«Таза Қазақстан» бастамасы аясында Ақмола облысында экологиялық іс-шаралар жалғасып жатыр. Осы бағытта кеше Көкшетау қаласында «Таза Көкшетау» жобасын қолдау мақсатында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Іс-шараға жастар ұйымдарының басшылары, азаматтық сектор өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, белсенді жастар, еріктілер және «Жасыл ел» жауынгерлерінен құралған барлығы 500-ге жуық адам қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа, қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын дәріптеу.
Іс-шара барысында қала тұрғындары бақылау алаңын тазартып, «Тәуелсіздік» Ту тұғырын абаттандырып, Көкшетау қаласының тау бөктерін қоқыстан тазартты.
«Ақмола облысының тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасын белсенді қолдайды. Бұл жоба табиғатқа, өз үйіне ұқыпты қарауға бағытталған. Осылайша, қоғамның тазалығына, экологияға бейжай қарамайтын, айналасына қамқорлық танытып, табиғатты қорғайтын жастар шоғыры көбейе түседі», дейді белсенді жастардың бірі Нариман Меңдібаев.
Жалпы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған сәттен бастап Ақмола облысы бойынша 550-ден аса елді мекен қамтылып, 80 мың тонна қоқыс шығарылды. Тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру бойынша жұмыс жүргізіліп, 200-ге жуық көшет отырғызылып, ағаштарды әктеу, суайдындарының, өзендер мен көлдердің айналасын қоқыстан тазарту, 400 балалар алаңы абаттандырылып, тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың қасбеттері жөнделді. Облыс бойынша барлығы 500 мыңға жуық адамның қатысуымен 3 500-ге жуық бір реттік экологиялық іс-шара өтті.