Соңғы жеті күнде қалада коронавирус жұқтырғандар саны едәуір артқан. Бұл туралы Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Эпидемиологтың айтуынша, ЖРВИ және тұмаумен сырқаттануға эпидемиологиялық қадағалау жүргізіліп жатыр, оған COVID-19 зертханалық зерттеулері де кіреді.
«Коронавирусты ерте анықтау мәселесі әлсіреген жоқ, қадағалау барлық жерде жүргізіліп жатыр. Қаңтар айының басынан бастап Алматыда тұрғындар арасында коронавирус ауруының 302 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Соңғы жеті күнде - 9 жағдай, бұл өткен аптада анықталған жағдайлардың санынан екі есе көп», деді Әсел Қалықова.
Сонымен қатар Қалықова қалада инфекцияға қарсы вакцина жоқ екенін атап өтті.
«Денсаулық сақтау министрлігі республиканы вакцинамен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар кешенін қабылдап жатыр», деп нақтылады эпидемиолог.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрқан Сәдуақасовтың ауруханалардағы медицина қызметкерлеріне маска кию режимін қайтару туралы жарлығы жарияланған еді.