• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Тамыз, 2024

Шеберлікке құрмет

158 рет
көрсетілді

Кез келген кітапқұмар адам қолына жаңа кітап алғанда алдымен қарайтыны да, көретіні де, әрине, кітап авторы, аталуы, суретшісі, безендірілуі, тағы басқа полиграфиялық, баспалық, техникалық мәліметтері. Солардың қатарында кітаптың соңғы бетінде тұратын, қарапайым ғана жазылатын «редактор» деген сөзге кітап авторының өзі болмаса, көпшілік оқушы мән бере бермеуі де мүмкін. Кітаптың инженерлік, полиграфиялық, баспалық, дизайндық жасақтары, оны біліктілікпен тартымды, көрікті етіп орналастыру – бөлек әңгіме. Әрине, ол – үлкен өнер.

Редактор қаламының, қайра­тының көсілетін «ең ұсақ» әрі ең ірі жұмысы – кітап мәтіні. Автор – шығармашыл адам. Шабытты ой үстінде үтір, тырнақша, жалғаулық – тағы басқа тыныс белгі ережелерін сақтай алмауы да жиі кездеседі. Өз басымызда да бар. Солардың «тігісін жатқызып», «қан жүргізетін» – сауатты редактор. Автордың ерекше білетін адамы да кітаптың редакторы. Еліміздің баспа саласында тәжірибелі, білімді, білікті, сауатты редакторлар, шүкір, баршылық.

Сондай көрнекті редактор­лардың ең алдыңғы қатарында Мәрия Қайыржанқызы Абдрах­манованың еңбегін зор құрмет­пен айтар едім.

Мәрия Қайыржанқызының шеберлігі іргелі білімге негіз­делген. Мектепте де, жоғарғы оқу орнында да өз заман­дас­та­рының қатарында көркем әдебиетке ден қойып, қазақ, орыс, батыс, шығыс елдері шы­ғар­маларының жазылу, баяндалу мәдениетіне, стиліне, тәсіліне, сөздің, сөйлемнің табиғатына, құралуына терең бойлап, грамматика ережелерін сақтау, әр автордың өзіндік ерекшеліктерін ескеру сияқты еш нұсқаулықта жазылмаған шығармашылық құбылыстарды жандандырып, сөйлем мен автордың ойын, сөздік мақсатын редакциялау арқылы құлпыртып сөйлететіні кез келген авторды еріксіз келі­сімге жүгіндіреді.

Мәрия да көптеген редактор сияқты, өзі «сахнаға» шы­ғып, «менмұндалап» көріне бер­мей­ді. Әйтпесе айтары да, жазары да бар сабырлы қалам­гер. Мұны­сы, әрине, мәдениет­тілік, әдеп­тілік, әрі әдемі қазақы мінез. Көп біледі, аз сөйлейді.

Мәрия Қайыржанқызының өз ісіне аса ұқыптылықпен, өте жоғары, шынайы жауап­кер­шілікпен қарайтынын, білім­ді­лігін ол жұмыс жасаған бас­падан менің бір-екі кітабым шық­қанда көріп едім.

«Елорда» баспасының құ­рыл­тайшысы, полиграфия ин­женері, аса бекзат болмысты марқұм Тұрлығазы Дуанбек өзіне де, төңірегіне де шынайы тазалықпен қарайтын азамат болатын. Менің баспаға тапсырылған кітабымның редакторы туралы әңгіме қоз­ғал­ғанда ол бірден Мәрия Қайыр­жан­қызының кәсіби сауат­­­­тылығын, адамгершілігін алға тартты. «Реформы в Казах­стане и в Китае» деген атпен жарық көрген сол кітабымның дер кезінде әрі мазмұнды, сапалы шығуына Мәрияның редакторлық зергерлікке те­ңей­тін шеберлігінің пайдасы көп тиді. Риза болдым. «Дер кезінде» деуімнің мәні былай. Мен ол кезде Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметінде істейтінмін. Қазіргідей электронды пошта да, телефон арқылы жолдайтын «WhatsApp» сияқты мүм­кіндік те жоқ. Біз бәрібір жер алшақтығын да, уақыт тығыз­дығ­ын да бірлесіп еңсере алдық. Қалай дейсіз ғой? Мәрия менің қолжазбамның тарауларын оқылғанын оқылғанынша директорына береді. Ол Сыртқы істер министрлігіндегі тиісті қызметкерге жеткізеді. Содан редактордың қолынан өткен қолжазба дипломатиялық пош­та арқылы елшілікке келеді. Мен үстінен қарап, әлгіндей жолмен қайтадан Астанаға жолдаймын. Біраз күннен кейін редактор оқыған келесі тарау Бейжіңге жіберіледі. Сөйтіп-сөйтіп, Мәрия бүкіл монографияны уақтылы қарап шықты. Өндірістік графиктен еш кешік­тірген жоқ.

Мәрияның сауаттылығының, жауаптылығының арқасында оның редакторлығымен жарық көрген басқа кітаптарынан да не орфографиялық, не пунк­туа­циялық, не стилис­ти­ка­лық қателік табылмайды. Орысшада «филигранная работа» деп осындай шеберлікті айтады. Ол ондай іскерлікпен жалғыз менің кітаптарымды ғана емес, өзінің үлесіне тиген талай мәтінмен жұмыс істегенде де мұқият жүр­гізгеніне сенімдімін, әрі ол тура­лы жақсы сөз естіген са­йын риза боламын. Шеберлікке құрметімнің бір белгісі ретінде мерей жасының тұсында қолыма қалам алуды ағалық парызым санадым. Айтқандай, Мәрияның «Баспа ісі мен полиграфияның еңбек сіңірген қайраткері» атағы бар. Кезінде «Онжылдықтың үздік редакторы» деп танылған. Мерейтойына Мәрияның кітабы шыққалы жатқанын естідім. Оқылатын еңбек болатынына сенемін. Жазудың соңына шындап түссе, Мәрияның талай жерге баратынына сенемін. Бірақ ол бар күшін негізгі кәсібіне – кітап редакторлығына салып, авторларға көмектесуге көп көңіл бөлген кісі. Кезінде Фариза Оңғарсынова туралы «Казахстанская правдаға» жазған көлемді мақаласы әлі есімде. Жақында ғана сол газетке «Апаня» деген мақаласы шықты. Көп жыл көрші тұр­ған, ардақты апайы туралы жып-жылы дүние. Тосын та­қы­рыптарды таба қояды. «Владимир Николаевич» деген шы­­мыр да жұмыр мақаласы жас күн­деріндегі тұрған пәтердің иесі туралы. Біраз мақалаларын оқымаған сияқтымын. Әйтеуір, нені жазса да жанымен жазатынына сенемін. Сөздің басында мен айтып өткен ардақты азамат Тұрлығазы Дуанбектің өмірден өткеніне жыл толғанда жазған «Наш директор» деген мақаласы сондай еді. Тағы бір назар аударарлығы – мектепте, университетте орысша оқыған, өмір бойы орысша мәтінмен жұмыс істеген Мәрия керек кезін­де мақалаларын қазақша да жаза алады. Бұл да өреліліктің бір белгісі.

Қазақ әдебиетінің, мәде­ние­тінің, руханиятының көрнекті тұлғасы Сауытбек Абдрах­ма­нов­тың бала журналистен дана журналист, публицист, жазушы, аудар­машы, зерттеуші айдынына шығып, еркін жүзуіне де, оның шығармашылық еңбектерінің халықаралық дәрежеде танылуын­­­­да, мемлекет қайраткері болуында да Мәрияның телегей-теңіз ең­бе­­гінің барын білеміз. Оған Сауытбекпен ұзақ жыл бойы ағалы-інілі араласа жүріп, әбден көзіміз жеткен. Бұл азаматпен біз Қазақстан Компартиясының орталық комитетінде де, Пре­зи­дент Әкімшілігінде де, Пар­ла­мент Мә­жі­лісінде де қыз­меттес бол­ған­быз. Қай жер­дегі жұмысы да көңі­­лімізден шыққан.

Өскен, өркендеген отбасының ырысын шалқытып, бақытын бая­нды етіп, азаматының атын қоғамның биігіне көтеріп, өнеге болып жүрген Ана – осы біздің Мәрия Қайыржанқызы.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ