Мектепке дайындық – мектеп табалдырығын аттайтын балалар мен олардың ата-аналары үшін өте маңызды мәселе. Біз бұл жерде оқушыны киіндіру немесе оқу құралдарын түгендеу туралы емес, кәдімгідей сабақ оқуға даярлық жөнінде айтып отырмыз. Осыған орай елімізде «Балақайлар мектебі» ұйымдастырылды.
«Балақайлар мектебі» – жазғы демалыс кезінде бірінші сыныпқа баратын балаларға бірдей бастапқы, қажетті дағдыларды меңгерту мақсатында мектепалды дайындыққа арналған қысқамерзімді бағдарлама. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, елімізде аталған бағдарлама бойынша 115 мыңға жуық бала мектепалды дайындықтан өтті. «Балақайлар мектебі» мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді, сонымен қатар балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының бағыттары бойынша мектепке алдын ала дайындауға мүмкіндік береді. Аталған бағдарлама мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру стандартына сәйкес әзірленді.
Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова жоба туралы: «Жазғы кезеңде мектепалды дайындықтан 115 мыңға жуық бала өтіп, 2,9 мың мектептің 5,1 мың бастауыш сынып мұғалімі мен мектепалды даярлық педагогтерінің қатысуымен оқыту ұйымдастырылды. Оқыту барысында балалардың физикалық, коммуникативтік, интеллектуалдық, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары, сондай-ақ мектепке оң көзқарасын дамытуға басымдық берілді», деді.
Айта кету керек, мектепалды дайындық бағдарламасы 1 айға арналған. Балаларды бағдарлама бойынша білікті бастауыш сынып мұғалімдері, мектепалды даярлық педагогтері даярлады.