• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 03 Қыркүйек, 2024

Президент тапсырмасын іске асыру қадамдары

51 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламенттің жаңа сессиясындағы Палата бюросының алғашқы отырысын өткізді. Онда депутаттар Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген міндеттерден туындайтын Сенаттың жұмыс жоспарын талқылады және 5 қыркүйекте өтетін Палата отырысының күн тәртібін бекітті.

Мәулен Әшімбаев ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономи­ка­лық даму келешегіне қатыс­ты тап­­­­сырмаларына назар аударып, Па­латаның алдағы жұ­мы­сы­ның жекелеген бағыт­тарына тоқталып өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев VIII сайланған Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, алда­ғы мақсат-міндеттерді белгі­леп берді. Сондай-ақ Жол­дауда еліміздің саяси және әлеу­меттік-экономикалық да­му перспективаларына қатыс­ты мәселелер айқындалды. Сенат Мемлекет басшысы жүктеген барлық міндетті іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетеді. Бұл ретте қажетті заңдардың уақтылы әзірленуі мен қабылдануын қамтамасыз ету – басты міндет. Осыған орай Жолдауда көтерілген мәселелер мен тапсырмаларды ескере отырып, Сенаттың алдағы негізгі іс-шаралар жос­парын пысықтау қажет», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар Палата спикері стратегиялық бағыт­тар бойынша қолға алынатын шаралар топтамасына назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы атап өткен еліміздегі инвестиция­лық және бизнес-ахуалды жақсарту, агроөнер­кәсіптік кешенге инвестиция тарту, ақша-несие және фискалдық саясатты жаңғырту сияқты міндеттер туралы сөз болды.

«Салық жүйесін қайта қарау және оны жаппай цифр­ландыру көзделіп отыр. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімі келесі жылға ауыс­тырылды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау, банктер және құқық бұзушылықтардың ал­дын алу туралы жаңа заң­дар қабылдау жүктелген міндет­терді іске асыру жолындағы маңызды қадам болары анық. Бұқаралық спортты дамыту, әлеуметтік саясат және ак­тивтерді қайтару бағы­тындағы заңдар да қабыл­данады. Осы орайда Сенат Мемлекет басшысы белгілеп берген барлық бастаманың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етеді», деді Мәулен Әшімбаев.

Алдағы бейсенбіде болатын Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Қырғыз Республи­касы­ның Министрлер Каби­неті арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункт­тері ауданында ин­дуст­риялық сауда-логис­ти­ка­лық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды.