• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым 27 Тамыз, 2024

Өтей батыр

216 рет
көрсетілді

Тарихтың қилы кезеңдерінде ел қорғап, ерлік танытқан ерлердің есімдері ұмытылмауға тиіс. XVIII ғасырда өмір сүрген Өтей батыр Ақымбетұлы – осындай тұлғалардың бірі. Мемлекеттік орталық музейде батырдың ұрпақтарымен кездесу өтіп, қаһарман тұлғаның кескіндемелік портреті музей қорына табысталды.

Өтей батыр 1714 жылы Торғай өңі­рінде дүниеге келген. Еділ бойы қалмақтары қазаққа шабуыл жасап, Ойыл өзеніне дейінгі жерді ал­ғанда, Орта жүзден Кіші жүзге келген әскер қолын Өтей батыр бас­тап барған деседі. Ал батырды кө­мекке аттандырған көрнекті қол­басшы Шақшақ Жәнібек болатын. Осылайша, Өтей батыр Кіші жүздің Қы­зылқоға жерінде кескілескен соғысқа қатысып, 1749 жылы небәрі 35 жасында қаза табады. Батырдың ерлігін Кіші жүз ру-тайпалары әр­қашан айтып жүреді. Кіші жүз қа­зақ­тары қалмақтарды жеңгеннен кейін, игі жақсы билер мен батырлар қалмақтармен күрестегі ерлігі үшін оның құрметіне құлпытас қойған. Алайда жылдар өткен соң ол бейіт белгісіз болып қалған. Тек 2007 жылы ғана Өтейдің жатқан жері табылып, 2008 жылы ұрпақтары батырдың тарихи отаны Қостанай облысы Жангелдин ауданының Қызбел ауылына да құлпытас қойған. Өтей ба­тырдың бейіті Қарабау (қазіргі Аты­рау облысының Қызылқоға ауданы) жерінде орналасқан және халық арасында «Өтей қорымы, Өтей бейіті» деген атқа ие.

Іс-шараға қатысқан тарихшы ға­лымдар тарих беттерінде Түр­кіс­тан­дағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргесіне жерленген Өтей батырдың баласы Бекбаулы Өтейұлының батыр­лығы туралы деректер де жетіп артылатынын айтады.

«Қазақ тарихында ел басына екі­талай күн туғанда халқына қорған болған қаһармандар аз болмаған. Мұн­­­дай тұлғалар даламыздың қай өлке­сінен де табылады. Қыр­шын кеткен ерлердің есімдерін ұрпақ жадында жаңғырту – кейінгілер үшін қастерлі борыш. Баба есімін әспеттеу жаңа буын жас ұрпақты ерлік рухында тәрбиелеуге сеп болмақ әрі батыр ерлігіне жасалған құрмет», дейді Өтей батыр ұрпақтарының бірі Марат Якупов.

 Музей қорына тарту етілген Өтей батыр портретінің авторы – көр­некті қылқалам шебері, танымал мү­сінші  Сапарбек Ұзақов. Суретші батыр­дың бейнесін салу барысында та­рихи деректер негізге алынғанын айтады.

Тағылымды іс-шарада профессор Кәрбоз Жапаров, Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Сержан Саров, музейдің бас қор сақтаушысы Үміт Әшімова сөз алып, Өтей батырдың қазақ тарихындағы рөлі, есімі елеусіз қалған басқа да тұл­ғалар өнегесін жаңғыртудың маңызы туралы атап өтті.

 

АЛМАТЫ