Заманның ағымына қарай интернет платформалар арқылы жұмыс істеп, тәп-тәуір табыс табатын ел азаматтары көбейіп келеді. Бірі осы шаруасын негізгі кіріс көзі ретінде көрсе, екіншісі қосымша табыс көзі ретінде қарайды. Бастысы, интернет платформаларда жұмыс істейтін жұмысшылар еңбегіне қарай табыс тауып, халықтың да көңілінен шығып отыр.
Интернет платформаларда еңбек ететін азаматтар да әлеуметтік қолдау шараларынан құр қалмауға тиіс. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Әлеуметтік кодекске, Салық кодексіне және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға бірқатар түзету енгізіліпті. Интернет платформада жұмыс істеу дегеннің өзін көпшілік табыс табудың тағы бір мүмкіндігі ретінде қарайды. Әрі осы мүмкіндікті пайдаланатындар жыл сайын көбейіп келеді. Сарапшылардың пікірінше, елде қазірдің өзінде 500 мыңдай азамат осы салада еңбектеніп, табыс тауып жүр. Дәл қазір платформалардың ішінде кең тарағаны курьерлік жұмыс, такси жүргізушілерінің қызметі болып тұр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов платформада жұмыс істеудің артықшылығы жұмыс кестесінің еркіндігінде екенін айтты.
– Платформадағы жұмысты негізгі жұмыспен қатар алып жүруге болды. Әрине, мұндай жұмыстың тәуекелдері де жоқ емес. Бұл бірінші кезекте табыстың тұрақты болмауымен, көлеңкелі қатынастардың көбеюімен байланысты. Жұмысшылардың мемлекет ұсынған кепілдіктерден қағылуы да оңай шаруа емес. Себебі бұл азаматтың медицициналық қызмет алуына, әлеуметтік ахуалына әсер етуі мүмкін. Мемлекет басшысы цифрлық экономикаға араласатын ел азаматтарының құқын қорғаудың шарттары мен тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан бірқатар іс-шара қабылданды. Шілдеде қабылданған заң шеңберінде Әлеуметтік кодекске, Салықтық кодекске және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға өзгерістер енгізілді. Оcы түзетулердің есесіне «e-Salyq Business» қосымшасының арнайы салықтық жүйесін қолданатындар үшін төлемдерді азайтуға ықпал ететін бірқатар шешім қабылданды. Мұнда жеке табыс салығына, медициналық сақтандыруға, әлеуметтік сақтандыруға және зейнетақы жарнасына табыстың 1 пайызын аударып отыруға мүмкіндік қарастырылған, – дейді А.Сарбасов.
Осы жеңілдетілген режім арнайы салықтық режімді қолдануға дайын азаматтар үшін тиімді. «e-Salyq Business» салық шеңберінде жеңілдетілген салықтық режімнің артықшылығы көп. Бұл режімге көшуді ойлағандар арнайы салықтық жүйемен салық төлейді. Мұның дәстүрлі салықтық режіммен салық төлейтіндерден артықшылығы көп. Мысалы, дәстүрлі салықтық режімді қолданатындар ай сайын кем дегенде 17 мың теңге төлеп отырады. Ал жеңілдетілген салық режімі арқылы табыстың 4 пайызын ғана салыққа төлеуге мүмкіндік туады.
– Егер табыс 200 мың теңгенің шамасында болса, онда дәстүрлі салық режімі бойынша 17,5 мың теңге мөлшерінде төлем төлеу қажет. Ал жеңілдетілген режім табыстың тек 4%-ын төлеуге мүмкіндік береді. Алда Мемлекеттік кірістер комитеті, «Азаматтарға арналған үкімет», сондай-ақ Ұлттық банкпен бірге өзара іс-қимылдың тиісті қағидаларын әзірлейміз. Жалпы, «Интернет платформалар», «интернет платформалардың операторы», «тапсырыс берушілер», «орындаушылар» ұғымдары заңнамалық түрде бекітілген. Қызметкер мен заңды тұлға арасындағы өзара қарым-қатынас Еңбек кодексі шеңберінде регламенттелген. Айта кететін тағы бір ақпарат, интернет платформаларда жұмыс істейтін жеке тұлғаларға қатысты салық режімдері қарастырылған. Қанатқақты жобаға 13 мың такси жүргізушісі қатысады деген болжам бар, – дейді вице-министр.
А.Сарбасов түсіндіргендей, жұмысшылар арнайы салық режімін қолдана отырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Жылдың соңына дейін ақпараттық жүйелерді сынақтан өткізу және интеграциялау тетіктері толық іске қосылады. Себебі жыл соңына дейін осы тетіктердің барлығы толық жұмыс істеуі қажет.