Тазалық – баршаға ортақ мәселе
Қандай бір іс болса да, халықтың қолдауымен құнды әрі өміршең. Қазіргі таңда бүкіл елімізде кең жайылған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жөніндеде осыны айтуға болады. Жер-жерлерде апта сайын тазалық жұмысы белсенді атқарылып, елді мекендер мен ауылдардың, қалалардың әрі кіріп, жаңарып қалды.
Тазалық денсаулық кепілі екенін бәріміз де білеміз. Алайда сол тазалықты сақтауға келгенде кейбіріміздің енжарлық танытатынымыз өкінішті-ақ. Осы орайда мына бір жай ойға түсіп отырса, оған да көптеген айдың жүзі болды. «Еуразия-1» телеарнасы Алматы қаласындағы көпқабатты бір үйдің кіреберісін көрсетті. Тұрғындардың өздері қаржы жинап, тұратын жерлерін кірсе шыққысыз етіп қойған. Әр қабат сайын қабырғаға әртүрлі картина ілініп, әсем гүлдермен безендіріліп, көркемделген. Басқыштар мен қабырғаларды тұрғындардың өздері кезектесіп жуып, сыпырып, тазалап, бейсауат жүрген адамдар болса, оларды да жіті бақылап отырады екен. Несі бар, құптарлық әрі үлгі алатын іс емес пе?
Қалалар мен ауылдардағы проблема да – осы айта беретін тазалық мәселесі. Көп жерде тұрғындардың өздері күл-қоқыс тастайтын орындардың түрлі жұқпалы аурудың ошағы екенін ескермей, проблемаға жеңіл-желпі қарайды. Қолқаны қабатын сасық иісі өз алдына, айналасы толы энергетикалық сусындардың қалбыры, пластикалық бөтелкелер, целлофан қалталар. Көпшілігіміз коммуналдық шаруашылық мекемесінің қызметіне сеніп алғанбыз. Ал олардың жыл он екі ай бойы шаруалары шашетектен екенін ескере бермейміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында әділетті Қазақстанды құрамыз десек, ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керегін, әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ екенін қадап тұрып айтқан еді. Жоғарыда айтқан тазалық та осы талаптардың бір парасы екені даусыз.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
еңбек ардагері
Түркістан облысы
Ана тіліміздің тынысын кеңейткен
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз тектен-тек айтылмаған. Сондай хаты қалар ғалымның бірі – оңтүстіктегі Түлкібас ауданының тумасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Есбол Жамалбеков. Ол өзі өмір бойы зерттеп өткен топырақтану ғылымын қазақша сөйлетуге үлкен үлес қосты. Ғалым өзінің еңбектерін кеңестік кезеңнің өзінде-ақ негізінен ана тілінде жазуды дағдыға айналдырды. Олардың кейбірін атай кетсек, «Тіршілік тірегі», «Суармалы топырақ және оны мелиорациялау», «Жер – ырыс кіндігі», «Құнарлы жер – құтты мекен», «Жер құнары – өмір нәрі», «Қазыналы түбек», тағы басқалар.
КСРО дәуірлеп тұрған тұста Қазақстан ғылымы, қазақ ғылыми жұртшылығы одақта алдыңғы қатарда болды деп айта аламыз. Бірақ тәуелсіздік алар қарсаңда техника және технология, инженерия, жаратылыстану, ауыл және мал шаруашылығы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарында қазақ топтары ашыла бастаса, аталған салалар бойынша қазақ тілінде жазылған оқулық жоқтың қасы болатын және өз дәрісін жоғары деңгейде қазақша оқи алатын оқытушы да саусақпен санарлық еді.
Мысалы, 1990 жылы ғылымның әр саласынан алғаш рет қазақ тілінде конференция өткізбек болған тұста «ғылымды қазақша баяндау мүмкін емес» дегенді академиктеріміз талай рет айтқан да еді. Ғалымдарымыздың көпшілігі ауылдан шыққан, таза қазақ тілді болғанымен, өз еңбектерін өз тілінде жаза алмайтын күйге түскені ащы да болса ақиқат. Керек десеңіз, ғылымды қазақ тілінде жазу, жариялау, ол еңбектің кең көлемде таралып, оқылып, танымал болуының қиындығына қоса, кеңестік кезеңде жоғары ақыл-ой жемісі саналатын ғылымды тұрмыс аясымен шектеліп қалған қатардағы көп тілдің бірінде жазу дұрыс та, мүмкін де емес саналып, бұлай ету ғалымның кемшілігі, бәсінің төмендігі ретінде қаралғаны да белгілі.
М.Ломоносовтың Мартин Шейн атты бір замандасы: «Маған орыс тілінде бір дәріс оқығаннан, латын тілінде он дәріс оқыған әлдеқайда оңай» деген екен. Олай болса, ғылымды қалыптаспаған, дағдыланбаған тілде жазу, баяндау істерінің аса күрделілігін ескеріп, бүгінде 90 жылдығын атап өткелі отырған Е.Жамалбеков сынды ғалымдардың бұл реттегі ерен еңбегін лайықты бағаласақ керек.
Ыспандияр АҚАЙҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы
АЛМАТЫ
Қала келешегіне үмітпен қараймыз
Өзім Шар қаласының тумасымын. Қала аудан орталығы мәртебесіне ие болып тұрған тұста жағдайы айтарлықтай жақсы еді. Өйткені онда локомотив депосы секілді халқының басым бөлігі сонда жұмыс істеген өндіріс орны бар еді. Үлкен ағам сол кәсіпорында машинистің көмекшісі болып еңбек етті. Сондай-ақ депоға қарасты футбол командасында доп тепті. Жақсы аяқдопшы саналатын.
Түрлі мекеме мен қала құраушы аталған кәсіпорын ешкімге керексіз болып жабылып қалғаннан кейін елді мекеннің де берекесі кете бастады. Жұмыс жоқ, күнкөріс қиындаған соң қала халқының көбі тіршіліктің қамымен басқа жақтарға көшіп кетуге мәжбүр болды. Ал қозғалмай орнында қалғандар жоқтан бар жасап, күндерін көріп отыр.
Осындай проблемаларды, атап айтқанда, локомотив депосын қалпына келтіру, қаладағы вокзалға жөндеу жұмыстарын жүргізу, пойыз тоқтайтын жерге платформа қосу сияқты мәселелерді тікелей өзіне жеткізбекші болып, осыдан біраз бұрын Көлік министрі М.Қарабаевтың қабылдауына жазылған едім. Марат Кәкімжанұлы «Сен кімсің?» деген жоқ, көп күттірмей-ақ қабылдады. Онысына алғыстан басқа айтарым жоқ, ризашылығымды еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы жеткізгенді жөн көрдім.
Қабылдау кезінде министр мәселелерді қарастыруға тырысатынын айтты. Көп кешікпей Алматыдан, Астанадан арнайы комиссия жіберді. Сөйтіп, «Қазақстан темір жолы» арқылы біраз шаруа атқаруға мұрындық болды. Әсіресе вокзал ғимаратының жаңғыртылуы көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тек қабылдау кезінде айтқанындай, локомотив депосын қалпына келтіру үшін көп жұмыс атқарылуы керегін түсіністікпен қабылдадық.
Зайнигүл БІЛІКОВА
Абай облысы,
Шар қаласы