Елордадағы «Астана Опера» театрының солисі, Astana Opera Халықаралық опера академиясының түлегі, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Әлихан Зейнолла Италияның Пезаро қаласындағы Дж.Россини атындағы театрда «Реймске саяхат» спектаклінде Граф Либенсковтың басты партиясында дебют жасады.
Қойылымның оқиға желісі мынадай. Жер-жерден келген ақсүйектер Францияның жаңа королін ұлықтау салтанаты болатын Реймс қаласына бару үшін әуелі «Алтын лалагүл» қонақүйіне орналасады. Олардың әрқайсысы өзіне ғана тән қызықты болмысымен ерекшеленеді. Сол себепті қонақүйдің ішінде күлкілі жағдайларға тап болады. Драмалық шиеленіс Реймске ешқандай көлік апармайтынын түсінген сәттен басталады. Сонда саяхатшылар патшаны қонақүйде, яғни өз ішінде ұлықтай беруді жөн санайды. Араларында Италия, Франция, Германия, Ресей, Польша, Испания және Англиядан келген қонақтар болғаннан кейін, әрқайсысы өз мемлекетінің гимнін шырқап, Франция ағзамы Х Карлға күллі Еуропаның атынан құттықтауларын жеткізеді.
Осындай шытырман қойылымда отандасымыз Әлихан Зейнолла Мелибей ханымға ғашық әрі өте қызғаншақ орыс генералы Граф Либенсковтің рөлін сомдап шықты. Аталған рөлді қалай иеленгені туралы әнші былай деп ой тарқатады:
«2022 жылы мен Қырғызстан астанасына айтулы концертке шақырылған едім. Ол жерде оркестрдің сүйемелдеуімен Дж. Россинидің «Севиль шаштаразы» операсынан каватинаны, Ж.Бизенің «Інжу іздеушілер» операсынан әйгілі романс орындадым. Сөйтіп, менің орындауымды Дж.Россини фестивалінің директоры Эрнесто Паласио мырза тыңдап, өзімнің агентім В.Федели мырза арқылы Пезаро қаласындағы (Италия) Дж.Россини академиясына шақырту алдым. Академиядағы оқу бағдарламасына шеберлік сағаттарының топтамасы кіреді, олардың біреуін мен әлемге әйгілі тенор Хуан Диего Флореспен бірге жасадым. Сондай-ақ Дж.Россинидің «Реймске саяхат» көлемді италиялық операсындағы дебютім және Италиядағы тағы бірнеше маңызды концерт осы оқу барысындағы жетістігім болмақ», дейді ол.
Айта кету керек, академиядағы оқу барысында әлемнің түрлі елінен барған төрт тенордың арасында Э.Паласио Әлихан Зейнолланы бірінші құрамда Граф Либенсковтің партиясында дебют орындауға таңдап алған. Академияда білім алумен қатар, қазақстандық тенор Градара, Ферминьяно, Урбино, Пезаро қалаларында концерттік бағдарламалармен өнер көрсеткен.
«Реймске саяхат» операсының музыкалық және сахналық дайындықтары күн сайын Россини театрында, Эксперименттік театрда және Скаволини Аудиториумында итальян тілінде дирижер Давиде Левимен және халықаралық деңгейдегі пианист-коучтермен бірге өтті. Тамыз айының соңында спектакльдің премьерасы өте жоғары деңгейде қойылды», деп пікір қосты тенор Ә.Зейнолла.
Еске сала кетейік, академияда тағылымдамадан өту кезінде Әлихан Румынияға «Севиль шаштаразы» операсының қойылымында Граф Альмавиваның партиясын орындауға шақырылған еді. Бұдан бөлек, ол Будапештте «Stabat Mater» үлкен мессасында өнер көрсеткен. Сондықтан оның бұл өнер көрсетуі еуропалық үшінші дебюті болды.