Ресей Парламенті Федерация Кеңесінің мүшесі, ТМД Байқаушылар миссиясы атынан Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауға байқаушы болып қатысқан Игорь Зуга Қазақстандағы сайлауға дайындық деңгейі жоғары екендігін атап көрсетті. Оның айтуынша, ұшақтан түскеннен бастап, қонақ үйге жеткенге дейінгі аралықта дайындық барысы барлық қырынан көрініп тұрыпты. «Қазақстанда болған уақытымда сайлауға дайындық бойынша ешқандай кемшілік байқамадым. Барлығы нақты уақытымен ұйымдастырылған түрде атқарылды. Осы орайда, ұйымдастырушылық деңгейі өте жоғары деп айта аламын», – деді Игорь Михайлович.
ТМД Байқаушылар миссиясы өзінің жұмысын таңғы 5.30-да бастағандығымен бөліскен И.Зуга байқаушылар учаскелерді өз еркімен таңдағанын және оларға ешкім де шектеу қоймағанын жеткізді. Сондай-ақ, ресейлік байқаушы еліміздегі президенттік сайлауға Ресейдің барлық өңірлері үлкен қызығушылық танытып отырғанын да жасырмады. «Қазақстандағы сайлау – нөмірі бірінші жаңалық. Мен өзім Омбы облысынанмын, онда орналасқан консульдікте дауыс беру үшін сайлау учаскесі ашылған. Менің ойымша, Омбы облысындағы Қазақстан азаматтары да мұндайда үлкен белсенділік танытады», деді Ресей Парламенті Федерация Кеңесінің мүшесі.