Ғылым 28 Тамыз, 2024

Академиктердің саны емес, сапасы маңызды

291 рет
көрсетілді

Алматыда Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жаңадан сайланған академиктерін ғылыми қоғамдастыққа ресми таныстыру салтанаты өтті. Іс-шараға еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми ұйымдардың басшылары, танымал жетекші ғалымдар, Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Соңғы уақыттары елі­міздің ғылым саласында жасалып жатқан жү­йелі реформалар нәтижелі бет­бұрыстарға жол ашады деген сенім мол. Жаңа жүйенің негізгі элементі – мемлекеттік мәртебе берілген, Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясын құру идеясы болды. Жа­қында қабылдан­ған «Ғылым және технология­лық саясат туралы» заңға сәй­кес ­ол елдегі жалғыз жо­ғары ғылы­ми ұйым атанғаны мә­лім. Алқа­лы жиынды ашқан Президент жанындағы «Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық ғы­лым академиясы» КеАҚ басқар­ма пре­зиденті Ақылбек Күріш­баев ұйым­ның жоғары мәрте­бе­сі ғылыми қауымдастыққа үл­­кен жауапкершілік жүктейті­нін, қа­зіргі әлемде өркендеу мен ла­йық­ты бәсекелесу үшін ғылым праг­матикалық және нәтижелі бо­луы керектігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы ғылым экономиканы жаңғыртудың ал­дыңғы қатарында тұруы, елге қыз­мет етуі және қоғамның күн­делікті өміріне пайда әкелуге тиіс екендігін атап көрсетті. Сол себептен, біздің миссиямыз – еліміздің жетекші ғалымдарын біріктіретін автономды, тәуелсіз және дәстүрлі бюрократия­лық вертикалдан тыс, мемлекет­тік саясат пен экономиканың неғұр­лым өзекті мәселелерін шешуге үлес қоса алатын отандық ғылымның дамуын қамтамасыз ететін ғылыми ұйым құру еді. Мемлекеттік академияның ерек­шелігі – ол академик атағы «ман­сап тәжін» білдіретін немесе зейнетке шығудың жай­лы орны ретінде қарастыры­лып келген ерекше мәртебелі ұйым болмайды. Біз оның құра­мына қоғам қайраткерлерін, сая­саткерлерді, мемлекеттік қыз­меткерлерді немесе табыс­ты кәсіпкерлерді алмаймыз. Біз­дің міндетіміз – ғылымның тек белсенді көшбасшыларын, нағыз ғалымдарды, оның ішінде дарынды жастарды бірік­тіру. Олардың елімізге елеулі пайда әке­луіне мүмкіндік жасауды көздейміз. Қол­даныстағы заң­да көрсетілгендей, академик атану – тек конкурс негізінде сайлау арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі атағын иеленудің бас­қаша жолы заңда жоқ. Осы ретте, академияның нақты мүшелері­нің сандық құрамы көп бол­майтынын атап өткім келеді. Әділ сайлау негізінде еліміздің ең лайықты, ең даңқты ғалымдары ғана академик болуы ке­рек. Біз академиктер қатарын жасанды «өсі­руге» тиісті емеспіз. Тіп­ті дамыған озық елдер­дің өзінде ғылыми әлеуеті жоғары болуына қарамастан, ұлттық академиялардың толық мүшелерінің саны шек­теулі. Егер де біз, әлемде ака­демиктер саны бойынша бірін­ші орынға шықсақ та, бұдан ғы­лы­мымыз өркендеп кетпей­ді. Ұлт­тық ғылым академиясы­ның қоғамдағы бұрынғы даң­қы мен беделін қайтаруға арнал­ған ауқымы зор игі істердің бас­тауында тұрмыз. Әрине, атқа­ры­латын жұмыс өте көп, бі­рақ бұл ғылымның бүкіл жүйе­сін прогрестің нақты «қозғалт­қышына» және елдің даму факторына бағыттайтын өте қызықты әрі алғысы мол жұмыс болмақ, – деді Ақылбек Күрішбаев.

Академияның жаңа мүше­лерін сайлау бірнеше саты бойынша жүзеге асқан. Ең алдымен, қолданыстағы заңның аясында Ел Үкіметінің шешіміне сәйкес құрылған өтпелі Төралқа үш ака­демикті сайлады.

Бұдан әрі Ғылым және жо­ғары білім министрлігі бекіт­кен академиктерді ­сайлау қағи­даларына сәйкес, елдің ғылы­ми ұйымдары мен жоғары оқу орын­дары ұсынған үміткерлер арасынан үш кезеңдік сайлау өткізілген. Алды­мен ұсыныл­ған құжаттардың толық­ты­ғы және үміткерлердің белгілен­ген критерийлер мен талаптар­ға сәйкестігі тексеріліп, сараптама комиссиясы әрбір жіберілген үміткердің сапалық және сан­дық көрсеткіштері бойынша қо­ры­тынды жасаған. Үшінші ке­зеңде Ғылым академиясының Төралқасы әрбір үміт­кер бағ­дар­ламасының өзектілігін, жаңа­шылдық деңгейін, тиімділігін, ны­саналы көрсеткіштерге қол жет­кізуі мен оның ресурстық қам­тамасыз етілуін тыңдаса керек.

Сараптама нәтижелері бо­йын­ша ең көп ұпай жинаған, бағдарламаны қорғау нәтиже­лері ең жоғары бағалау көр­сет­кішіне ие болған және акаде­мик­тердің жалпы жиналысына қатысушылар­дың жасырын дауыс беруі арқылы жалпы санының кемінде үштен екісі дауыс берген үміткерлер ғана академик болып сайланды.

Сонымен жоғарыда атап өт­ке­німіз­дей, Үкімет шешіміне сәйкес құрылған өтпелі Төралқа сайлаған үш академик­ті қоса алғанда 9 бірдей ғалымға Пре­зи­дент жанындағы ҰҒА академи­гі төсбелгісі ­табысталды.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек жи­нал­ғандарға бей­не­құттықтау жолдап, ғалымдарға академик­ ата­­ғын растайтын куәлік пен арна­йы төсбелгіні вице-министр Дархан Ахмед-Заки табыс етті. Министрдің бей­не­құттықта­уын­да академияға айрықша ­мәр­тебе берілуі ел тарихындағы өте ма­ңызды бетбұрыс екендігі, отандық ға­лым­дардың ғылыми зерттеулері мен өнер­табыс­тары мемлекет игілігіне айналуы қажеттігі айтылған. Министр 2023-2025 жылдары аралығын­да ғылым­ды қаржыландыру көлемі едәуір ұлғай­ғанын, ғылымды дамыту ең алдымен ғалым­дарды қолдаудан басталатынын, әсіре­се, ғалымдарды әлеуметтік қол­да­уға айрықша назар аударылаты­нын мәлімдеді.

Президент жанындағы ҰҒА ака­де­мигі төсбелгісі Қазақстан Пре­зи­денті жанындағы Ұлттық құ­­рылтай, Ғылым және тех­­но­­­логиялар жөніндегі ұлт­тық кеңес мүшесі Ақылбек Күріш­баев­­­қа, Президент жанын­да­ғы Ғылым және технология­лар жөніндегі ұлттық ке­ңестің мү­шесі, Қазақстан Республика­сы Президенті жанындағы Ұлт­тық құрыл­тай мүшесі, Ғылым және технология­лар жөніндегі ұлттық кеңес мүшесі, Қазақ­­­стан Республикасының Ғылым және тех­­ника саласындағы мем­лекеттік сый­лық­тың лауреаты Асқар Жұмаділдаев­қа, ­Ұлт­тық ғылым академиясының ака­­­де­­­ми­гі, ­медицина ғылымдары­ның ­док­­то­­ры, профессор, «Ұлт­тық нейрохирур­гия орта­лығы» бас­қарма төрағасы, ­Әл-­Фа­ра­би атындағы ғылым және тех­ника саласындағы мемлекеттік сый­лықтың ­лау­реаты Серік Ақшо­лақовқа табыс­талды.

Өтпелі Төралқа сайлаған осы үш ака­демиктен бөлек жо­ға­ры құрметке ие болған 6 ға­лым академик атанды. Олар­дың са­­пында Ұлттық ғылым ака­де­мия­сының академигі, медици­на ғы­лымдарының докторы, профессор, «Persona» ха­лықара­лық клиникалық репродуктоло­гия орталығының басшысы Вяче­слав Локшин, Ұлт­тық ғы­­лым ака­демиясының ака­демигі, физика-математика ғы­лымдары­ның докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің профессоры, Ғы­лым және техника саласындағы мем­лекеттік сый­лықтың лауреаты Тілекқа­был Рамаза­­нов, Ұлт­тық ғылым ­ака­демиясының акаде­­­­мигі, биология ғылымдарының ­кан­ди­­да­ты, профессор, «Өсімдіктер биоло­­­гия­­сы және биотехнологиясы инс­ти­ту­ты» Молекулалық ге­не­­­тика зертха­на­сы­ның меңге­ру­шісі Ерлан Тұрыс­пеков, Ұлт­тық ғылым академиясының ­ака­­демигі, жас ғалым, физика-матема­тика ғылымдарының кандидаты, профессор, Энергетика министрлігінің «Ядро­лық физика институты» Астана филиа­лы­ның директоры Максим Здоровец, Ұлт­тық ғылым академиясының ака­демигі, ­жас ғалым, PhD, На­зар­­баев универ­си­­те­ті­нің профес­соры Сұраған Дөрбет­хан, ­Ұлт­тық ғылым академиясының ака­­де­­мигі, PhD, Назарбаев уни­вер­­ситеті­нің ­в­ице-президенті Дархан Біләлов бар.

Айрықша құрметке ие бол­ған ға­лымдар – ғылымның әр сала­сында елеу­лі табысқа жеткен жандар. Іс-шараға қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков ел ғылымы мен мәдениетінің орта­лығы саналатын Алматы өнер­табыс иелеріне қашанда ­қол­дау көрсететінін айтып, қала басшы­сы­ның құттықтау хатын оқып берді.

Ерболат Досаев құттық­та­уында Алматы қаласының ел­дегі ғылым мен білім­нің негізгі орталығы екендігін еске салып, академияның мақсаттары қала дамуының негізгі бағдар­ламаларымен тығыз байланыс­ты екенін баса айтты. Ол жаңа академиктерді лайықты атақ­тарымен құттықтап, ғалым­дар­дың отандық ғылымның дамуына айтарлықтай үлес қосқандығын атап өткен.

«Біздің алдымызға қойыл­ған үлкен талап бар. Отандық ғы­лым талай жыл дағдарысқа ұшы­рады, арада үлкен іркіліс бол­ды. Мұның орнын толтыру үшін үлкен жұмыстар жасалуы ке­рек. Ғылымға назар аудару­дың өзіндік индекстері бар. Кей­бір көрсеткіштер бойынша әлем­дік орташа деңгейден де түсіп кеткен кез болған. Соған қарамас­тан соңғы жылдары қайта еңсе тік­теп келеміз. Ғылыми жобалар­ға ауқымды қаржы бөліне бас­та­ды. Егер ғылымға таза көңілмен келсеңіз, лайықты идеяңыз болса, талаптансаңыз жол ашық. Мұны ғылымға ден қойғысы ке­летін жастар білуге тиіс. Ғылым­ға аяқ басатын сәт нақ осы кез. Себебі бізде ғалымдар көп емес. Юнеско-­ның көр­сеткіші бо­йынша, елімізде миллион адам­ға шаққанда 600 ғалымнан ғана келеді. Алайда әлем­дік ор­та­ша көрсеткіш миллион адам­ға шаққанда 1 300 ға­лым. Де­мек қазір жастар үшін мүм­кін­дік мол», дейді Пре­зидент жа­нын­дағы Ұлттық ғы­лым ака­де­миясының академигі атан­ған ма­тематик-ғалым Сұраған Дөрбетхан.

Ұлттық ғылым академиясы­ның ака­де­миктерін конкурстық сай­лаудың ке­лесі кезеңі алдағы айларда өткізу жос­пар­ланған. Оның қорытындысына сәй­кес ғылымның барлық негізгі бағыт­ы бойынша академиктер құ­рамы қалып­тасатыны айтылды.

Іс-шара аясында Президент жанын­дағы Ұлттық ғылым ака­демиясының Жас ғалымдар кеңе­сінің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңес төрағасы Мақсат Жабағин кеңес­тің алты айлық жұмысы туралы есеп беріп, жас ғалымдар тарапынан ұсыныс-тілектер айтылды.

Соңғы жаңалықтар