Павлодарда жаңа туған сәбиден 3 жасқа дейінгі балалардың дамуына жан-жақты көмек көрсететін ерте қолдау қызметі ашылды. Психологиялық-педагогикалық қолдау орталығы негізінде пайда болған ұйымда балалар танымдық, моторикалық және қарым-қатынас дағдыларымен танысады. Орталық өңірдегі 13 түзеу кабинетінің жұмысын да үйлестіреді.
Психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеті – арнайы білім беру ұйымы. Онда кез келген ерекше бала мен оның отбасы дефектолог, психолог, логопед, тифлопедагог, сурдопедагог, физиотерапевт, өзге де білікті мамандардың көмегін ала алады. Негізгі мақсат – ерекше бала өсіріп отырған отбасыларға жақын жерден түзеу кабинеттерін құру. Павлодар облыстық психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің құрылымына 13 кабинет кіреді. Енді олардың бірінде ерте қолдау қызметі жұмыс істей бастады.
Атап өтерлігі, бұл қызмет «Дара» қорының бастамасымен, «Шеврон» компаниясының демеушілігімен ашылып отыр. Мұндай орталық еліміз бойынша үшінші болып Павлодар қаласында құрылған.
«Дара» қоры өкілдерінің айтуынша, балалардың бойындағы ауытқушылық тәуекелдерінің қалыптасуын төмендетуге бағытталған жұмыстар – еліміздегі жаңа бағыт. Қанатқақты жоба биылғы көктемде іске қосылып, бұған дейін еліміздің екі аймағында ерте қолдау қызметтері жұмысын бастап кеткен еді. Алғашқысы Өскеменде, екіншісі Атырауда, енді, міне, Павлодарда ашылып отыр. Сондай-ақ төртіншісі Екібастұз қаласында да өз қызметін ұсына бастады.
Бұған дейін психологиялық-педагогикалық қолдау кабинетіне жөндеу жүргізіліп, қажетті жабдықтар мен ойыншықтар, балалармен жұмыс істеуге арналған материалдар сатып алынған. Ал жергілікті психологтер қосымша оқытылған.
– Баланың туған сәтінен үш жасына дейінгі шағы – ең маңызды кезең. Бұл уақытта оның бойында қоршаған ортамен өзара ынтымақтасудың барлық қажетті машықтары қалыптаса бастайды. Бұл дегеніміз – сөйлеу, жүру, ересектерді түсіну, өзге де машықтар. Бұлар арқылы бала өзін қоршаған әлемді танып, адамдармен араласа бастайды. Егер осы кезеңдегі даму үрдісінде ата-анасы баланың бойынан қандай да бір ауытқушылықты байқаса, дәрігерге немесе біздің ерте қолдау қызметіне хабарласа алады, – дейді Павлодар аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің басшысы Айжан Оспанова.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, балалардың дамуындағы ауытқушылықтар сәл ғана байқалуы мүмкін. Орталықтағы арнайы оқытылған мамандар жағдайды талдап, ата-анаға тиісті нұсқаулықтар бере алады. Бала дамуындағы ауытқушылықтың алдын алғысы келетін ата-ана ондай нұсқаулықты үйде де орындай алады екен. Егер жағдай алаңдатарлықтай болса, мәселен, бала ересектердің оған қарата айтылған сөздерін анық түсінбесе, ата-анасы оны бірден ерте қолдау қызметінің терапиясына апарғаны абзал. Мұнда онымен қажетінше дефектолог, психолог, логопед немесе емдік дене тәрбиесі маманы шұғылданады.
Орталыққа психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестен өткен балалар да келе алады. Ол үшін дәрігердің жолдамасы болса жеткілікті.
– Біздің ерте қолдау қызметінің іс-әрекеті балалы отбасыларға бағытталған. Мұнда еңбек ететін қызметкерлер баламен жұмыс істеп қана қоймай, ата-анасына маңызды кеңес береді. Сол арқылы бала бойында туындауы мүмкін ауытқушылықтың қалай алдын алуға болатынын үйретеді. Нәтижесінде, сәбидің дамуына теріс әсер еткен шектеулер біртіндеп жойылып, баланы ортаға бейімдеуге және әрі қарай мектепалды білім беру ұйымдарына дайындауға ата-анасына көмектеседі. Яғни орталықтағы мамандар балалардың машықтарын қалыптастыруға жұмылдырылады. Жеткіншек өзге қатарластарына қарағанда моторикалық машықтарды тым баяу бағындырса, сөйлеу тілінің дамуы кешеуілдесе, үнемі агрессия танытып, жылауды үдетсе, ұйқысы нашар болып, тәбеті жоғала бастаса, біздің орталыққа әкелгені дұрыс. Немесе ата-аналары әлденеге алаңдап, баласының дамуындағы ерекшеліктерді танып білгісі келсе де орталыққа жүгіне алады, – дейді «Даму» қорының менеджері Айгүл Табергенова.
Заңғар ауылының тұрғыны Самал Тоқтағұлова – ерте қолдау қызметіне алғашқы болып келгендердің бірі. Үш жасар ұлы Батырхан гипербелсенді болуына, сөйлеу тілінде мәселе туындауына байланысты невропатолог маманның кеңесімен осында жіберіліпті.
– Біз бұл орталыққа екі айдан аса уақыт келіп жүрміз. Нәтижесі жақсы. Себебі баламыз гипербелсенді, бір орында байыз тауып отыра алмайды және сөйлеуінде кідіріс бар. Сондықтан осында келдік. Қазір айтқанымызды тыңдайды, сөзімізді қайталайды. Балалармен ойнап, қарым-қатынас құра бастады. Орталыққа келгенімізге қуаныштымыз. Мұнда психологпен, дефектологпен жұмыс істедік. Нақты өзгеріс байқалып жатыр, – дейді ана.
Мекемеде балаларға барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Пандус пен түрлі-түсті дыбыс бергіштер, ұстағыш тұтқалар бар, кіреберіс есігі кең. Ғимарат заманға сай арнайы жабдықтармен, әдістемелік материалдармен, әдебиеттермен қамтылып, Монтесорри кабинеті, емдік дене тәрбиесі залы жабдықталған.
«Дара» қорының өкілдері келешекте мұндай қызмет көрсету орталықтарын еліміздің барлық өңірінде ашуды жоспарлап отыр.
Павлодар облысы