• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2015

Азаматтық белсенділіктің айнаcы

262 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысына ел Президентінің кезектен тыс сайлауының өту барысын сырттай қарап, байқау үшін келген қонақтардың арасында әлеуметтік зерттеу жүргізушілер де бар. Біз Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының менеджері Меруерт НУГИЕВАНЫ сөзге тартқан едік. – Меруерт Алыбегқызы, Маңғыстау өңіріне қош келдіңіз! Сайлау барысында жүргізетін зерттеулеріңіздің мәні қандай? – Рахмет. Біздің әлеуметтік-саяси зерттеулер институты Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы кезінде EXIT POLL әлеуметтік зерттеу жүргізуде. EXIT POLL – сайлау учаскелерінен шыққаннан кейін жүргізілетін әлеуметтік зерттеу. Яғни, зерттеу әдістемесі сайлау учаскелерінен шыққаннан кейін қойылатын сұрақтардан тұрады. Бүгінде аталмыш зерттеу бүгін еліміздің барлық өңірлерінде жүріп жатыр, біздің институттың өкілдері барлық аймақтарда жұмыс істеуде. Зерттеу кезінде тек «Сайлау кезінде қай үміткерге дауыс бердіңіз?» деген бір ғана сұрақ береміз. Әрине, сұраққа жауап беру адамдардың өз еркінде. Біз сұрақты тек қана жауап беруге рұқсат бергендерден сұраймыз. Біз осы сұраққа жауап алу арқылы, әлеуметтік бағытта зерттеу мәліметтеріне қол жеткіземіз. – Сайлау учаскелерінде болдыңыз. Дауыс беру қалай өтті? – Сайлау барысынан жоғары кәсіби ұйымдастырушылық байқалды. Кандидатқа адам тарту немесе насихат жүргізу, басқа да сайлау кезінде болуы мүмкін заң бұзушылықтар болған жоқ. – Сайлаушылардың атсалысуын қалай бағалар едіңіз? – Дауыс беру – ол көзді жұмып қарайтын жеңіл нәрсе емес. Оның артында ел тағдыры, мемлекет болашағы тұр. Сондықтан, оған тұрғындардың көптеп келуін өздерінің осы азаматтық жауапкершілігін сезінгендігі, азаматтық белсенділігінің өскен­дігі деп айта аламын. Кәмелеттік жасқа толған жас пен еңкейген қартқа дейін сайлау орындарынан табылып, өз дауысы белгіленген бюллетеньдерді тиісті жәшікке салып жатқанын көріп, әр буын өкілдерінің ел ертеңіне бейжай қарамайтындығын, өз дауыстарының маңызға ие екендігін ұғатындығын білдім. Маңғыстауда сайлау­ ұйым­дастырылуы жағы­нан жоғары болса, оны маңғыстаулықтардың белсенділігі толықтырып, сай­лауға үлкен екпін, ерекше сән бергендей болды. – Рахмет. Әңгімелескен Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,  «Егемен Қазақстан».   Маңғыстау облысы.