• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 28 Тамыз, 2024

Ойқас

41 рет
көрсетілді

Ертеректе ауылдағылар қасқыр, бөрі демей, жаманауыз дейтін. Атқа мінетін үлкен аңшылар бір-бірінен «далаға шықтыңдар ма, жаманауыздан тыныш па екен?» деп сұрап жататыны құлағымызда. Кейін есейе келе кей ауылдар бөріні ит-құс атайтынын да білдік. Ауылда естіген жаманауыздың мәнін сонда ұққанбыз. Қазір олай тыйым сөз қолдана бермейді-ау деймін. Итті ит, қасқырды қасқыр атайды.

Мұны айтып отыр­ғаным, ба­ла ке­зімізде жыл­қы­ға жа­манауыз жиі тиетін. Аң­шылар сайланып шығады, түз тағысы алдыра бере ме? Басқа өңірді қайдам, біздің елде қардың бетімен жүретін «Буран» көлігі бола қоймады ма екен, жылқыға күзет қо­йып, ел «қырғын» болатын. Ақ, адал малы ит-құсқа жем болғаны оңай дейсіз бе? Қанша жерден жылқышылармен бірге күзет қойып, аңшылар сайланып шығып, қуып-үркітіп, арасында атып алып жатса да, ананың байталын, мынаның жабағысын жеп кетіп жатады. Қар бекіген сайын жаманауызың да құ­тыра түседі. Бірінен соң бірін топырлатады. Қазір ғой, техниканың күші озып, басылып тұрғаны. Ертеде ел­дің жылқысын топырла­тып жеп, көп шығынға ұшы­рататын. Болмаған соң, халық жылқысын қолына алады. Күн­діз бағып, іңірттетіп әке­ліп қо­расына қамайды. Он­­дай­да шөп шақ келе ме? Қой мен сиырға шауып, үйген пішенді отап салады жылқы жа­рықтық. Әйтеуір ел болған соң бір-біріне сүйеніп амалдап ты­ғырықтан шығады ауыл.

Бір ғажабы, біздің үлкен үйдің жылқысы алты ай қыс далада жата беретін. Атама біткен Торы айғыр үйірінен шашау шығармайтын жыл­қының пірі еді, жарықтық. Алты ай қыста бір жабағы жегіз­бейтін, ұрыға да алдырмайтын болса керек. Үйір шығынсыз, аман-есен далада қыстап шығатын. Қасқыр маза бермеген соң ел қыс ортасында жылқысын қорасына әкеп бағып, далаға көк­тем­де бір-ақ жібереді. Бұл уақта атам үйінің жылқысын әкем дала­дан түгендеуге әкелер еді. Жыл­дар бойы солай жалғаса берді. Бес, бәлкім одан да көп жыл. Бір күні қыс ортасында жылқы түгендеуге кеткен әкем «Торы айғыр жоқ» деп келді. Жемтігін кейін іздеп зорға та­уыпты, ит-құсқа ақыры өзін алдырған екен жануар. Торы айғырды қасқыр жеп кетіп­ті. Қаншама жылқыны бір­неше жыл аман сақтап келген Қамбар атаның құтындай жануар, тіршілігінде жауға бір құлын бермей, соңында өзін құрбан еткені – адам баласын ойландырмай қоймайды. Жылқы-екеш жылқының өзі ұрпағы үшін жанын беріп, ерлікке барып тұр ғой. Бұдан кейін жылқының естілігі туралы қаншама шығарма оқып, кино да көрдік. Соның бә­рінде осы Торы айғырдың ойқастап үйірін бөріден қорғап жүр­гені елестейді. Әкем айтатын «бірде бұрқасындатып жылқы түгендеуге барсам, үйір төбенің басында шоқтай болып иіріліп тұрғанын алыс­тан көрдім, айғыр сыртында ойқастап жүр екен. Мен барғанша, үйірін айналып солай ойқастаумен болды. Желе жортып жетсем, төбенің ас­тында бес бөрі кетіп барады екен. Соңдарынан мылтық ат­тым. Қар белуардан болса да, жылқы тұрған жердің то­пы­рағы көрініп қалыпты, қан­­шама уақыт алысып, күш қыла­ды екен ғой, жануарлар» дейтін.

Жылқысы мұндай қазақ­тың жұрты қалай жатбауыр болмақ. Жылқы мінез ел емес пе едік?