Қоғамда әрбір жұмысшының еңбегі лайықты бағалануға тиіс. Әсіресе адал еңбек ететін азаматтардың абырой-беделі биік болуы керек. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейінгі Жолдауларында айтты. Қазір жұмысшы мамандарға халықтың көзқарасы өзгеріп, құрметі артып келе жатқанын байқаймыз. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, еңбек адамының қоғамдағы орнын, беделін тағы бір айқындап бергендей болды.
Расында солай, мемлекеттің іргесі берік болмағы жұмысшы мамандарға да байланысты. Әсіресе ғылым-білім дамып, заман ілгерілеген сайын жұмысшы мамандарға сұраныс арта береді. Бұл өркениетке бет бұрған қоғамның ғана емес, экономиканың заңдылығы деп түсінеміз. Біз кәсіподақта жүріп, еңбек адамын қадірлеу, оның еңбегін бағалау, сый-құрмет көрсету дегенді жұмысшының әділдікке қол жеткізіп, еңбегінің лайықты бағалануы деп түсіндік. Еңбек адамына керегі сол, маңдай термен тапқан табысы өзіне, отбасына жетсе дейді. Сондықтан жұмысшы мамандардың жылында бұл мәселеге әрбір жұмыс беруші ғана емес, қоғам болып мән беруіміз керек.
Президент Жолдауда кәсіптік білім саласындағы реформа арқылы экономиканың өсімін қамтамасыз етуге болатынын айтты. Яғни келер жылы техникалық және кәсіби білім жүйесі реформаланатын болды.
«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», деді Президент Жолдауда.
Қоғамда білікті маманның бәсі жоғары. Өз кәсібін жетік білетін маманның өзі бір орында тұралап қалмай, «білсем», «ізденсем», «көрсем» дейді. «Еңбек адамының мәртебесін көтеру» деген тамаша бастама құр желге ұшқан сөз болып қалмауға тиіс. Иә, күнделікті қым-қуыт тіршілікте жұмысына атүсті қарап, жүрдім-бардым іс тындыратындар да кездеседі. Оңай олжаға кенелгісі келетіндердің барын жоққа шығара алмаймыз. Оңай табыс табамын деп от басқандар бар. Жастарды былай қойғанда, кейбір ақыл тоқтатқан ересектердің өзі «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруді қолай көріп жатады. Ал түптің түбінде адал еңбегімен, маңдай термен табыс тапқандар төрге шығады. Кәсібіне адал жұмысшы қоғамға, ұжымға сыйлы. Қазіргі заң үстемдік құрған құқықтық қоғамда әрбір азамат осыны көкейге түйсе, өмірлік қағида ретінде ұстанса деп ойлаймыз.
Тағы бір жағымды хабарды айтсақ, инженер-геологтерге, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылатын болыпты. Мұның өзі таңдаған мамандығымен жылдар бойы табан аудармай еңбек етіп келе жатқан сала үздіктерін шабыттандырады. Ертең сол марапатты алған азаматтарды жастармен жүздестіріп, кездесулер ұйымдастырып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Жастар еңбек адамдарына қарап бой түзесе, еліктесе, еңбегін бағаласа, одан еш ұтылмаймыз.
Еңбек адамдарының жайы күн тәртібіне шығып жатқанда «әр жұмысшының, мұғалім, дәрігер, орманшы, тағысын тағы мамандардың жұмысы қай кезде қадірлі болады?» деген сұраққа алаңдаймыз. Біздіңше, кез келген жұмысшының еңбегі әділдік тауып жатса қадірлі. Ол үшін бізге еңбек заңнамасын тағы бір мұқият қарап, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы міндеттер мен құқықтарды қайта реттеу қажет.
Нұрлан Өтешов,
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары