Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның бюро отырысы өтті. Онда 4 қыркүйекте өтетін VIII шақырылымдағы үшінші сессиясының бірінші жалпы отырысының күн тәртібі бекітілді.
Алдағы сәрсенбіде Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитеті Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің жобасын жұмысқа қабылдайды. Бұл туралы Палатаның бюро отырысында белгілі болды.
Заң жобасында депутаттар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған салықтық әкімшілендіруді және салық режімдерін оңтайландыруға, салықтық жеңілдіктерді қайта қарауға және тағы да басқа да бастамаларды іске асыруға тиіс. Онымен бірге комитет Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері туралы ілеспе түзетулер бойынша қорытынды шығаруы керек.
Сонымен қатар бірінші оқылымда Президенттің тапсырмасы негізінде әзірленген ілеспе түзетулермен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның жаңа жобасы қаралады. Заң жобасында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша омбудсман институтын енгізу, онлайн-саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту және басқа да бірқатар норма қарастырылған.
Мәжіліске Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы, 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобалары және Астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заң жобалары түседі.
Бұдан басқа, Палата жұмысына Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Сингапур арасындағы еркін сауда туралы келісімді және оған жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді, Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді, сондай-ақ зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдауға өзге де қабілеттері шектеулі адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы заң жобалары келіп түседі.