Садақ көшпелі бабаларымыздың басты қаруы десек қателеспейміз. Көне атауы «қара санай» аталған бұл әскери қару өз заманында позициялық шайқас жүргізуге, аз күшпен қарсы жаққа алыстан зор шығын келтіруге мүмкіндік береді. Мұны ұстаған қазақ мергендері туралы мұра халық ауыз әдебиетінде жиі кездеседі. Мысалы, «Бұлғары садақ, бұқаржай» (Қобыланды батыр), «Садақ толы сай кез оқ», «Көн садақтың ішінде, көбе бұзар жебе бар» (Махамбет), «Қарағайдан садақ будырып, қылшанымды сары жүн оққа толтырып» (Қазтуған) деген жолдар бар.
Жалпы, садақ туралы әлем халықтарының түрлі аңызы бар. Мысалы, көне түркілерде садақ хандық биліктің белгісі ретінде таңбаланса, арабтардың көне аңызында жаңа туған айға қарап жасалған, ал діни тұрғыдан алғанда, періштелер оны Адам атаға дайын күйінде сыйға тартқан, берген-мыс.
Орта ғасырда бас бостандығы бар әрбір еркек садақ атуға машықтанумен айналысқан. Оған ақсүйек те, қарапайым адамдар да, жауынгерлер де, бейбіт тұрғындар да жастайынан жаттыққан. Мысалы, Отырардан шыққан ұлы ғұлама Әл-Фараби жастайынан жақ атуды үйренгені тарихтан белгілі. Атақты философ өмірінің соңында Сирияда жол тонаушы қарақшыларға қарсы садақпен шайқасып, қаза тапқан.
Көне қару саналатын садақ олимпиадалық спорт түрлеріне енген. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының көзірі десе болады. Көптеген ел осы спорт түрін қолға алып, садақ жасау, оны атуды қайта қалпына келтіріп, дәстүрлі өнердің бір түрі ретінде қастерлейді. Садақ тартылғанда иіндері ішке бүгіліп, оны жібере қойғанда бойындағы серіппе күшті адырна арқылы жебеге дарытады. Иіндер күшінің арқасында оқ бастапқыда секундына 50 метр жылдамдықпен ұшады.
Барлық ұлт көне заманнан аңшылық және соғыс кезінде қолданатын қару ретінде садақ от қаруы – мылтық үстемдік алғанша қолданыста жүрді. Қадым заманда алдыңғы адам қайырып кеткен ағаш бұтағы арттағы кісіні соққаны бір тапқырдың майысқақ ағаш бойында күш жатқанын түсіндірген шығар. Жасалу тәсілдеріне қарай садаққа қолданатын материалдар да түрлі-түрлі. Тарихи тұрғыдан алғанда, қарапайым және құрама садақтар деп екіге бөлінеді. Осы қару түрін зерттеушілер күрделі садақтар Азия далаларын мекен еткен көшпелі тайпалардың ат үстінен ататын қаруды жетілдіру мақсатында дүниеге әкелгенін жазады. Шағын садақ жасауға иіліп, созылған соң бастапқы қалпына қайта келетін мүйіз, сіңір секілді материалдарды пайдаланады. Тарихтан құрама скиф садағы, сауытты тесетін ғұн садақтары белгілі.
Садақ ату мәдениеті әсіресе көшпелі халықтар арасында, бір жағынан, күнкөріс, екінші жағынан қару ретінде ерекше дамығаны белгілі. Ес білгеннен ат жалын тартып мініп, «ата көрген оқ жонар» демекші, қаршадайынан осы қару түрін атып үйренген көшпелілердің мергендігі жөнінде түрлі аңыз тараған. Атақты Бабыр өз шығармасында құралайды көзге атқан бір түркі садақшысы туралы айта келіп, «арқанға байланған шеңберді ағашқа іліп, арқанды барынша бұрап тастап, арқан қайта тарқатылғанда садақпен атып, оғын шыр айналған шеңберден өткізетін», деп жазады.
Түркілермен бірге кресшілерге қарсы қанды шайқастарға қатысқан араб тарихшысы Ибн Мункиз (1095-1188) түркілердің садақ атудан шеберлік шегіне жеткенін жазады. Садақ оғын бұршақша жаудыру, жебенің ысқырып және алысқа ұшуы көшпелілерге орасан зор басымдық бергені тарихтан баршаға аян. Найза – қылыш түйістірмей тұрып-ақ жаудың ту-талақайын шығаратын сесті қару.
Тарихта түркі жебесі ұшқан қашықтыққа бірде-бір халықтың садақ оғы жетпеген. ХVII ғасырда Иранды мекен еткен түркі тайпасының шеберлері көшпелілердің садағын дамытты. Ол құрама садақ сол кездегі Осман түрік империясында кеңінен қолданылды. Иіндерінің ұштары (басы) алға қарай бүгілген садақтың ұзындығы бар болғаны 111-116 см болса да, адырнаны тарту ұзындығының ұлғаюы есебінен ең күшті садаққа айналады. 1798 жылы ІІІ Сәлім деген түрік сұлтаны атқан оқ 889 метрге жеткені – тарихи факт.
Қолдан жасалған бірде-бір садақтың жебесі мұндай қашыққа ұшқан жоқ. Түркі садағына тән қасиет – ұзақ уақыт қолданбайтын болса ғана жібін ажыратып қояды. Ал ағылшын (Уэльс) садағынан атқан оқ жеткен ең алыс қашықтық 557 қадам екен. Бұл садақ түрі тал, шілік ағашынан жасалғандықтан, көпке шыдамайтын. Сондықтан ағылшын әскері соңынан арба-арба садақтар алып жүруге мәжбүр болғаны белгілі. Оның үстіне садақтың серіппелігі мен шымырлығын сақтау үшін оны қолданбайтын кезде жібін ажыратып қою керек еді.
Бұл жерде әңгіме тік ату емес, асыра ату, яғни жаудыра ату тәсілі туралы болып отыр. Осы тәсілмен ғана жебе алысқа ұшады. Зеңбірек оғы 45 градус көлбеулікте алысқа ұшатыны секілді, садақ оғында да солай. Осы тәсілмен атуды асыра, жаудыра ату деп атайды. Жебе бастапқыда қатты жылдамдықпен биіктеп алып, бірте-бірте төмен қарай ұшқанда, өз салмағы да оған күш қосады.
Ал егер садақшы тік атса, тартылыс күшінің әсерімен оғын алысқа жеткізе алмайды немесе жеткізгенімен, қарсыласына ешқандай зиян тигізбейді. Садақ тарихын зерттеушілердің пікірі бойынша, тік атқанда жебе 100 қадамға дейін ғана өте қауіпті саналған. Ал сауыт киген адамға қырық-елу қадамнан кейін ешқандай қауіп төндіре алмаған. Орташа есеппен алғанда, тік атқанда садақ оғы 100-150 қадамға ғана ұшады.
Қайрат СӘКИ,
этнограф-қарутанушы