• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жәдігер 28 Тамыз, 2024

Жайықтың хаты

39 рет
көрсетілді

Қостанай облысы Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы музейінде аса көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сырбай Мәуленовтің бірқатар жеке қолжазбасы және әріптес қаламгерлермен жазысқан хаттары сақталған. Сондай құнды жәдігердің бірі – белгілі жазушы, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Жайық Бектұровтың Сырағаңа жазған хаты. Онда Жайық ақсақал «Қазақ әдебиетін» басқарып отырған Сырбай Мәуленовке сыйласатын жолдасы әрі газет оқырманы ретінде өз ұсынысын айтыпты. Ендеше, хатты оқып көрелік.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Сырбай Мәу­ленов жолдасқа!

Аса қадірлі Сырбай!

Жаңа қоныс-тұғырыңыз құтты болсын! Сіз үшін бұл төр жаңа да емес қой, әуелгі, 1955 жылы қайта шыққандағы осы газеттің алғашқы шаңырақ иесі де өзіңіз емес пе едіңіз? Ондағыдай емес, енді орнығып көп отырыңыз.

Біз, бұл газеттің ертеден бергі оқушылары, шама­мыз кел­генше газетті жұртшы­лық­қа көп таратуға күш салып бағамыз. Бұған сенерсіз ғой.

Ендігі бір жолдастық, оқу­шылық тілек, әуелі өз қа­быр­­ғаңызға салып көретін ұсы­нысым бар. «Литературная газета» өзінің бір шекесіне –  А.Пушкиннің, екінші шекесіне – М.Горькийдің бейнесін салып шы­ғаратынын жақсы бі­ле­сіз. Бұл орыс тарихының екі дә­уірдегі көшбасшысын әдебиет легіне де, әдебиет беле­сінде де қадір-құрмет тұтқаны ғой. Ал сіз мына басының тағылуын өзгерткен осы өзіміздің «Қазақ әдебие­тінің» алдыңғы шекесіне – Абайды, екінші жағына – Сәкенді салып шығаратын болсаңыз қайтер еді? Бұған жоғары жақ­тың қаулысы керек бола қоймас, асса Жазушылар одағы бас­қармасы секретарының, қалса өз алқаңыздың ұйғарын­дысы жетер. Мұқаң әйгілі жа­зушы ғой, бірақ нарық тұр­ғы­сы­нан, алғашқы кеңестік көш­бас­шы­лығы жағынан Сәкен ағаңыз қолайлы болар. Артық сөзім болса кешірім сұраймын.

 

Құрметпен

Жайық Бектұров.

22.05.1971 жыл».