Биыл да әдеттегідей Президент Жолдауының басым бөлігі халықты әлеуметтік қолдау саласына арналды. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел тұрғындарының әл-ауқатын көтеру мәселесін үнемі жіті назарда ұстап келеді. Сонымен қатар келесі жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игі қадам деп айтуға толық негіз бар.
Шын мәнінде, біз инфрақұрылым мен экономиканы дамыту туралы айтқанда ең бірінші кезекте білікті мамандардың жетіспеушілігі деген мәселеге тап келеміз. Барлық салада қазір осындай көрініс. Сондықтан Президент бастамасы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, елге қажетті кадрларды даярлауға арналып отыр.
Айталық, бес жыл бұрын жастарға колледжде білім алу үшін көптеген грант бөлдік. Бірақ бұл мәселені шешті ме? Шынын айту керек, жұмысшы мамандықтарына жастар көп қызыға бермейді. Оның беделі айтарлықтай жоғары емес. Тіпті грант саны мен шәкіртақының өскеніне қарамастан, колледжде оқуға ынта білдірушілер қатары аз. Сондықтан бұл Жолдауында Президент жұмысшы мамандықтарын қолдау туралы айтты. Тіпті осы саланың үздіктеріне арналған мемлекеттік наградалар енгізілмек.
Жұмысшы мамандықтарына қызығушылықтың төмендігіне ең басты себеп – жалақының аздығы. Салыстырмалы түрде айтсақ, біз бұған дейін мұғалімдердің жалақысы төмен болғанын білеміз. Соның салдарынан бұл мамандыққа көбінесе ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті балды әрең жинаған, яғни үлгерімі төмендеу түлектер келетін. Ал олардан қандай ұстаз шығады? Кейін біз салада түбегейлі реформа жүргізіп, олардың жалақысын бірнеше есеге өсіріп, қажетсіз жұмыстардан арылтқанда жағдай мүлдем өзгерді. Бүгінгі таңда мұғалім мамандығына түсіп жатқан талапкерлердің орташа жинайтын балы 100-ден асып жығылады. Сондықтан кез келген мамандықтың жастар тарапынан қызығушылық тудыруы үшін, ең алдымен, оның жалақысын көтеру керек.
Биыл жазда өңірлерде болғанымызда елімізде дәнекерлеуші, кран машинисі, су жолы қызметкері, слесарь секілді қажет мамандардың жетіспейтінін көрдік. Себебі сол – олардың жалақысы аз. Сондықтан ол мамандықтарға ешкім барғысы келмейді. Қазір Парламент тарапынан қабылданған нормативтік-құқықтық база бұл бағытта жұмыс істеу үшін жеткілікті. Заңдар бар, енді атқарушы органдар біз айтып отырған жалақы мәселесін көтеру жағымен шұғылдануы керек.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,
Мәжіліс депутаты