Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Әуезов аудиториясы. Оқу жылының бірінші күні. Бірінші сабақ. Мінберге көтерілген ұстаз лекциясын бастап кетті. «Асылы, жер бетінде университет секілді қастерлі орын сирек. Университет – адамдар зердесінде ұшқын атып, жалын шашып, мәңгілік маздап тұрған Прометей оты. Бұл аз. Университет – елдің есеюі.
Қазақ университетінің білім мен тәрбие, ғылым мен мәдениет тарапындағы өлшеусіз қасиеттерінің үстіне айырықша бір аяулы жайы бар: заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің жарты ғұмыры осында өтті.
Қазақ университетінде біз де оқыдық. Бірақ біздің бүгінгі шәкірттерден бір айырмамыз, аздап мақтаныңқырап айтсам, артықшылығымыз – Мұхтар Әуезовтің лекциясын тыңдағанымыз дер едім. Несін айтасыз, ғажап еді ғой!..»
Бітімі келісті, шашы бурыл тарта бастаған, жігіт тұлғалы сергек ұстаздың жарқын жүзі мен жазық маңдайынан да, аялы жанарынан да ерекше бір жылылық, кісілік парасат нұрының жаймашуақ жайлы сәулесі таралады. Ұстаз аузынан шығатын әр сөз сылдырсыз, сыңғыр қаққан күміс үндерден ғана түзілгендей ерекше әуезді естіледі.
Ұстаз ұлттық университет, ұлттық университеттің кемел профессоры Мұхтар Омарханұлы Әуезов туралы айтты. Лектордың үнінде де, сөзінде де, мәнерінде де университет пен Әуезовке деген шексіз құрмет, сүйіспеншілік бар.
Лектор сөзі көз алдымызға ғұлама ұстаз Мұхтар Әуезовтің тұлғасын елестетті. Ұстаз сөзінен туған әсер құшағында отырып, әлгі елеске бек құрметпен қарадық: ұлы жазушы, шынында да, «баппен аяңдап, жарқыраған кең маңдайын кере ойланып» келе жататын сияқты. Лектор біздің университетті бітіргенде алып шығатын біліктілігіміздің жайына ойысты да, бұл орайдағы ойларын тағы Әуезов ұлағатымен ұштастырды.
«Сөз өнерінің інжу-маржаны, қазақ әдебиетінің шыңы, Шекспир мен Гете, Достоевский мен Толстой, Горький мен Шолохов шығармалары секілді бүкіл әлемдік классикаға айтулы үлес боп қосылған «Абай» эпопеясын туғызған Мұхтар Әуезов өзінің ұстаздық ісін көркем сөз ұстасы ретіндегі суреткерлік қызметімен қатар қоймаса, төмен қоймайтын. «Ұстаздық – ұлы нәрсе!» дейтін ол».
Университет, оның ғұлама ұстазы Мұхтар Әуезов, болашақ кәсібіміз секілді үш асылды түгелдей өзімізге тән деп ұқтық па, әлде осы үш асылдың қадіріне жетуді парыз тұттық па, аудиториядағы елу бала сабақ аяқталып, ұстаз мінберден түсіп, шығып кеткеннен кейін де, едәуір уақыт үн-түнсіз, өзімізбен-өзіміз қалған едік.
Сабақтан алған білім мен әсерімізді бойымызға әлі де толық сіңіре қоймай, толқулы отырған сәтіміз еді бұл. Көңіліміздің бір аймағында «әттеген-ай, Әуезовтен оқи алмай қалғанымыз-ай» дегендей алаңдаулы күй де бар. Алдымыздағы бір сөзінен бір сөзі озып, бір ойынан екінші ойы асып түсіп жатқан өнерпаздың өзі: «Мұхаңдай шешен адамды өз басым ғұмырымда көріп-білген емеспін. Мінберде, не кафедрада күркіреген өзенше тасып, яки толассыз сіркіреген ақ жаңбырша төгіліп тұрушы еді», деп өзі де сөзін бірде бұлақтай мөлдіретіп, бірде гүлдей үлбіретіп толғап, шын тебіреніп тұрғанда, қалай алаңдамайық.
Бізді қуанта отырып ойлы күйге түсірген ұстаз сол кезде қырықтың қырқасына шыққанына көп бола қоймаған Зейнолла Қабдолов еді. Одан бері де Зекең бізге «Әдебиеттану ғылымының негіздері», «Әдебиет теориясы» пәндерінен лекция оқыды. «М.Әуезовтің шығармашылық лабораториясы», «Жазушы шеберлігі» атты арнаулы теориялық курстар жүргізді. Ұстаздың лекторлық шеберлігінің кейбір сырларына сол тұстарда ғана қаныға бастадық. Көркем әдебиет жайын айта ма, әдеби шығарма сырын таныта ма, әдеби үдеріс тереңіне тарта ма – аталған салалардың қай бабын барлағанда да, лектор өз пікірін, теориялық толғамдарын логикалық тұрғыда жеткізе дәлелдеп қана қоймай, ұсынар ойын шәкірттерінің алдына жанды суретке айналдырып, үкілеп алып шығып, сана мен сезімге қатар от берер еді. Сол сабақтардың қай-қайсысында да ұстаз біздің елу баланың ақыл-ойын, түйсік-сезімін тұтас баурап, аудиторияны қалауынша билеп алып кетуші еді. Әуелдегі «әттеген-ай, Әуезовтен оқи алмай қалғанымыз-ай» деген өкінішіміз де сейіле бастап, оның орнын Зейнолла Қабдоловтың әр сабағынан жаңа мазмұн, жаңа әсер тауып, серпіле беретін тебіреністі күй алды.
Ұстаз лекциясының мұншалықты бағындырушы, билеп-төстеуші, сонымен қатар баурап алушы құпия қуатының сырын білуге ықыласымыз ауып, кей күндері сабаққа сыншы, бақылаушы көзімен қарауға бекініп келіп жүрдік. Бірақ лекция бастала бере-ақ, бақылағыштығымыз, сыншылдығымыз жайына қалып, бар ықылас-ынтамызбен маңыз бен мәнге, сыр мен сезімге толы бір әсем әлемге, әдебиет әлеміне еніп кете барар едік. Ұстаз бұл ерекше әлемді аудиторияға өзімен бірге ала келе ме немесе аудиторияның өзін сол әлемге алып бара ма – оны тап басып, дәл айту қиын болатын. Мұндайда бақылаушы, сарапшы болып отыру мүмкін емес-ті. Кейін аңғарсақ, студенттерді таң ғылып, табындырып алатын әдебиет те, оның ғажайып әлеміндегі абзал арман, асыл мұрат та, ойдың биіктігі мен сезімнің тазалығы да аудиторияға ұстаздың өзімен бірге келеді екен. Зекең сабағы әдебиеттің өзіне, сөз өнерінің өзіндей әдемі, әсем, сырлы да нұрлы әлемге айналып кету сыры осында екен...
Оқу жылының басы. Күз. Зекең кафедра мүшелерінің бірнешеуін лекциясына алып барды. Лекциясын Әуезов аудиториясында қайта тыңдап отырмын. Бұл жолы бұрынғыдай студент емес, филология ғылымдарының докторы, профессормын. Бірақ Зекең сабағын бастай бере-ақ баяғы балдай күйіме қайта түскендеймін...
Университеттің еңселі, кең, жарыққа толы Әуезов аудиториясында шәкірттер иін тіресіп отыр. Мінберде – академик Зейнолла Қабдолов. Зейнолла Қабдоловтың оң жағында биік тұғырда, маңдайы жарқырап М.Әуезовтің өзі тұр. Лекция жазушы еңбегінің ерекшелігі, оның өмір шындығынан өнер шындығын жасау шеберлігі туралы.
Лекция тақырыбына қатысты әлемдік эстетикадағы арғы дәуірден, Аристотельден бермен қарайғы қадау-қадау теориялық қағидалар мен көне және кейінгі замандағы дүниежүзілік классикалық өнер ескерткіштерін өзара өзектес, кейде сатылап, кейде қатар таратып айтып келеді. Әуелгіде әр қалыпта отырған студенттер бірте-бірте еңселерін тіктеп, көзімен де, көңілімен де ұстаздарының сөзін бағып қалған. Лектор «Шегірен былғарыны» Бальзак бастан-аяқ қайта жазғандай, тоғыз рет адам танығысыз өзгеріске ұшыратса, Гоголь «Өлі жандардың» екінші кітабын қолжазба күйінде отқа жағып жіберіп, бастан-аяқ қайта жазғанын, ал «Ревизорын» бес рет өңдегенін, Флобер «Иродиадасын» он рет, Горький «Анасын» алты рет түбегейлі өзгертіп, жетілген үстіне жетілдіре білгенін толғай келіп, тыңдаушыларын әдеби шығарманың алуан түрлі прототиптері мен типтерінің арасына алып барды. Одан әрі жазушы лабораториясына, жазушы шығармашылығының психологиясына тереңдей бастады. Жазушы еңбегінің психологиясы мен жұмыс тәртібі туралы ойлар өзара тоғысып, сабақтаса бергенде, студенттер таңданулы күйде, толқып отырған еді. Қайсыбір жазушылардың жазу дағдысы, әсіресе кейбір қаламгерлердің өз бөлмесіне өзін қамап қойып жазу әдеті, енді біреулерінің өз кейіпкерімен өзі сөйлесіп, ой таластыруы, ал Г.Флобердің Бовари ханымның у ішіп уланып өлген сәтін суреттеп отырып өзінің де уланып қалғаны, дәрігердің көмегімен ес жиғаны студенттер үшін тосын, тіпті шектен шыққандай ерекше жағдай еді. Аудиторияда қалыптасқан осындай ахуалдан кейін лектор жазушы, жазушы еңбегі, әдебиет туралы ойларын жинақтап, мынадай тұжырым жасайды: «Міне, жазушы деген! Оның тағдыры да, тіршілігі де түп-түгел бейнет – ар ісінің азабы. Бір күн емес, бүтін бір ғұмыр. Ғұмыр бойы...
«Әдебиет – ардың ісі» десек, жазушының тағдыр-талайына құдай жазған нәрсе – ар ісінің азабы. Шын суреткер сол азаптан шығады, шынайы шығарма сол азаптан туады. Қаламгер шеберлігінің өзі – сол, оның сөз үстіндегі жанқияр еңбегі, көрер бейнеті, тартар тауқыметі».
Осы секілді жазушы еңбегінің шетсіз де шексіз, сөз өнеріне тұңғыш ден қою сәтінен соңғы демі таусылғанға дейін, толассыз созылып жататын қиын да күрделі әрі құпия сырға бай тұңғиығы туралы жүректен қозғаған сөз тұтас аудиторияның ойын оятып, сезімін серпіп салған. Қай тұстарда ұстаздың қызып, жанып айтқан ойлары тыңдаушысын да жалынша лаулатып, ақылын тасытып, жүрегін тебіренткендей. Сөйтіп отырғанда, студенттер ортасында бір ерке мінезді қыз жазушыларға жаны ашып: «Ағай, жазушы болу, жақсы жазу деген сонша қиын екен, өйтіп өліп-өшіп азап шеккенше, жазбай-ақ қоюға болмай ма?» деп, қалам иесінің азабы мен бейнеті жанына батқандай болып еді.
Оған берген жауабы жазушы еңбегінің тағы бір қырын ашып берді. Көпшілігінің ұғымынша, қаламгер шығармасын жазуға мүмкіншілігі болған уақытта жазатын сияқтанатын. Ұстаздың айтуына қарағанда, нағыз қаламгер қашан жазбауға мүмкіндігі болмаса, сол уақытта жазатын болып шықты. Нағыз өнер туындысы да өмірге осылай келмек екен.
Ұстаз қорытынды пікірлерін К.Паустовскийдің «Алтын раушан» повесіне сүйеніп түйіндеді. Студенттерді, әсіресе Шәметтің алтын раушан, бақ құсы туралы арманға, аңсауға толы аңызы мен оған жету жолындағы бейнеті ерекше толқытқан-ды.
«Алтын раушан» кейіпкері Шәмет Мексика соғысында қатты ауруға шалдығады. Полк командирі әйелі қайтыс болған кісі екен, сегіз жасар кішкентай қызы Сюзаннаны өзімен бірге алып жүріпті. Полк соғыс жағдайына көшкен соң, командир әскерден денсаулығына байланысты босатылған Шәметке Сюзаннаны елдегі қарындасының қолына тапсыруды аманат етеді.
Шәмет жол бойы кеме үстінде Сюзаннаның көңілін жұбатып, түрлі әңгімелер айтады. Сол әңгімелердің ішінде алтын раушан туралы аңызды Сюзанна ұйып тыңдайды. Саф алтыннан жасалған гүлдің дүниеде өте сирек кездесетіні, абзал жандар сыйға тартқан алтын раушаны бар үйде бақ-дәулет, құт-береке болатыны, алтын раушанды ұстап көргендер, тіпті оған саусағының ұшын тигізген жан да аңсаған арманына, мұратына жететіні, бағы ашылатыны туралы ой желісі Сюзаннаға қатты әсер етеді. Шәмет аман-есен елге жетіп, командирінің қарындасына Сюзаннаны өз қолымен тапсырады.
Әскерден босанып, Парижге келген Шәмет қартайғанша қайыршылық жағдайда күн кешеді. Күндердің күнінде ол кенеттен Сюзаннамен бетпе-бет кездесіп қалады. Сюзанна әкесінің көзін көрген Шәметтің халін біліп, өз жайын айта отырып, бала кезінде естіген аңызды есіне алады. Қоштасарда: «Маған бір жан алтын раушан сыйға тартса ғой. Мұратыма жетер ме едім. Сенің кемеде айтқан аңыз-әңгімең әлі есімде», деп қамығады.
Сюзаннаның әңгімесі Шәмет қарттың көңілін толқытады. Ол енді қалған өмірінде Сюзанна қыздың мұратына жетуіне жол ашатын алтын раушан жасауға бел буады. Зергерлік шеберханалардың күні бойы жиналған шаң-тозаңын қоқсық жинайтын қорапқа тастамай, лашығына таси бастайды. Сол шаң-тозаңның арасынан күн сайын алтын ұнтағының түйіршіктерін іздейді. Ақыры, осы жолмен жылдар бойы жинаған алтын ұнтақтарынан Шәмет бейбақ арман еткен алтын раушанына жетіп тынды. Шәмет алтын раушанды сыйлау үшін Сюзаннаны іздейді. Оның басқа елге біржола кетіп қалғанын естиді. Шәмет енді алтын гүлді жастығының астына қояды, басын жастыққа қояды. Көзі ілініп кетеді. Өмір қажытқан қарт солдат содан оянбайды.
Ұстаз Шәметтің алтын раушанының жасалуы мен шынайы әдеби шығарманың дүниеге келу сыры арасында жақындық барын нұсқады. Жазушының болмыстағы шындық құбылыстардың қалың тобынан жасығын емес, асылын ғана таңдап, талғап алуы, сөйтіп жазатын көркем шығармасына тек соны ғана арқау етуі туралы теориялық ойын тиянақтады.
Алтын раушан туралы толғаныстар арқылы лектор студенттердің жаңа теориялық ұғымдарды толық игеруін қамтамасыз етті. Олардың әдемі арман-тілектерін де тербетіп, барша жұртқа ерекше бір аңсаулы, ынтызар күй, тебіренулі хал кештіріп қойды. Сол сәтте аудиторияның жүрек лүпілін ұғып, оның жүзіне алаулап шыға келген алқызыл нұрға көзі түскен жан әр студенттің көкірек көзінде бір-бір алқызыл раушан гүлі ырғалып тұрғанын сезер еді.
Аудиториядағы әр студенттің көкірек көзінде ырғалып тұрған алқызыл раушан гүлін мен «Жүректегі нұр» деп атадым. Кейінірек «Қабдоловтың алқызыл асыл раушаны», «Менің университетім», «Әуезов аудиториясы», «Ұстаз», «Прометей оты» дедім. Әрине, мәселе атауда емес, оған негіз болған қасиетте, аудиторияның жүзінде алаулап тұрған алқызыл нұрдың мәнісінде еді.
Аудиторияның жүзінде алаулап тұрған алқызыл нұр, бәлкім, ұстаз сабағындағы ой мен сезім тереңдігінен, парасат биіктігі мен пайым кеңдігінен туатын болар. Немесе лекция жүйесіндегі жалпы мен жалқының, дәлелділік пен бейнеліліктің, ғылым мен өнердің тоғысуы мен табысуынан жасалар. Шәкірт көңілінен әлгіндей раушан гүлдетуге ұстаз, мүмкін, күнінің нұры мен түнінің тыныштығын, көктемінің қызуы мен жазының жарығын, бойы мен ойындағы бар қуат-күші мен қабілет-мүмкіндігін, әйтеуір жаны мен жүрегіндегі, ары мен тәніндегі бар асылын, бүкіл ғұмырын арнау, зейнетінен бейнеті мол толассыз еңбегін түгел жұмсау арқылы барып жететін болар. Оның бәрін саралап, сараптап шығуға сананың сарабдал саралығы да, сезімнің үлп етпе мөлдірлігі мен сергектігі де жеткіліксіз. Қабдоловтың алқызыл раушанының жайқалу сырын сол тұста терең танымағанмен, алқызыл раушанның әр көкіректе жайқалып тұрғанын көрудің өзі-ақ көңілге керемет бір нұрлы шуақ таратар еді.
Университет профессоры, сөз өнерінің ұстасы, әдебиеттің тарихы мен теориясының терең білгірі, ғұлама ұстаз әр сабағында шәкірттеріне көл-көсір білім беріп, ақыл-ойын байытумен бірге олардың аяулы сезімін де аялап, тербетуші еді. Бір кездері М.Әуезовтің лекциясын тыңдап отырғанда қандай күйге түсіп, қалай толқыса, енді аудиториядағы әр шәкіртті абзал арман, асыл мұрат шуағына өзі бөлеп, білім нұрының құшағында балқытатын, кісілік пен ізгіліктің кіршіксіз, әсем әлеміне өзі алып шығатын болды. Ұстаздың әр сөзі үлгіге, әр ойы өнегеге айналды. Мұндай биікке шығып, мұндай қасиет тапқан жан, біздің білуімізше, тарихта өте сирек. Ғұлама ұстаз қасиеті шексіз білім мен шетсіз шешендіктің, телегейдей терең ой мен парлаған парасаттың, асыл адамдық пен нағыз азаматтықтың өзара балқып тоғысқан, сөйтіп бүтін бітімге айналған тереңінде ғана бойға бітіп, ойға қонады. Табиғаттан асқан жомарт жоқ. Бірақ ол мұндай нағыз ғұлама ұстаз қасиетін өмірде ілуде біреудің ғана басына береді. Ондай баста баққа бергісіз дарқан дарын, асқан талант болады. Біздің заманымыздың дарыны дарқан, таланты асқан айрықша айбынды ғұламасы һәм суреткер ұстазы Зейнолла Қабдолов болды.
Зейнолла Қабдолов шығармашылығында, ғылыми, көркем және оқытушылық қызметінде парасаттылықты, суреткерлікті, шешендік өнер өрнегін интеллектуалдық бір ғана күрделі қасиетке айналдыра алған Қазақстан жоғары мектебінің дара тұлғалы, ұлық ұстазы еді.
Ұстаздың ұлттық университет аудиториясында оқыған әр дәрісіндегі ой мен пікірдің тереңі мөлдір сезім мен асыл сырдың жанға рақат теңдессіз тамаша самалымен толқынданып, тербеліп тұрды. Университетте, аудиторияда өткен жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ұстаз алдынан көңілін аршып, жүрегін нұрға, ойын сырға толтырып, жанын байытып, қаншама жас қанат қақты, солардың көкірек-көзінде Қабдоловтың алауын маздатқан алқызыл асыл раушаны қанша рет қауызын жарып, жұпарын шашты, қаншама жастың сезімін аялады.
«Асылы, Жан-Жак Руссоның байлауы дұрыс, – дейді ұстаз. – Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Бірақ бұған өкінбеу керек. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе».
Ұстаз лекциясын аяқтады...
Университет аудиториясы ұстаздың ақ алауын маздатқан қастерлі отаны десек, артық емес. Өйткені ұстаздың өзі сол аудиторияда өніп, сол аудиторияда өсті, өркен жайды. Ұстаз әр күні соны ойлап, соған асықты, жарықты содан алды, жылуды содан тапты. Сондықтан да халқының алдында: «Асылы, жер бетінде университет секілді қастерлі орын сирек», деп толғанды. Аудиториядағы мың сан жас буынның көкірегіне жарық берді, жан жылуын да төкті.
Адамның адамнан алатын, адамның адамға беретін сыйының асылы – білім. Адамның адамшылығының өзі оның адамнан алған және адамға берген білімінде. Аспан асты мен жердің үстінде білім беруден асқан ұлы іс табу оңай емес, сол аспан мен сол жердің ортасында білім берушіден асқан ұлы тұлғаны табу да сондай қиын.
Есімі ел аузында аңыз болып таралатын, ұлағаты, өмірлік өнегесі елінің, жас өркеннің мерейін өсіретін, мақтанына айналатын жайсаң жандар мен тамаша таланттар, даралар мен даналар Ұлттық университеттің Әуезов аудиториясындай кенді кенішінен өніп шығады.
Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор