінгі күнге жеткізуші мұрагерлері бар. Жетісай, Шардара жақта өзім де жырға қызыққан жас шәкірттерге талай мақам үйреттім, солардың екі-үшеуі жыршы болып көрініп жүр дегенді де есіттім. Қарасай Әбдімұратов деген атақты жырау кітаптағы жырды бір оқып шығып, бетін жабатын да, бір жолынан жаңылыспай, жатқа соғатын. Өзбекстанда көзі көрмейтін Қалдаш жырау өмір сүрді, жырды бір тыңдаса жеткілікті, әрі қарай өзі жырлап кете беретін. Жыр осындай қасиетімен құнды. Жыр деген – қазақтың жаны. Тамырында ағып жатқан қаны, тегі, табиғаты,–дейді Аманжол жыршы.
Бұрынғыдай емес, қазір құр дәстүрі үзілді. Ас пен той бәсекеге айналған аста-төк заманда құр қадірін жоғалтқан. Бұл күнде бұрынғыдай тамсанып таң атқанша отыратын ел де жоқ, екі сағаттан артық жыр тыңдауға ешкім де құмбыл емес. Көзкөргендер баяғыдай той-томалағына шақырады, тіпті «бәйгесін шапқызбай-ақ береді», бірақ алқа-қотан ақсақалдар арасында алқаға түсіп жырлағандай қабырғасы сөгіліп, бауыры жазылып, баяғыдай ақ тер-көк тері сорғалап, айызы қанып жырлауды әлі күнге аңсап тұрады. Құрға түскісі келетін жыршылар көп-ақ, амал не, тыңдайтын құлақ жоқ. Жаһандану жағасынан алса да, арқалы өнердің тамыр соғысын баяулатпай, Бесқала жыр мектебінің дәстүрін дамытуға бір жыршыдай тер төгіп келе жатқан Аманжол Есмырзаның еңбегі сүйсінуге тұрарлық. Саф алтындай сақталған байырғы өнер бояу-бедерін жоғалтпай келе жатса, мұнда ең алдымен ел ішін өнер кенішіне айналдырған Аманжол секілді қарапайым азаматтардың үлесі бар.
АЛМАТЫ