• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
ЖОЛДАУ 03 Қыркүйек, 2024

Өмірдің жаңа өрісі

84 рет
көрсетілді

Президент Жолдауы – жылдың басты құжаты. Жолдаудан қоғамда қордаланып қалған сұрақтарға жауап күтетініміз де сондықтан. Биылғы Жолдаудың басты мұраты да осы еді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі сөзі елдің көкейіндегіні дөп басты деп сеніммен айта аламыз. Неге? Жұртшылық эко­номиканың нақты секторына кредит бөлудің төмен деңгейде тұрғанын, содан барып іскерлік белсенділіктің белең алмай келе жатқанын айтатын. Президент салық саясатын қайта қарау, оны да әділеттілікке бейімдеу керек екенін ескертті. Бюджет шығынын шектеу қажеттігі де сөз етілді. Президент көрпеге қа­рап көсілмеске болмайтынын, шаш­палықтың шалағайлықпен шендесетінін атап көрсетті. Мем­лекет басшысы Еуразияның қақ ортасындағы Қазақстанның көлік инфрақұрылымын артық­шы­лыққа айналдыруға әбден болатынын нақты нұсқады.

Елдің елеңдей жауап күткен тағы бір тақырыбы – атом энергетикасын дамытудың жайы еді. Ол да айтылды. Тоқаев бұл мә­селенің су ресурстары шектеулі Қазақстан үшін стратегиялық мәселе екенін еске салып өтті. Тағ­дыршешті шаруаның шешуін елдің өзіне қалдырды әрі бұл мәселе бойынша референдум өтетін күнді белгілеп берді. Инфрақұрылымдық жобалардың ең бір толғағы жеткендеріне, әсіресе энергетика секторында­ғы ұзақмерзімді тариф саясатын қалыптастырудың жайына тоқтала келіп, жаһандық энергия тапшылығы жағдайында қуаттың сенімді көздеріне, әсіресе атом энергетикасына көңіл бөлудің маңыздылығын қадап айтты. Өз тарапымыздан әлемдегі уран қорының ширек бөлігі (ширек бөлігі Оңтүстік Африка Республикасында, қалған жартысы басқа елдерде) шөгіп жатқан Қазақстандай елде Жаратқанның бұл сыйлығынан бас тартудың көкейге қонымсыздығын, ендігі бар мәселе болашақ жобаның ойдағыдай жүзеге асуында, бұл таза экономикалық проблеманың саясилануына жол бермеуде екенін қоса айта кетер едік.

2025 жылды Жұмысшы ма­ман­дықтары жылы деп жария­лау жөніндегі шешім де көптің көңілінен шығары сөзсіз. Бұл арқылы жұмыс адамының, кәсіп иесінің абыройын көтереміз, еңбектің қадір-қасиетін арттырамыз. Өмірді өзгертетін – тек еңбек. Еңбек бар қиындықты жеңбек. Бар игілік тек еңбекпен келмек.

Жолдаудан өзіміз іздеген талай сұраққа жауап таптық, бұл құжат алға қойған тың талаптар ойдағыдай орындалған жағдайда өміріміздің жаңа өрісін аша алады  дейтініміз де сондықтан.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты